Аягөзде алғаш рет электрокардиостимуляторды орнату отасы жасалынды

Dalanews 25 февр. 2021 13:07 975

Аягөз ауданаралық ауруханасының Кардиологиялық орталығының дәрігерлері алғаш рет науқасқа электрокардиостимуляторды орнату бойынша операция жасады, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кардиохирург және ангиохирург дәрігер Тимур Өтеғалиевтің айтуынша, 88 жастағы науқас жүрек пен кеуде тұсындағы ауырсыну, ентігу және III дәрежелі АV-блокада жүрек ырғағының бұзылуы белгілерімен түскен. Бұған қоса, жиі есінен танып, жағдайы нашарлай түседі. Сондықтан дәрігерлер жүректің дұрыс жұмыс істеуі үшін электрокардиостимуляторды шұғыл имплантациялау туралы шешім қабылдады.

Бүгінгі таңда әже өзін жақсы сезінеді, жағдайы тұрақты, жүрек-тамыр ауруы мен жүрек ырғағының белгілері қалыпқа келді. Реанимациядан жалпы палатаға ауыстырылды.

Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстанның екі ауданында инсульт орталықтары, сондай-ақ ангиография бөлімшелері ашылды. Аягөз ауданында өткен жылдың күзінен бастап ми ангиографиясын да жүргізе бастады.


Тимур Өтеғалиевтің ақпараты бойынша бүгінде 300 коронаграфиялық зерттеу жүргізілді. Оның ішінде 150 коронарлық артерияны стенттеу, сондай-ақ 20 церебральды ангиография, церебральды артерияны стенттеу бойынша үш және екі тромбоэкстракциялау, 10 шеткергі ангиографиялық зерттеу, екі шеткергі артерияны ангиопластикалау жүргізілді.

Рекомендовать
Последние новости