Израильдің бұрынғы байланыс министрі Аюб Кара жақында Jewish News Syndicate (JNS) басылымында Қазақстан мен Әзербайжанның «Авраам келісіміне» қосылу ықтималдығын саралап, екі елдің Израиль және АҚШ-пен әріптестігін тереңдетуге мүмкіндігі зор екенін жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Автордың пайымынша, Қазақстан мен Әзербайжан мұсылман халқы басым болғанына қарамастан, Израильмен ашық әрі белсенді байланыс орнатқан мемлекеттер. Соңғы жылдары аталған елдердің Израильмен қарым-қатынасы стратегиялық деңгейге жетіп, ынтымақтастық экономикалық және қорғаныс салаларына дейін кеңейген.
Қазақстанның Израильден ауыл шаруашылығы мен медициналық инновациялар, су тұщыландыру құрылғылары және заманауи қару-жарақ жүйелерін алуға қызығушылығы зор. Әзербайжан болса Израильмен қорғаныс пен байланыс саласында ерекше тығыз әріптестік орнатқан. Қазір екі мемлекет те Израильге энергия көздерін, атап айтқанда, мұнай мен газ жеткізіп отыр.
Аюб Караның айтуынша, «Авраам келісіміне» қосылу арқылы Қазақстан мен Әзербайжан технологиялық тұрғыда Израильмен қатар АҚШ-пен де тығыз байланыс орнатып, аймақтағы ықпалын нығайта алады.
Әсіресе, екі елдің геосаяси орналасуы бұл қадамның стратегиялық мәнін арттыра түседі. Әзербайжанның Ресей мен Иран секілді алып көршілері бар, ал Қазақстан болса Қытай мен Ресейдің арасында орналасқан және Иранның ықпалынан тыс емес. Аймақтағы осы үш алпауыт держава Шығыс-Батыс сауда жолдарын бақылауда ұстайды. Сондықтан Орталық Азия елдері сыртқы саясатта көпвекторлық ұстанымды басшылыққа алған.
Автордың бағалауынша, аталған келісімге қосылу Қазақстан мен Әзербайжанның аймақтағы ұстанымын күшейтіп, Ресей, Қытай және Иран секілді державаларға қатысты позициясын нығайтуға жол ашады.
Әзербайжан үшін Иранмен арадағы шиеленісте сес көрсететін күшке айналуы ықтимал. Өйткені Тегеран Бакуге қарсы астыртын әрекет жасап, Арменияны қолдаумен қатар, Әзербайжандағы еврей нысандарына қатысты экстремистік жоспарлар құрып келеді деген деректер бар.
Ал АҚШ тұрғысынан Әзербайжанның келісімге қосылуы Иранды тежейтін тетіктердің біріне айналуы мүмкін. Себебі, Иран аумағындағы ең ірі этникалық азшылық әзербайжан ұлтының ықпалы арқылы Вашингтон Иранға қосымша қысым жасаудың мүмкіндігін иеленеді.
Қазақстан туралы сөз қозғағанда автор елдің Қытай мен Ресейге тәуелділікті азайтуға мүдделі екеніне назар аударған. АҚШ және Израильмен ынтымақтастықтың нығаюы Қазақстанның Еуропаға бағытталған балама экспорттық дәліздерді дамытуына ықпал етер еді.
Соның ішінде Каспий арқылы Әзербайжан аумағымен өтетін «Орта дәліз» жобасы маңызды орын алады. Осылайша, Қазақстан мен Әзербайжан еуропалық нарыққа ресейлік мұнайдан бөлек энергетикалық балама ұсынып, АҚШ-қа Қытайдың ықпалынан тыс сирек кездесетін құнды минералдық ресурстарға жол аша алады.
Кара мақаласында түркілік ынтымақтастық мәселесін де ерекше атап өткен. 2023 жылдан бері Қазақстан мен Әзербайжан түркітілдес елдер коалициясын құруға белсене кірісті. Ортақ тіл, тарих пен мәдениетке негізделген бұл бірлестік Түркиядан Қырғызстанға дейінгі аймақты қамтиды. Екі ірі түркі мемлекетінің «Авраам келісіміне» қосылуы аймақтағы басқа елдерге де үлгі болып, Израильдің мұсылман әлемімен байланысын нығайта түседі деген болжам бар.
Қорытындысында автор Қазақстан мен Әзербайжанның келісімге қосылуын «барлық тарап ұтатын» стратегиялық қадам деп бағалайды. Израиль жаңа әріптестер табады, АҚШ Еуразияда сенімді серіктестерге ие болады, Еуропа энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, аймақтағы елдер технологиялық және дипломатиялық мүмкіндіктерге кеңінен қол жеткізеді. Сондықтан автор осы мүмкіндікті дер кезінде тиімді пайдалануға шақырады.