Әулиеата өңірінің әлеуеті: өркендеу жолында қандай өзгерістер бар?

Асхат Қойшығараұлы 17 июн. 2024 12:33 3743

Аймақтардың дамуы ел экономикасының ілгерілеуінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, артта қалған өңірлерге айрықша назар аудару қажет-ақ. Сол себептен де Жамбыл облысының экономикасына жаңа инвестиция тарту, өңірдің өндірістік әлеуеті нығайту, су тапшылығын жою бағытында қандай шаралар қабылданып жатқанын зерделеуге тырыстық. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жел энергетикасы жобаларын жүзеге асыру және өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен құру жоспарлары туралы саралап көрдік.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа экономикалық бағытты белгілегеннен кейін Әулиеата аймағына Ербол Қарашөкеев әкім қызметіне келді. Бұған дейін ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне жетекшілік етті. Оның пайымынша, Президент Жолдауында атап көрсетілгендей, жаңа экономикалық модельге көшу кезінде тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын нақты арттыру бірінші кезектегі міндет болуы тиіс. «Біз ауылдық жерлерге ерекше мән беріп келеміз. Жамбыл облысы дәстүрлі түрде субсидияланатын аймақ. Облыстың меншікті кірістері барлық шығындарының орта есеппен 20 пайызын ғана жабады. Жеке кірісті арттыру үшін экономиканың барлық салаларында тұрақты өсуді қамтамасыз ету қажет, оның ішінде жаңа өндірістерді құру үшін инвестицияны көбірек тарту керек», - деп түсіндірді Ербол Шырақбайұлы.

Жауапты шенеуніктің сөзіне қарағанда, аймақ экономикасы үшін қуатты индустриялық базаны қалыптастыру оның үш жетекші секторына негізделетін болады: химия өндірісіне баса назар аударатын өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығын терең өңдеуге бағытталған агроөнеркәсіптік кешен және жаңартылатын энергия көздерінің қарқынды дамуына негізделген энергетика. Яғни, өңірдің өндірістік әлеуетін кеңейтіп, бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартуға баса назар аудара отырып, ілгерілеуге тың серпін беру қажет.

Бүгінгі таңда аталған облыстың химия өнеркәсібі Қазақстандағы химия өндірісі көлемінің 30 пайызға жуығын құрайды. Айтпақшы, фосфориттердің баланстық қорының 72 пайызға жуығы облыста шоғырланған. ТМД елдері ішіндегі ең үлкен қор десек те қателеспейміщз, фтор шпатының, кварциттің де мол қоры, алтын, мыс, темір кен орындары бар. Ал біздің қасымызда химия өнімдерін ең көп тұтынатын Қытай сияқты үлкен нарық орын тепкен. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, химиялық өнімдерді тұтынушылар шығыс жағалау аймақтарынан орталық және батыс провинцияларға, яғни шекарамызға бірте-бірте көшіп келеді. Қытайдағы қарқын алған тенденцияларды ескере отырып, аймақтың нақты мүмкіндігі зор екеніне күмән келтірмейміз. Ербол Қарашөкеев жақын арада химиялық өнімдермен Қытай нарығына шығу жоспары бар екенін алға тартты.

«Өкінішке қарай, әзірге бұл шаруа оңайға соқпай тұр. Өңірдің Қытайға экспорты тек өсімдік майын жеткізумен шектелген – өткегн жылдың 9 айында бұл өнімдер 1,5 миллион доллар көлемінде экспортталған. Құрылыс саласында да әлеует бар. Облыста гипс, бетон, гипсокартон, құбыр, автоклавты газоблоктар және тағы басқа материалдар шығаратын 110 шағын және 5 орта өнеркәсіп бар. Бұл саланың облыс өнеркәсібіндегі үлесі 10 пайызды ғана шамалайды. Осы арада жанымызда Қонаев қаласы ңрге түзеп келеді, Түркістан облысы кеңейіп жатыр, ал біз болмасақ, олардың негізгі құрылыс материалдарын жеткізушісі кім болар еді?» - деді әкім.

Жергілікті атқарушы билік енді ең алдымен реттеуші кедергілерді азайтып, инвестиция тарту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыруды көздеп отыр. Бұл орайда, еліміздің басқа аймақтарының тәжірибесі зерттеліп жатыр,  Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде қандай шараларды қолға алу қажеттігіне назар аударылуда. Мәселен, бүгінде Алматыда заңды тұлғаларды тіркеу барлық облыстарға қарағанда жылдамырақ. Бұл ретте Астанада электр желілеріне қосылуға рұқсат алудың ең қысқа мерзімі бар. Түркістан облысында инвестициялық жобаларды қысқа мерзімде – келісімге қол қоюдан бастап нысанды пайдалануға беруге дейін жүзеге асыруға болады.

«Бізге дөңгелекті қайта ойлап табудың қажеті жоқ, басқа өңірлердегі әріптестеріміздің тәжірибесін тез енгізу керек. Өзге өңірлердің озық тәжірибесін пайдаланумен қатар, біздің шенеуніктердің санасын, ең алдымен инвесторға деген көзқарасын өзгерту қажет. Бүгінде өңірге жаңа инвестиция тарту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Облыстық және аудандық әкімдіктері басқармаларының қызметкерлері инвестордың өңірдің табысты дамуының негізгі факторы екенін түсінуі керек. Олар инвестордың тілінде сөйлеуді және оның қажеттіліктерін түсінуді үйренуі керек. Инвестордың келуі салық салу базасының кеңеюін, жұмыс орындарының ашылуын, халықтың табысының өсуін қамтамасыз етеді. Өз кезегінде инвестордың аймаққа инвестиция құюы үшін мұнда оған барлық қажетті жағдай жасалуы керек», - деп түсіндірді Ербол Қарашөкеев.

Жауапты маманның сөзіне қарағанда, бұл мәселелерді шешу кешенді тәсілді қажет етеді. Шенеуніктің инвесторға жайлы болуы, оған іс жүзінде мәселені шешуге көмектесуі маңызды. Осы мақсатқа жету үшін Жамбыл облысының басшылығы инвесторлармен жұмыс істеуде «бір терезе» қағидатын іске қосып, инвестиция тарту бойынша бизнес-процестерді реинжинирингтеуге кіріскен. Қазірдің өзінде әрбір аудан әкіміне нақты тапсырмалар жүктеліп, инвестиция тарту бойынша уақыт белгіленді, олар осы мерзімде межені орындауы тиіс. Сондай-ақ аудан деңгейіндегі шенеуніктерді инвесторлармен жұмыс істеудің озық тәжірибесіне оқыту және олардың инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолда бар құралдарын пайдалана білудегі құзыреттілігін арттыру жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда облыста жалпы құны 2,2 триллион теңгені құрайтын 60-қа жуық инвестициялық жоба жүзеге асырудың түрлі сатысында тұр.

«Біздің міндетіміз – осы өндірістерді іске қосу. Біз осы жобалардың төңірегінде кластерлерді қалыптастыруға, сол арқылы өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің қатысуымен қосалқы өндірісті дамытуға жағдай жасауға ерекше мән береміз. Мысалы, Сарысу ауданында кальцийлендірілген сода өндіру бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырудамыз. Біз осы салынып жатқан зауыттың жанынан поливинилхлорид, хлор-сілті, тазартылған натрий хлориді, кальций хлориді, натрий гидрокарбонаты сияқты ілеспе өнімдердің шағын және орта өндірісін құруды жоспарлап отырмыз. Дәл осы аудандағы күкірт қышқылын өңдеу зауытының жанынан жуғыш заттар, мұнай өнімдерін және аккумулятор электролиттерін тазартуға арналған өнімдер өндірісін іске қосу шаралары жүзеге асуда. Рысқұлов және Меркі аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін қосалқы аймақтар құрылады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің өңірде жұмыс істеп жатқан және салынып жатқан басқа да ірі кәсіпорындардың төңірегінде топтасып, дайын өнім шығаруды ұйымдастыруын қамтамасыз ете алсақ, біз бәрін дұрыс істеп жатырмыз деп сеніммен айта аламыз. Бұл ретте біз шағын және орта бизнесті қосымша қолдау шараларымен қамтамасыз ететін боламыз», - деп уәде берді Ербол Шырақбайұлы.

Жалпы, Жамбыл облысында шағын және орта бизнестің өсу үрдісі байқалады. 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша белсенді ШОБ субъектілерінің саны 108,6 мыңға жетті, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен (84,8 мың) 28,1 пайызға артық. 2023 жылдың 10 айында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында 4,7 мың ШОБ қаржыландырылды. Облыста 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беруді көздейтін «Ауыл аманаты» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Өткен жылы облысқа ауылдағы 5 мыңнан астам ШОБ субъектілерін қаржыландыруға осы бағдарлама бойынша 24 млрд теңге бөлінді.

Жамбыл облысындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту – өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы пияз өсіруден бірінші орында, мал басы бойынша екінші орында тұр, бұдан бөлек Қазақстанды қантпен қамтамасыз етіп отырған екі облыстың бірі. Облыстың ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың әлеуеті зор. Былтыр облыс суармалы су тапшылығын сезініп, егістігі зардап шекті. Суаруға шамамен 740 миллион текше метр су қажет болса, іс жүзінде 460 миллион текше метр ғана су келді. Құрғақшылықтың салдарынан 392 шаруа қожалығының жалпы көлемі 9,2 мың гектар егістігіне зиян келді. Өңірде төтенше жағдай жарияланды, оның салдарын жоюға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет өз резервтерінен 3,7 миллиард теңге бөлді.

«Өңірдегі су тапшылығы салдарын жою үшін мен негізгі үш бағытты атап өткім келеді. Біріншісі – жер асты суларын пайдалану. Қазіргі таңда мамандардың бағалауы бойынша облыстағы жер асты суларының көлемі 1,7 млрд текше метрді құрайды. Осыған орай, Жамбыл облысында 646 ұңғыманы бұрғылау жоспарлануда, оның ішінде 103 ұңғыма бұрғыланып, 3,8 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етеді. Дегенмен, бұл үдерісті жеделдету үшін субсидиялау ережелеріне ұңғымаларды бұрғылауды субсидиялау нормативін 50-ден 80 пайызға дейін арттыру бойынша өзгерістер енгізілуде.

Екінші бағыт – суды үнемдейтін технологияларды (тамшылатып суару және жаңбырлату) қолдану арқылы аумақтарды кеңейту. Биыл су үнемдейтін технологияларды қолдана отырып, суармалы жерлердің көлемін 57 мың гектарға дейін ұлғайтқанымызды атап өткім келеді. Бұл жеткіліксіз. Жыл сайын қарқынды суарылатын алқаптарды қазіргі 3 мың гектардан 10-15 мың гектарға дейін арттыруымыз керек. Өңірде жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыттар салу үшін шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үшінші бағыт – каналдар арқылы тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайту, сондай-ақ су қоймаларын салу және қайта жаңарту. Көлемі 46,2 млн текше метр болатын 13 жаңа ірілі-ұсақты су қоймаларын салу жоспарлануда. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырымды құрайтын 257 каналды жөндейміз. Жоспарланған іс-шаралар нәтижесінде өндірістік емес су ысыраптарын азайту және трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті азайту күтілуде, бұл өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына қуатты серпін береді», - деді Ербол Қарашөкеев.

Тағы айта кетерлігі, Жамбыл облысында өткен жылдың басынан бері пайдаланылмай жатқан 334,4 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір де жалғасып жатыр. Қайтарылған жердің басым бөлігі елді мекендерге бекітіліп, бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтарда мал жаюға пайдаланылады. Сонымен қатар Жамбыл облысы бүгінде Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша көшбасшылардың қатарында. Қазақстанда жалпы қуаттылығы 2,6 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 139 нысаны бар болса, оның ішінде Жамбыл облысында жалпы қуаты 450 МВт 21 нысан жұмыс істейді. Мұның ішінде: 6 су, 9 жел және 6 күн электр станциясы жұмыс істейді. Елімізде жаңартылатын энергия көздерін өндіру бойынша Ақмола облысынан кейін (500 МВт) екінші орында тұр.

«Жел электр станцияларын дамытудағы облыстың әлеуетіне ерекше назар аударғым келеді. Жел энергиясының негізгі шарты – 100 метр биіктікте желдің орташа жылдамдығы 3 м/сек болу керек. Желдің ең қолайлы жылдамдығы - 6-10 м/сек. Ал, Жаңатас жел электр станциясы өндіретін электр энергиясының орташа жылдамдығы - 7 м/сек. Сарысу ауданында ең қолайлы нүктелерде желдің жылдамдығы - 8,5 м/сек, Қордай ауданында - 8 м/сек, Талас ауданында - 7 м/сек, Шу ауданының солтүстік-шығысында және Мойынқұм ауданында жел - 10 м/с дейін күшейеді. 2021 жылы қытайлық China Power International Holding Limited компаниясы Сарысу ауданында (Жаңатас жел электр станциясы) жалпы құны 50 миллиард теңге болатын қуаты 100 МВт жел электр станциясының құрылысы бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырғанын атап өткім келеді. 2023 жылдың соңына дейін бұл компания қуаттылығы 100 МВт және құны 50 млрд теңгені құрайтын екінші кезеңді (Шоқпар жел электр станциясы) жүзеге асыруды жоспарлап отыр», - деді әкім.

Сондай-ақ, шамамен 2026 жылға қарай China Power компаниясы Сарысу ауданында шамамен 230 миллиард теңгеге қуаты 500 МВт болатын тағы бір жобаны жүзеге асырмақ. Өз кезегінде China Power серіктестігі SANY RE компаниясы аймақта қалақшалар мен нацельдер шығаратын зауыт салуды көздеп отыр. Орта мерзімді перспективада облыста жел электр станцияларын салу бойынша тағы 2 ірі жоба іске қосылмақ: біріншісі Мойынқұм ауданында қуаттылығы 1 ГВт болатын француздық «Total Eren» ЖШС компаниясы, екіншісі Таласта 500 МВт болатын Біріккен Араб Әмірліктерінің Масдар компаниясы.

Бұдан бұрын айтқанымыздай, Жамбыл облысы Қырғызстанмен шектеседі. «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу бекеттерінің маңында (Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы) орналасқан өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен құру жөніндегі бірлескен жоба жүзеге асырылу сатысында. Бұл жоба біріншіден, азық-түлік өнімдерін бірлесіп өңдеуді бастауға мүмкіндік берсе, екіншіден, жеңіл өнеркәсіп кластерін ілгерілетуге, үшіншіден, екі елдің сауда әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Оны жүзеге асыру үшін жалпы көлемі 36 гектар жер телімі бөлінді.

«Сондай-ақ «Қарасу» бақылау-өткізу бекетінің ішінен қосымша 100 гектар жер бөлетін боламыз. Жалпы, екі ел арасында химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, тағы басқа салалар бойынша 27 стратегиялық келісім мен 590 миллион долларлық меморандумға қол қойылды», - деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Әлеуметтік мәселелерге тоқталатын болсақ, қазіргі таңда облыстағы екі ауданға (Сарысу – 21 елді мекен, Мойынқұм – 24 елді мекен) газ құбыры тартылмаған. Өткен жылы Сарысу ауданындағы 14 елді мекенде газдандыру жұмыстары басталды. 2027 жылға қарай бүкіл облыс бойынша газдандыру көрсеткішін 100 пайызға (200 адамнан астам тұрғыны бар ауылдар) жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2025 жылдың соңына дейін облыстағы елді мекендер толықтай сумен қамтамасыз етіледі.


Рекомендовать
Последние новости