Ауыл шаруашылығы салмақты сала

Dalanews 21 апр. 2015 23:25 1055

Қазіргі уақытта ел экономикасын сауықтырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында әр салада ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Өйткені нарықтық қатынастардың қатал заңдылықтарына төтеп беру үшін бәсекеге қабілеттілікті арттыру маңызды.

Уақыт өткен сайын әлем мемлекеттері алдында азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығы сезілуде. Бүгінде дүниежүзінде жердің игілігін бағалап, маңдай терін төгіп, еңкейіп жұмыс істейтіндер саны азаюда. Технологиялық үрдістің жемісі саналатын дайын және жартылай дайын жасанды өнімге ойысып бара жатқан бүгінгі жаһанданған қоғамда аграрлық ғылым мен өндіріске, ірі фермерлерден бастап ұсақ шаруаға дейін мемлекеттің қамқорлығы аса қажет.

Қазақстан аграрлы мемлекет қатарына жататындықтан, ел экономикасын өркендету ісінде басты салмақтың бірі ауыл шаруашылығы мамандарына түсетіні сөзсіз. Бүгінгі күні аталған салада қызмет ететін ғалымдар мен өнім өндірушілер заман талабына сай бірлесе жұмыс істеудің нәтижелі болатынын түсініп отыр. Осы орайда, 10 сәуір күні Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың қатысуымен Қазақстанның аграрлық саласын инновациялық бағытта кешенді дамыту, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлау мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Отандық аграрлық білім мен ғылымның көшбасшысы саналатын не арнайы келген министр алдымен оқу орнының ғалымдары мен ғылыми-зерттеу институттары мамандарының ғылыми-өндірістік жетістіктерін паш еткен көрме жұмысымен танысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Еліміздің аграршы мамандары бас қосқан келелі кеңес жұмысы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың кіріспе сөзімен басталды. Университет ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Есполов Тілектес Исабайұлы аграрлық білім мен ғылымның, агроөнеркәсіптік кешеннің қазіргі жай-күйі мен келешегін саралаған жан-жақты баяндама жасап, нақты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ауыл шаруашылығына маманданған жоғары оқу орындары басшылары, еліміздегі ауыл шаруашылығымен айналысатын компания басшылары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, шаруашылық жетекшілері, аграрлық саланың өзге де білікті мамандары, ҚазҰАУ оқытушы-ғалымдары және бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Мамытбеков.jpg01

 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Қазақстан үшін Ауыл шаруашылығы саласы экономиканың маңызды бөлшегі саналады. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев агроөнеркәсіптік ерекше мән беріп, аграрлық сала мамандарына жаңа талаптар мен міндеттер жүктеп отыр. Бұл ретте біз инновациялық жобаларды тиімді жүзеге асыратын, ғылыми жаңалықтарымызды өндіріске енгізіп, халықтың игілігіне жарататын білікті кадрлар мәселесіне айрықша ден қойып келеміз. Өйткені біз отандық аграрлық білім мен ғылымды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру арқылы Қазақстанның аграрлық саладағы ғылыми өндірісінің өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға күш салуымыз қажет. Осы орайда сапалы білім беретін аграрлық жоғары оқу орындарының атқаратын рөлі өте маңызды. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген маңызды жобаларға атсалысып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне заманға лайық мамандар дайындау ісінде айтарлықтай ілгері қадамдар жасап келеді.

 

Тілектес Есполов, ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик:

– Кеңейтілген мәжілістің мақсаты – Елбасымыздың аграрлық сала алдында қойып отырған стратегиялық міндеттемелерін жүзеге асыру. Осы бағытта ел экономикасын өркендетуде ауыл шаруашылығы саласының маңызын арттырып, ғылым мен өндірістің өзара байланысына тың серпін беріп, тәжірибе алмасу. Осы орайда біз Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарымен, ғалымдармен бірлесе отырып ауыл шаруашылығына қатысты проблемаларды талқылап, нақты ұсыныстар әзірлемекпіз.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы ғылымы мен өндірісіне инновациялық технологияларды игерген, білімді де білікті жастарды көптеп тартуымыз қажет. Бүгінгі күні елімізде ғылыммен айналысуға жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Сондықтан біз аграрлық ғылым, білім және өндірісінің және аграрлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының интеграциясын дамыту жолында бірлесіп жұмыс атқаруға тиіспіз. Мен білім, ғылым және өндіріс саласында бірігіп, ынтымақты жұмыс істеудің тиімді бағыттарын табатынымызға сенемін.

ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,

Суреттті түсірген М.Ботабеков

 

Рекомендовать
Последние новости