«Ауыл» мен «Байтақ» партиясы да сайлауда бақтарын сынамақ

Dalanews 21 янв. 2023 07:55 1122

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін таратып, 2023 жылғы 19 наурызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындады. Ол сондай-ақ «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін еліміздегі саяси партиялары шетінен мәлімдеме жасай бастады. Бүгін «Ауыл» мен «Байтақ» партиясының басшылары сайлауға қатысатындарын айтып, мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– "Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өз қатарында тек ауыл шаруашылығы қызметкерлерін ғана емес, жалпы ауылға жанашыр азаматтардың көпшілігін біріктіреді. Біздің қатарымызда аграрлы сектор, білім және медицина, әлеуметтік сала қызметкерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бар. Қазақстандықтардың жартысына жуығы ауылда тұрады.

Ауылды, ауылды аумақтарды дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету біздің мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып есептеледі. Бұл - біздің партияның бастапқы және өзгермейтін саяси бағыты. Сондықтан "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға сайлау өткізуді құптайды.

Біз Қазақстанда партиялық өрістің кеңейгені мен саяси күштер арасындағы бәсекелестіктің дамып келе жатқандығын көріп отырмыз. Бұл бізді қорқытпайды, керісінше, ынталандырады. Себебі біздің өзіміздің саяси платформамыз бар. «Ауыл» партиясының ауыл және ауылды аумақтарды дамыту концепциясына қосатын өзінің ұсыныстары бар.


Сондықтан біз жаңа сайлау циклінде адал және ашық күреске дайынбыз, – деді партия төрағасы Әли Бектаев.

Ал «Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртай Фейсбук парақшасында өзі басқаратын саяси ұйымның сайлауға қатысуға дайын екенін мәлім етті.

– Кезектен  тыс  Мәжіліс  һәм  мәслихат  сайлауы  алдағы  наурыздың  19  жұлдызына  белгіленді. Дұрыс. Бұлда  бір Жаңа  Қазақстан  құру  жолындағы   саяси реформаның  бір  жолы. Жаңа  Қазақстанға  жаңа депутаттармен,  жаңа  партиялардың  саясатқа араласуы керек.

Алдағы  сайлау  бұрынғылардан  өзгеше болады. Сайлау аралас партиялық-мажоритарлық жүйе бойынша өтпек.

Осы  орайда  «Байтақ» партиясы да бәсекеде  бағын  сынап,   Парламентке  өтуге  күш саламыз. Рас,  елімізде  экология  мәселесі  ақсап  тұр. Жағдай  сын  көтермейді.  Сондықтан түйіні  мол  экология  мәселелерін  парламент  мінберіннен  көтермекшіміз, – деді партия жетекшісі.

Рекомендовать
Последние новости