"Әуежай - не наш". Кремль маңызды активтерді Батысқа бере салған Астанаға тап берді

Қаракөз Дәуренқызы 05 февр. 2024 11:12 16468


Кремль маңызды активтерінің басым бөлігін Батыспен "бөлісіп" жатқан Қазақстанның саяси шешіміне алаңдаушылық танытып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Осы тұста ресейлік медиа елдегі бірнеше мәселені алға тартады.


Соның бірі - Қазақстанның 20-дан астам әуежайын Еуропадан келген инвесторлардың басқаруына беруге байланысты шешімі. Иә, көлік министрі Марат Қарабаев бірнеше күн бұрын осындай мәлімдеме жасаған еді.


Қазір Астана мен Алматы әуежайлары шетелдік компаниялардың бақылауында. Сонымен қатар Қарабаев Каспий теңізінің жағасындағы Құрық және Ақтау порттары да кейін жекешелендіру мүмкіндігімен еуропалық компаниялардың басқаруына берілетінін айтқан.


Ресейлік пропаганда бұдан бөлек “қара алтынды” өндіруде АҚШ-тың көш бастап тұрғанына алаңдаулы. 2023 жылы америкалық компаниялар Қазақстандағы мұнайдың 30,9%-ын, еуропалық компаниялар 18,4%-ын, Қытай 11,4% өндірді. Ресейдің үлесі төрт пайызға да жетпейді.



Қазақстан аумағында англосаксондық құқықтық жүйе негізінде жұмыс істейтін “Астана” халықаралық қаржы орталығы да Мәскеу идеологтарының қытығына тиюде.



"Астана АҚШ-тың әскери биологиялық зертханаларына есік ашып берді. Елде орысфобия асқынып тұр. 2025 жылға қарай қазақ тілі кириллицадан латынға ауысып, "ұлы" орыс тілін тұншықтырып тынбақ.


Әрбірден соң мұның бәріне Назарбаев кінәлі. Мемлекеттің бағыт-бағдарын Батысқа қарай бұрған осы елдің экс-президенті. 2017 жылы латын әліпбиіне көшу туралы жарлыққа да қол қойған Назарбаев екенін ұмытпайық", - дейді ресейлік телеграм арналар.


Кремльді Батыстың демеушілігімен және Қазақстанның қатысуымен өтетін айтулы іс-шаралар санының артуы да алаңдатып отыр.


29-30 қаңтарда Брюссельде Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасында көлік байланысын дамыту мақсатында Global Gateway инвесторлар форумы өткен. Мұнда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттері төбе көрсеткенін білеміз.


Батыс бизнесмендері алдағы 5 жылда Қазақстанның көлік саласына 40 миллиард еуро көлемінде инвестиция тартуды көздеп отыр. Осыған байланысты ЕО компаниялары авиация, теміржол және теңіз тасымалы саласындағы жаңа жобаларға белсенді қатысуға шақырылуда.


Қала берді, ресейлік пропаганда 2023 жылы 19 қыркүйекте Нью-Йоркте Орталық Азия-АҚШ саммиті (C5+1) өткенін де еске салған. Онда АҚШ Президенті Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан президенттерімен кездескен болатын.


Атап айтқанда, “Орталық Азияның орасан зор минералдық байлығын игеру және маңызды пайдалы қазбалардың қауіпсіздігін жақсарту үшін C5+1 маңызды пайдалы қазбалар бойынша диалог” өткізгенін алға тартады.



Кремльден тікелей қаржы алатын телеграм арналардың пікірінше, Америка Қазақстанның ең алдымен уранына қызығушылық танытуда.



"Батыстың Қазақстанды өзіне бағындыруға деген құлшынысы күшейіп тұр.


Қазақстанның экономикалық активтерінің бірте-бірте Батыстың қолына өтуі Астана саяси және идеологиялық саласына әсер етпей қоймайды. Бұл ел түптің түбінде “Украина-2” болуы мүмкін.


Қазірден бастап әрекет көшу қажет. Батыстың жолын кесіп, Астана үшін "қызыл сызықты" айқындамасақ, 10-15 жылдан кейін Қазақстанда “украин кейсі” пайда болады", - дейді олар.



Рекомендовать
Последние новости