«Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы барлық саланы қамтыды. Тәуелсіз елдің екінші басшысы талай проблеманың басын ашып айтып, түйткілдерді шешу жолдарын ұсынды.
Бірінші кезекте қарапайым халықтың мүддесі қорғалады деген Президент, әуелі әділдік пен ашықтық орнайтынын алға тартты. Әрине, әділдік бар жерде өсіп-өркендеу болары анық. Сондықтан да президент реформаларының орындалу барысы жайлы түрлі сала мамандарының, зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлерін біліп көрдік. Назарларыңызға ұсынып отырған сарапшылар пікірлерімен келісу-келіспеу оқырманның өз еркі.
Нұрсұлу ӘЛҚОЖАЕВА, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты: «Әділетті мемлекет құруға қадам жасадық»
– Ең маңызды деген нәрсе бұл – «тыңдайтын, еститін үкімет». Әділеттілікке қол жеткізу сол тыңдаудан, естуден басталады. «Үкімет тыңдайды» дегенге мен өз басым көзім жетіп отыр. Себебі, қазір кез-келген адам Президентке үндеу жолдап жатыр. Әлеуметтік желі ашық, кімге, қай министрлік, қай мекеме болсын, қажетті сауалдарды жіберуге мүмкіндік бар.
Әділдік іздеп әрекет еткен адамның барлығы заң бойынша қорғалып жатыр. Екіншіден, әлеуметтік саланы дамыту жоспары қолға алынды. Келер ұрпақтың қамын ойлай бастадық. 2024 жылы 200 мыңнан астам бала кәмелет жасына толған соң «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан өз қаражатын шешіп ала алады. Президент Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлетін заңға қол қойды. Мұндай шара ел тарихында бірінші рет жүзеге асқалы тұр. Қазір білім сапасына да қатты мән берілуде. Жаңа заманауи мектептер салынып, оқытушылар, мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы анағұрлым жоғарылады. Президенттің сайлау алды бағдарламасында айтқан мақсаттары мен жоспарларының жүзеге асып жатқанын көріп жатырмыз.
Жомарт СІМТІКОВ, саясаттанушы: «Ұлт тарихына жаңаша көзқарас қалыптасуда»
– 2023 жылы елімізде үлкен қозғалыстар болды. Ең біріншісі, Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекет ретінде өз тарихын жазуға жаңаша көзқарасқа бет бұрды. Адамзаттық тұрғыдан объективті жазылатын тарихи процесті болашаққа түсінікті, нанымды, сенімді түрде жазылатын тарихтың бастамасы көтерілді.
Бұрынғы кезде академиялық тұрғыда жазылған тарихымыздың кемшін тұстарын толтырып, кең ауқымда баға беру керек. Дүние жүзінде жинақталған, сараптамадан өткен архивтік деректерге, музейлік мәліметтерге, сонымен қатар ауызекі тілдегі материалдардың барлығы жинақталып, үлкен ғылыми сараптамадан өтіп, бүгінгі таңда тарихтың 7 томдық еңбегі даярлануда.
Сол мақсатта үлкен академиялық жұмыстар жасалып жатыр. Бұл жоба Президент Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып, мемлекеттік хатшының қарауына берілді. Сонымен қатар, тарихи құпия құжаттардың ашылуы мен шетелде жарияланған материалдардың жарыққа шығуына баса назар аударылды. Бұл – ұлттық тарихты қалыптастырудың алғашқы іргетасы.
Хангелді ӘБЖАНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор: «Жаңа Қазақстан ұран күйінде қалмауы керек»
– Еліміз күрделі өзгерістерді, ірі-ірі оқиғаларды бастан кешіруде. Экономикада, саясатта, идеологияда, мәдениетте, ғылымда бірқатар өзгерістер бар. Экономикадағы монополиялық қатынастар, биліктегі монополиялық үстемдіктер азайды.
Қазіргі оқиғаларды мазмұнына, нәтижесіне қарап «арылу» деп бағалар едім. Біз кешегі 30 жылдың қателіктерінен, өзін ақтай алмаған басшылардан, жұмыс істей алмайтын кадрлардан, иедологиялық қасаңдықтардан арылып жатырмыз. Жаңа Қазақстан ұран күйінде қалмауы керек.
Жаңа Қазақстан барлық салада жаңа технологияны, үлгі-өнегені, ұлттық құндылықты алып келу керек. Қазақ айтады, «бір адам жаққан отқа 100 адам жылынады» деп. Бір тұлғаның істеген әдемі бастамасы бүкіл халықтың тағдырына әсер етеді. Қазақстан өзінің жасампаздығымен, жаңашылдығымен әділетті болады. Бізде басқа жол жоқ.
Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, академик: «Бағытымыз дұрыс болса, Қазақ елі қарыштап дамиды»
– Елімізде 40 ғылыми институт бар. Қазір соның жартысы ғана жұмыс істеп тұр. Мәселен Д.А.Қонаев институтында 800 адам еңбек етсе, қазір 80 адам қалды. Осы ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы мәз емес, материалдық қолдау көрсету керек деген ұсынысты Қазақстан Президентіне мен айттым. Қасымжомарт Кемелұлы бірден келісті. «Ғылыми қызметкерлерге бір үйді берейік», - деді. Осының өзі мемлекет басшысының ғылым, технология, экономика саласына баса назар аударып жатқанын көрсетеді. Үнемі айтып жүретін мәселем, ол Қазақстан – технократты ел болуы тиіс. Осы ұсынысымды бірінші болып құптаған – Тоқаев. Жай сөзбен емес, нақты істермен қолдау көрсетті. Қазір техникалық университеттерді ғылыми-өндірістік базаға айналдыру жұмыстары қарқын алды. Мәселен «Satbayev University» ұлттық ғылыми-техникалық университет болып отыр. Біз шикізат сатудан арылып, өз көлігімізді, өз технологиялық құралдарымызды шығаруымыз керек. Программист, инженерлерді даярлау қажет. Бұдан өзге, президентіміз маңызды мәселелерді алға тартты. Олар: ғылыми-геологиялық зерттеу жұмысын жандандыру, ғылым мәселесіне көңіл бөлу, яғни өзімізге пайда әкелетін дүниелерді жасауымыз керек. Қазаққа зауыт, фабрика салу керек, өндіріс ошақтарынан шыққан тауарлар шетелде сұраныста жүретіндей жағдайға жетсек деймін. Мемлекет басшысының Ғылым, технология, өндіріс саласын дамытуға қатысты ойлары менің көңілімнен шықты. Алдағы уақытта ғылым саласын дамытуға арнайы бағдарлама әзірленеді, қомақты қаржы бөлінеді деп айтты. Осы айтқандарының бәрін алып қарасақ, еліміз дұрыс жолмен келе жатыр. Бағытымыз дұрыс болса Қазақстан дамиды, алға жылжиды.
Смағұл ЕЛУБАЙ, Қазақстанның халық жазушысы: «Халық өз үмітіне, өз арманына қол жеткізсе екен»
– Президент сайлауынан кейін бірден реформалар басталып кетті. Оның бірі – Парламенттік сайлау болды. Парламенттік сайлауға өз пікірін қорықпай айтатын тәуелсіз депутаттар келді. Мемлекет басшысы: «халық ертең емес, бүгін бақытты болғысы келеді», - деген болатын. Яғни билік жеделдетіп халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге міндетті. Бұған дәлел, Президентіміз соңғы жолдауында «Қазақстанда 1 млн 800 мың адам 50 мың теңгеге қарап отыр», - деп айтты. Ол дегеніміз халқымыздың үлкен бір бөлігі кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатыр. Біз осы мәселені тез арада шешуіміз қажет. Сонда ғана елдің жағдайы дұрысталады. Халық өз үмітіне, өз арманына қол жеткізе алады деп ойлаймын.
Абзал МАЛБАСҚАНОВ, фтизиохирург, пульмонолог: «Мемлекет басшысының реформалары медицина саласын алға жылжытты»
Өзім еңбек ететін салам жайлы айтсам, соңғы жылдары медицина саласында алға ілгерілеу бар. Жаңа емханалар көптеп салынуда. Көпшілігінде компьютерлік томография бар, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жас мамандарға жағдай жасалуда. Президенттің бағдарламасында ауылдық жерлердегі емханалар мен амбулаториялық пункттерді дамытамыз делінген. Ауылдағы ағайын ем іздеп қалаға жете алмай қалып жатады. Осы жайтты ескеріп, Президентіміз медицина саласында көптеген оң өзгерістерді енгізуге талпынуда. Бұрын суперпрезиденттік басқару болса қазір ол жоқ. Президентіміз өзі де партиядан шығып кетті, біреуді артық көріп, келесі біреуін кем көру деген жоқ. Осы тұсы менің көңіліме қонды. Қазір біздің елге ең керегі – тыныштық. Заман тыныш болса, бәрі біртіндеп реттеледі деген ойдамын.
Пірілерді жинаған Сандуғаш РАЙЫМ