Атырауда полиция мотоцикл тізгіндеген жасөспірімді басып кеткен: сот үкім шығарды

Сағыныш Сардарова 24 окт. 2024 09:50 5270

Атырау облысында полиция мотоцикл тізгіндеген жасөспірімді басып кеткен оқиғаға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыпталғанға қатысты қылмыстық іс қаралды. (ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігі.)

"Қызылқоға ауданы Полиция бөлімі патрульдік полиция тобының инспекторы қызметтік автокөлікпен әріптесі екеуі патрульдік қызметтерін атқару барысында жасы кәмелетке толмағанның басқаруындағы мотоциклдің артында жасы кәмелетке толмаған екі жолаушы бар күйде жүргенін анықтап, дыбыс белгісі арқылы тоқтауды талап еткен. Алайда жасы кәмелетке толмаған жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырған.

Сотталушы оны қудалап келе жатырғанда, жасы кәмелетке толмаған Жол жүрісі қағидаларын бұзушы қара жерге шығып кетіп, мотоциклдің басқару жүйесін игере алмай, жерге құлаған. Сол кезде инспектор қауіпсіздік шараларын қолданбай, Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, жасы кәмелетке толмағанды қағып кеткен, нәтижесінде ол оқиға орнында есін жимастан қаза болған", - деп жазылған сот хабарламасында.

Прокурор сотталушыны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші өкілі заңға сай жаза қолдануды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындады.

Сотталушының шын жүректен өкінуі, асырауында жасы кәмелетке толмаған балаларының болуы, бұрын сотталмағаны - жаза мен қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сотталушы ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, оқиға биыл сәуірде болған еді. 


Рекомендовать
Последние новости