Атырауда Nur Otan партиясының тізіміне кімдер енді?

Dalanews 19 нояб. 2020 05:15 896

Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалының кезектен тыс 32-ші  конференциясы өтіп, праймериз бойынша көп дауыс жинаған қатысушылар ішінен ҚР Парламентінің Мәжілісіне Атырау облысынан партиялық тізімге енетін кандидаттар жария пікірсайыс қорытындысы арқылы анықталды, – деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі. 

Атырау облыстық филиалдың төрағасы, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов төрағалық еткен конференцияға Атырау облыстық саяси партия кеңесі және оның бюросы мүшелері, партия ардагерлері, аумақтық партия төрағалары мен бірінші орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен Jas Otan жастар қанатының белсенділері қатысты.

Күн тәртібінде Nur Otan партиясының Атырау облысы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының жобасын бекіту, ҚР Парламентінің Мәжілісіне Атырау облысынан партиялық тізімге кандидаттарды жария пікірсайыс қорытындысы арқылы ұсыну, Nur Otan партиясынан Атырау облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту, Nur Otan партиясының кезектен тыс  ХХ съезіне Атырау облысынан делегаттарды сайлау туралы, Nur Otan партиясының Атырау облыстық филиалының Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Жария пікірсайысқа сегіз үміткер түсті. Дебат аяқталған соң делегаттар карантин талаптарын сақтай отырып, өз таңдауларын жасады. Дауыс беру нәтижесінде ең көп дауыс жинаған ҚР Парламенті Мәжілісіне Атырау облысынан париялық тізімнің өңірлік квотасына сай ұсынылатын кандидаттар есімі жарияланды. Олар: 107 дауыспен Дүйсенбай Тұрғанов, 98 дауыспен Сәлімжан Нақпаев және 74 дауысқа ие болған Толқын Бейсқали.


– Конференцияға 24 мың мүшесін біріктіретін партияның барлық филиалдарынан 110 делегат сайланды. Оның ішінде, конференцияға Атырау қалалық филиалынан 42, аудандық партия филиалдары бойынша 68 делегат қатысып отыр. Делегаттар құрамында қоғамымыздың барлық салаларының өкілдері қамтылған. Атап айтқанда, 8%  өндіріс, 25% білім, 5% денсаулық, 31%  бастауыш партия ұйымдары  төрағалары, 20% ардагерлер мен өзге де қызмет салаларының қызметкерлері бар. Делегаттардың 34,6% әйелдер және конференцияға 3 ұлт өкілдері сайланды, – деді Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев.

Конференцияда облыстық Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламаларының жобасы бекітілді. Бұлар облыс бойынша 2021-25 жылдары болашақ өмірімізде өзекті деп табылған, өңір экономикасына қатысты мәселелер.

Сондай-ақ, аталған жиында Nur Otan партиясы Орталық аппаратының бекіткен өңірлік квотасына сәйкес, Партияның кезектен тыс XX сьезіне Атырау облыстық партия филиалынан 18 делегат сайланды.

«Nur Otan» партиясы аймақтық және аумақтық партия филиалдарында 17 тамыз бен 4 қазан аралығында партияішілік іріктеу -  праймериз өткізілгенін айта кетуіміз керек. Праймериз барысында өткен кездесулерде партия мүшелерінен 1061 ұсыныс-аманаттар түсіп, оның 448-і тоғыз сайлауалды бағдарламалар жобасынан көрініс тапты.

Айдын КАКИМОВ

Рекомендовать
Последние новости