Атырау. Субсидиялаудағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіріп, жемқорлықтың жолын кесу керек

Dalanews 02 апр. 2022 11:26 849

Бүгін Атырау облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссияның отырыс өтіп, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов субсидияларға жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері қарады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыста мәдениет мекемелерінің іс-шараларды өткізу кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен ауыл шаруашылығы саласында берілген субсидияларға жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері қаралды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Есқали Саламатов жемқорлыққа жол ашуы мүмкін бірнеше себептерді атады.

– Субсидиялаудың ақпараттық жүйелерінде олқылықтар көп. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері субсидия түрлері мен оларды алу тәртібін дұрыс білмейді. Бұдан басқа субсидияларды мақсатты пайдалану бойынша тиімді бақылау жүйесінің болмауы және сусидиялау ережелерінің солқылдақтығы жетіп артылады, – деді.

Ал, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат мұның негізгі факторларын атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы басқармасының жүргізген талдау барысында субсидиялау өтінімдерінің басым бөлігінің жылдың белгілі бір маусымдарында жүргізілетіндігі анықталды. Мәселен, 2020 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау және мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау бағытында түскен және оң қорытынды берілген 767 өтінімнің 352-сі немесе 45,9 пайызы тек қараша-желтоқсан айларына келеді, – дейді басқарма басшысы.



Сонымен қатар, оның айтуынша, талдау жүргізу барысында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген қағидаларда көзделген субсидия беру өлшем-шарттарының жиі өзгертінін де жасырмай айтты.

Өз кезегінде облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мира Дәулетбаева мәдениет саласы бойынша жемқорлық тәуекелдіктері туралы айтып берді.

– Мәдени-көпшілік іс-шаралар мен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде өтетін шараларды қаржылық шығындарын реттейтін заң нормаларының болмауына байланысты, әлеуетті өнім берушілер арасындағы бәсекелестік туындамай отыр. Соның салдарынан бағалық ұсынымдарының қаржылық шығындары көтерілуі арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындауы мүмкін. Бұдан бөлек, нақты өткізілетін әлеуметтік маңызды іс-шаралардың өткізу үшін жұмсалатын қаржы көлемін шектейтін немесе реттейтін нормативтік-құқықтық актінің болмағандықтан бюджет қаражатының мақсатты дұрыс жұмсалмауына әкеп соғуда, – деді. 




Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов сыбайлас жемқорлықпен күрес өзекті мәселе екеніне тоқталып:

– Ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Ал, мәдениет саласы халықты рухани көтеретін бірден-бір сала. Сондықтан, бұл екі бағытқа жеңіл қарауға болмайды. Осы тұрғыда біз қабылдап жатқан шаралар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік беретініне сенімдімін және оларды әрі қарай жетілдіруге шақырамын, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Рекомендовать
Последние новости