Астанадағы қайғылы жағдай: Қаза болған төрт баланың отбасына қашан баспана берілетіні белгілі болды

Қаракөз Амантай 20 нояб. 2024 18:06 215

Астанада төрт баланың өмірін жалмаған қайғылы жағдайға байланысты Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қаза тапқан төрт баланың отбасына келесі жылы пәтер табысталады.

“Бұл мәселе бақылауымызда. Қазіргі таңда оларға уақытша жатақхана берілді. Отбасы "көпбалалы отбасы" санаты бойынша тұрғын үй алу кезегінде тұр. Келесі жылы кезегі келеді және заңға сәйкес, сол кезекпен қала береді. Біз бұл мәселені қосымша қарап, шешім шығарамыз”, – деді әкім.

Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы екі қабатты жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан қаза тапқан төрт баланың отбасыларына жергілікті әкімдік көмек көрсететіні хабарланған еді.

Әкімдіктің мәліметінше, өрт болған үйде екі отбасы тұрған. Қайғылы оқиға болған отбасыға психологиялық, материалдық, тұрғын үй және басқа да қажетті көмек көрсетіледі.

“Қаза тапқан балалардың жақындарына көңіл айтамыз. Зардап шеккен екінші отбасы уақытша тұрғын үйге орналастырылды. Әкімдік қызметкерлері екі отбасымен тұрақты байланыста болып, барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр”, — деді әкімдік.

Еске салайық, Астанада екі қабатты жеке тұрғын үйде болған өрттің салдарынан үйдің шатыры құлап, төрт бала — 2 мен 13 жас аралығындағы балалар көз жұмған болатын.

Қазіргі таңда оқиғаның себептері анықталып жатыр. Жергілікті билік өкілдері тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керек екенін ескертті.


Рекомендовать
Последние новости