Астанада «Үздік жас отбасы – 2024» байқауы өтті

Жарбол Кентұлы 28 нояб. 2024 10:22 346

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік жас отбасы-2024» конкурсы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған байқауға қатысып, сөз сөйлеген Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова Отанның тұтастығын сақтау әр отбасының татулығымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Астана – арманға қанат бітіріп, жаңа бастамаларға жол ашатын мүмкіндіктер мекені анық. Қалада қоғамның ажырамас бөлігі болып табылатын жас отбасылардың саны күн сайын артып келеді. Олар тек болашақтың іргетасын қалаушылар ғана емес, сонымен қатар елорданың әлеуметтік және мәдени өмірін жандандырып отырған негізгі күштердің бірі.

Астанадағы жас отбасылардың үздік деп аталуы тек олардың жетістіктерімен ғана өлшенбейді. Бұл мәртебе жауапкершілік, татулық, қоғамға қосқан үлес және өзара қолдау сынды қасиеттермен байланысты. Мұндай отбасылар – қазіргі заманғы отбасы құндылықтарының жарқын үлгісі.

Қаланың үздік жас отбасылары көбінесе түрлі салаларда еңбек етіп, ерекше жетістіктерге жеткен жандар. Олар кәсіпкерлік, ғылым, білім беру, медицина, мәдениет және спорт сияқты салаларда белсенді. Бұл отбасылардың басты ерекшелігі – әрдайым бір-біріне қолдау көрсету арқылы ортақ мақсаттарына қол жеткізу.

– Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік те, патриоттық сезім де отбасынан бастау алады. Бүгінгі байқау да қажырлы еңбек, өнегелі тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқан отбасыларды үлгі етуді көздейді. Бұл байқауға қатысушылардың барлығы – түрлі салада жетістікке жетіп, әулет абыройын асырып, құрметке бөленгендер. Олар қашан да қоғамның айнасы бола алады деп сенеміз, – деді Назгүл Сейітқожақызы.

Байқауға қатысу үшін 60-тан астам отбасы өтінім берген. Отбасылық жұптарға арналған зияткерлік турнирден іріктеліп шыққан 10 отбасы ақтық кезеңге жолдама алып, «Үздік жас отбасы» шығармашылық байқауында бағын сынады.

Байқауға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова, «Жайна Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Еркетаев, «Үздік жас отбасы-2023» байқауының жеңімпазы Гаухар Сәдуақасова және жастар ұйымдарының жетекшілері қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен Көшеновтер отбасы жеңімпаз болып танылып, 700 мың теңгенің сертификаты мен бас жүлдеге ие болды. Ал екінші орын алған Ендібаевтар отбасы 450 мың теңге, үшінші орындағы Сәметовтер отбасы 350 мың теңгені қанжығасына байлады. Өзге қатысушылардың әрқайсысына 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен алғыс хат табысталды.

Астанада жас отбасылар үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан тұрғын үй бағдарламалары, жастарға арналған жеңілдіктер, сондай-ақ отбасылық демалыс орындары мен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі осы санаттағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Соның нәтижесінде көптеген жас отбасылар қалада өз болашағын жоспарлап, үлкен мақсаттарға ұмтылуда.

Үздік жас отбасылардың тағы бір ерекшелігі – олар дәстүр мен жаңашылдықты үйлесімді түрде байланыстыра біледі. Бір жағынан, олар ұлттық құндылықтарды ұстанып, балаларын ата-баба дәстүріне сай тәрбиелесе, екінші жағынан, заманауи технологиялар мен инновацияларды меңгеріп, өмір сүру дағдысын жаңа деңгейге көтеруде. Бұл үйлесім оларды өзгелерден даралап, жас отбасылардың нағыз үлгісіне айналдырады.

 

 


Рекомендовать
Последние новости