Астана қаласында азаматтық бақылау аясында «Дала Қырандары» ЖҚБ-нің «Абырой» жасағы жүргізген іс-шаралар барысында суррогатты алкогольді көтерме түрде сатқан «Гүлсара» дүкені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тексеру кезінде 1280 литр көлемінде заңсыз алкоголь өнімдері табылды. Іс-шара барысында түсірілген бейнематериалдарда дүкен иесінің суррогатты алкогольді самогон аппараты арқылы өзі өндіріп, кейін сатумен айналысқанын өзі айтқаны көрінеді.
Аталған дерек бойынша оқиға орнына құзырлы органдар мен арнайы топ келіп, анықталған өнімдерді тәркіледі. Материалдар әрі қарай тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін жауапты органдарға жолданды.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда суррогатты алкогольді тұтыну салдарынан күн сайын кемінде бір адам көз жұмады. Мамандар мұндай заңсыз қызметтің адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, қоғам үшін үлкен трагедия екенін атап өтеді.
