Power Central Asia + China алғашқы өңірлік энергетикалық форумы ҚР Энергетика министрлігі мен «Инфрақұрылым және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығының» (АСИИР) ұйымдастыруымен өтуде. «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында ұйымдастырылған басқосуда үкіметтік және іскерлік топ өкілдері энергетика, өнеркәсіп және жоғары технологиялар саласындағы стратегиялық бастамаларды талқылап, іске қосуды жоспарлауда.
Форумның басты мақсаты – Мемлекет басшылары қол жеткізген екі ел арасындағы саяси ынтымақтастық пен келісімдерді іске асыру. Нәтижесінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтатын, шикізатты терең өңдеуді жеделдететін және тиімді энергетикалық экономикаға көшуге жағдай жасайтын стратегиялық жобалар жүзеге асып, ірі инвестициялық келісімдер жасалады.
Форумның негізгі бағыттары
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жиынды ашып, өз сөзінде форумның негізгі басымдықтарын атап өтті:
«Энергетикалық ынтымақтастық – Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестіктің өзегі. Бүгінде біз «алтын отыз жылдыққа» қадам баса отырып, мемлекетаралық байланысты дамыту тарихында жаңа деңгейге көтеріліп жатырмыз. Негізгі бастамалар қатарында – Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауыт салу, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласында ауқымды жобаларды іске асыру бар. Бұл – әртараптандырылған, технологиялық экономика құруға бағытталған қадамдар».
Флагмандық жобалар мен келісімдер
Пленарлық сессия барысында Қазақстан мен Қытай өкілдері стратегиялық келісімдер арқылы жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды:
Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту: ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» АҚ мен CNPC зауыт қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін арттыруға бағытталған негіздемелік келісімге қол қояды. Нәтижесінде еліміздің шикізат өңдеу, мұнай өнімдерін экспорттау әлеуеті артады.
Мұнай-газ химиясы саласы:
Бір уақытта газ-химия өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңі басталды — Ақтөбе облысында карбамид өндіру жобасын іске асыруға қатысты Негіздемелік келісімге қол қойылды. Бұл құжат Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, CNPC және Ақтөбе облысы әкімдігінің қатысуымен жасалған. Жоба аграрлық сектор мен Қазақстанның газ-химия саласы үшін маңызды мәнге ие.
- Газ саласы:
Терең өңдеу жобаларымен қатар, тараптар газды барлау және өндіру саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты. «Солтүстік-1» жобасын қолдау жөніндегі Үшжақты мәлімдемеге қол қойылды. Бұл мәлімдемеге Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және CNPC қол қойды және ол көмірсутек саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. «Жасыл» энергетика: Форум жаңа бастамаларға жол ашады.
Мәселен, энергия жинақтау құрылғысымен жабдықталған «Сауран» күн электр станциясының құрылысы, China Southern Power Grid компаниясымен гидроаккумуляциялық станциялар салу және China Energy International компаниясымен сутегі энергетикасы саласында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланған.
Технологиялық ынтымақтастық және өндірісті жергіліктендіру
Қытайлық PowerChina, Huawei және Longi корпорациялары Қазақстан аумағында озық технологияларды енгізіп қана қоймай, оларды жергіліктендіруге де дайын екендіктерін жеткізді. Форум аясында зерттеу және даму (R&D) орталықтарын құру, цифрлық шешімдерді енгізу және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту жөнінде бірқатар келісімдер жасалады.
Қорытынды және тың жобалар бастауы
Форумдағы шешуші сәт – энергетика саласының жетекші өкілдері мен инвесторлардың келісімдер топтамасына ресми қол қою рәсімі. Негізгі құжаттардың қатарында Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту, газ-химия өндірісін құру және жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізу жөніндегі келісімдер бар.
Power Central Asia + China форумы Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетика саласындағы әріптестіктің стратегиялық маңыздылығын көрсетті. Қол қойылған келісімдер мен ауқымды жобалар өңірлік энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты экономиканың негізі болмақ.