Астанада МӘМС арқылы күрделі нейрохирургиялық операция сәтті өтті

Ақтоты Жапатова 05 авг. 2025 10:33

Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында астаналық тұрғынға Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) есебінен тегін операция жасалды. Ер адамға омыртқа каналының стенозы диагнозы қойылған,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Науқасты бел тұсындағы ауырсыну он жыл бойы мазалаған. Ол түрлі ем қабылдап, медициналық мекемелерде тексеруден өткен.

«Мен әрдайым хирургиялық операциядан қорқатынмын, мануалды терапияға жүгініп жүрдім, дәрігерлер де операция жасатпауға кеңес беретін.

Ауруымды асқындырып алдым – соңғы кездері аяқтарым жансызданып, өз бетіммен жүре алмай қалдым. Сол себепті Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандарына жүгіндім. Олар операциясыз болмайтынын айтты. Мені ауруханаға жатқызып, келесі күні-ақ операция жасады. Операциядан соң бірден аяғыма тұрдым, жағдайым тұрақталды. Егер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры болмағанда, бұл емге қаржылық мүмкіндігім жетпес еді», – дейді өз оқиғасымен бөліскен Арман Аушахманов.

Науқасты емдеген нейрохирург-дәрігер Нұржан Әбішевтің айтуынша, жоғары технология мен білікті мамандардың арқасында операциядан кейін пациенттер әлдеқайда жылдам қалпына келеді.

«Бұл науқасты бүгін шығарып жатырмыз. Ол бізде бір апта жатты. Оған имплант қойдық, жұлынды босатып, арнайы болттармен бекіттік, бәрін түзедік. Омыртқасындағы жасанды құрылғылар адамға еш кедергі келтірмейді, ол қалыпты өмірін жалғастыра алады. Алда оны емханалық оңалту кезеңі күтеді», – деді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, Ұлттық нейрохирургия орталығына еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ шетелден де науқастар жүгінеді.

Ұлттық нейрохирургия орталығы – Қазақстандағы нейрохирургиялық патология бойынша диагностикадан бастап, ерте оңалтуға дейінгі толық медициналық қызмет түрлерін ұсынатын жоғары мамандандырылған клиника.

Орталық заманауи технологиялармен жабдықталған – гамма-пышақ, роботтандырылған жүйелер, резиденттерді даярлауға арналған жоғары дәлдіктегі симуляциялық тренажерлар бар.

Орталық ашылған сәттен бастап халықаралық жобаларға белсене қатысып, әлемнің жетекші клиникаларымен тығыз әріптестік орнатты. 17 жыл ішінде мұнда 70 мыңнан астам науқас ем қабылдап, 50 мыңнан аса операция жасалды. Жыл сайын шамамен 5 мыңға жуық операция жүргізіледі. Қазақстанда алғаш рет біздің орталықта микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия сияқты жаңа бағыттар енгізілді. 80 жаңа медициналық технология енгізіліп, жоғары технологиялық емдеуді елімізде қолжетімді етті. Бұрын орталық ашылғанға дейін жоғары технологиялық медициналық көмекке мұқтаж науқастардың 80%-ы мұндай емді Қазақстанда ала алмайтын.

2024 жылы клиникада 5 234 пациент емделсе, оның ішінде 599-ы – балалар. 4 421 адам МӘМС аясында, тағы 813 адам мемлекеттік кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ем алды.

Айта кету керек, гамма-пышақ технологиясы бойынша жасалатын операциялардың тиімділігі жоғары. Бұл аппарат мидағы ісіктерді, қан тамырлары мен функционалдық ауруларды бас сүйекті ашпай және наркозсыз емдеуге мүмкіндік береді. Бұл медициналық көмек түрі 2021 жылдан бастап МӘМС пакеті аясында қолжетімді болды.

Осы уақыт ішінде 2000-нан астам операция жасалды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында МӘМС аясында 2 582 адам медициналық көмек алды, оның ішінде 269-ы – балалар.

Орталықта бір науқасты емдеу құны – 400 мыңнан 7 миллион теңгеге дейін. Бұл емнің бағыты мен күрделілігіне байланысты.

«Жаңа технологиялардың енгізілуі және олардың сәтті қолданылуы шетелдік пациенттердің де назарын аударды. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен 470-тен астам адам Ұлттық нейрохирургия орталығында емделді», – деді «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асылбек Қалиев.


Рекомендовать
Последние новости