Арқалық кен орнынан 7 мың тоннадан астам отқа төзімді саз балшық заңсыз өндірілген

Ақтоты Жапатова 03 сент. 2025 11:50

Қостанай облысында «ОГНЕУПОРСНАБ» ЖШС-нің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергелуде,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Қостанай облысы бойынша департаменті кәсіпорынның Арқалық кен орнынан 7 мың тоннадан астам отқа төзімді саз балшықты заңсыз өндіріп, сатқанын анықтады.

Агенттік таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, бұл әрекеттер азаматтық-құқықтық дау емес, халықтың ортақ меншігі саналатын табиғи ресурстарды ұрлау және мемлекеттің экономикалық әрі экологиялық мүдделеріне зиян келтіретін қылмыстық іс болып бағаланады.

ЖШС директоры адвокаттың қатысуымен жауап алынған. ҚМА мәліметінше, оның құқықтары толық сақталған, қандай да бір мәжбүрлеу шаралары қолданылған жоқ.

Сонымен қатар агенттік әлеуметтік желілерде А.С. Нұрғазинді қорғауға бағытталған кейбір жазбаларға қатысты пікір білдіріп, мұндай ақпаратты «заңсыз әрекетті ақтау» деп атады.

– Қоғамдық кеңістікте шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат тарату ресми тергеуге кедергі келтіру болып табылады, – делінген агенттік хабарламасында.

Тергеу әлі де жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.


Рекомендовать
Последние новости