Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трампт Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевті қабылдады. Оның қатысуымен екі ел арасындағы бейбіт қарым-қатынас орнату туралы декларацияға қол қойды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Құжатта тараптар бұған дейін келісілген бейбіт келісімді бекіту және ратификациялау жолында ілгерілеу міндеттемесін алды. Сондай-ақ әскери қақтығыстардан бас тарту, бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығына құрмет көрсету мәселелері бекітілді.
Декларацияға дейін екі елдің сыртқы істер министрлері бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастар туралы келісім мәтінін қарап шығып, оның мазмұнын мақұлдаған.
Құжаттың негізгі тармақтарының бірі – өңірдегі көлік қатынастарын ашу және Әзірбайжанның негізгі аумағы мен оның анклавы Нахичеванды Арменияның Иранмен шекаралас бөлігіндегі аумақ арқылы байланыстыратын көлік дәлізін құру. Жаңа бағытқа «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған Трамп дәлізі» атауы берілді.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Анна Келлидің айтуынша, дәліз Арменияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына толық құрмет көрсету аясында жұмыс істейді. Ұзындығы 32 шақырым болатын дәліз адамдар мен жүктердің еркін қозғалысын қамтамасыз етіп, өңірдегі экономикалық интеграцияны күшейтпек.
Келісім бойынша, АҚШ бұл жобаны жүзеге асыру құқығын 99 жыл мерзімге жеке иеленеді. Дәліздің іске қосылуы Әзербайжан мен Түркия арасындағы көлік байланысын нығайтып, өңірлік инфрақұрылымдық дипломатияның маңызды бөлігіне айналмақ.