Аралға жасалып жатқан тәжірибенің Алматыға әсері болуы заңдылық - Алтай Айнабек

Қаракөз Амантай 11 июл. 2024 11:02 9613

"Қолдан жаңбыр жауғызып жүрген" Алтай Айнабек есімді қазақ ғалымы әлемжеліде "жаңбыр адам", "қазақтың Тони Стәркі" деген лақап аттарымен танылып келеді. Алтай - Климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының (International Center of Climate Change Technologies) басшысы, “Жасанды жаңбыр жауғызу” технологиясының авторы. Бірнеше жыл бұрын Маңғыстаудағы қуаңшылық мәселесін шешуге атсалысқан маман қазіргі таңда Аралдың жай-күйіне ерекше назар аударуда.

Маман "Арал өңіріне жаңбыр жауғызамын" деген ойын ортаға салды.

Соңғы күндері еліміздің оңтүстік өңірлерінде жаңбыр жауу көрсеткіші жиілеп кетті. Ал "қырық күндік шілденің" аптап ыстығына еті үйреніп қалған халық жаздың қақ ортасында нөсерлеп төккен жауынға аң-таң. Табиғи құбылыстың тосыннан келген сыйына дайын болмаған жұрт бұл "Құдайдың емес, Алтайдың жаңбыры" деген алып-қашпа әңгімелерді алға тартуда.

Желдей есіп жатқан аталмыш ақпараттарды ғалым жоққа шығармайды. Айтуынша, Аралға жасалып жатқан тәжірибе аталған өңірлерге әсер етуі әбден мүмкін.

"Біз Қазақстанда жұмыс жасаған мерзімдер: 2021 жылдың қазан айы, 2022 жылдың наурыз , сәуір, мамыр айлары және 2023 жылдың тамыз айы. Сонымен қатар 2024 жылдың 18 маусымынан бастап жұмысты жалғастырып жатырмыз. Осы кездердің барлығына ортақ бір құбылыс бар – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында жауын-шашын деңгейі көп болған.

Атмосфера – статикалық емес. Барлық нәрсе айналып тұрады. Экватордың солтүстігінде атмосфера қозғалысы батыстан шығысқа жүреді. Сондықтан Аралға жасалып жатқан тәжірибенің Алматыға әсері болуы заңдылық. Және біз циклондарды технология көмегімен ұзақ уақытқа ұстап тұруға ықпал етіп жатырмыз. Бірақ болашақта, үкімет қолдап, материалдық техникалық базамыз күшейгенде Аралдың тарихи табанының үстіне жауынның біршама бөлігін локализация жасаймыз", - дейді ол.

Ғалым "Аралды суға толтырудың" алғашқы кезеңдерін еңсеріп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл процесс біраз уақытты талап етеді.

"Бірінші кезең – климатты үйрету. Жалпы, Аралдың климаты ғасырлар бойы қалыптасқан. Оның үстіне Арал тартылған соң мүлде басқа климат орныққан. Біз соны өзгертудеміз. Қазір температура біршама түсіп, жауын едәуір артты. Климат үйрене келе, "облака вертикального развития" жасау жеңілдене түседі. Жоғарыда айтқандай материалдық техникалық база күшейгенде басты этап "жауынның Аралдың тарихи табанына локализация процесінде" су тіптен көбейеді", - дейді ол.

Бұған дейін Алтай Айнабек әлеуметтік желідегі парақшасында ауқымды идеясын жүзеге асыруда жоғары лауазымды шенділер мен биліктен ешбір қолдау таппағанын тілге тиек еткен еді. Кезінде ұсынысына мән бермеген шенеуніктердің қазіргі ойынан да бейхабармын дейді ол.

"Биліктің реакциясын білмеймін, бірақ, бір топ адам жария климат өзгертіп жатқанын, оның нәтижелі болып жатқанын байқамай қалуы мүмкін емес шығар", - деп қосты ол.

Айтуынша, бұл жобаны іске асыруда мемлекеттен арнайы қаржы бөлінбеген. Ал алдағы уақытта ел тарапынан белгілі бір деңгейде қолдау болмаса, шетел асып кететінін жасырмады.

"Бізде адам баласымыз, қолдау болмаса, әрине, шетелге кетемін. Түсінікті ғой, барлық адам айлық алады, шығарған өнімін сатады. Аралға қаншама билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар келіп жүр. Олардың барлығы айлық алады әрі іс-сапарға кеткен шығындарын өндіріп алады.

Өкінішке қарай, нақты ешнәрсе шешілмей келеді. Бізге ешкім қаржы бөліп жатқан жоқ. Қазір тіпті АҚШ пен ЕО елдерінде үлкен проблема бар, жерде қалмаймыз. Бірнеше мемлекеттермен келісімдеріміз де бар", - дейді ғалым.

Тұтас бір елдің жүгін арқалауға шешім қабылдаған ғалым аталмыш істің қиындықтарына да тоқталып өтті.

"Климаттық жағдайлар да адамның саусақ іздері секілді. Яғни, қайталанбайды. Сол себепті атмосфера қозғалыстарын әрдайым бақылап отыру керек. "Окошкалар" ашылған кезде, қажет қуатты керек минутымен беріп отыру керек. Яғни, бұл – зергерлік жұмыс.

Жасанды жауын – климаттық технология – әлем бойынша жаңа бағыт. Дәстүрлі технологиялар су қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ете алмайтыны Аралдың қазіргі жағдайынан ақ көрініп тұр, және жыл сайын регресс бола береді", - дейді Алтай Айнабек.

Ғалымның сөзінше, су ресурстарын саяси құрал ойындары етіп отырған топтар да жоқ емес.

"Бірақ біз саясатпен айналыспаймыз. Бізге тек ғылыми, технологиялық кванттық скачек жасау керек екенін ұғындырғымыз келеді. Сондай-ақ Ц5 елдерінің қазіргі жаһандық жылыну кезеңінде су қауіпсіздігін, климат, ұлттық және азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосқымыз келеді", - деді ғалым.

Еске салайық, 2021 жылы қуаншылық салдарынан Маңғыстау облысында шөп шықпай, шаруаларға қиын соққан еді. Осыдан кейін жасанды жаңбыр жаудыру туралы бастама көтерілген болатын.

Сол мақсатты жүзеге асыру үшін "Грант Қазақстан" корпоративтік қорының "Central Asian Center of Climate Change Technologies" серіктестігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі арасында 3 жақты келісім жасалды. Осы тұста жоба жетекшісі Алтай Айнабек орнатқан қондырғылар нәтижесінде Маңғыстауға жасанды жаңбыр жауған еді.

Ал бірнеше аптадан бері Арал өңірінде жасанды жаңбыр жауғызу жобасы қолға алынды. Қуаңшылықтан көз ашпай, экологиялық ахуалды бастан кешіп отырған Арал тұрғындары үшін бұл күтпеген жаңалық болды.


Рекомендовать
Последние новости