Ар-ұяттан гөрі атақ пен сыйлық қымбат па?

Dalanews 08 февр. 2018 08:45 1263

Пара алу, жемқорлық секілді жиіркенішті қылмысқа қоғам төзбейтін ахуал қалыптасуы керек еді. Өкінішке қарай оны ақтайтын, қылмысқа тартылғандарға ара түсетін, тіпті, ақтауға тырысатын жағдайға душар болған екенбіз.

Әу баста бір топ қайраткер шығып, қылмысын өзі мойындап тұрғанына қарамастан, Ерлан Біләлді «сүттен ақ, судан таза» деп бетін жыртып, жылап-сықтады, «дарынды адам пара алмайды» десіп еңіресті. Бірақ, ақша көрсе актер де жолдан таяды екен, дарындылығына қарамастан (шынын айтсам, қандай образ сомдағанын білмейді екенмін). 

Обалы нешік, Ерланның ерлігі қателігін ашық мойындауы болды.
Сот үкімі оқылғанда, әлгі атақтарынан ат үркетін қайраткерлер ат-тондарын ала қашып қарасын көрсетпеді.

Оларға азаматтан гөрі оның лауазымы қымбат болған шығар. Мәнсабынан айырылғаны анық болған соң «аш пәледен қаш пәле». Ал, актеріміз өткен іске өкінген де шығар, бірақ, атағы мен сыйлықтарына жармасып, зар иледі. Ар-ұяттан гөрі атақ пен сыйлық қымбат заман-ай, десеңші! 
Енді біраз жұрт «небары миллион жарым-ақ пара үшін 52 млн теңге айыппұл салып ауыр жаза кесті» десіп шулап жатыр. Пара мен ұрлықтың аз-көбі болушы ма еді?! 

Қазір болмашы мәнсапқа қол жеткізгендердің көбі пара алуға, бюджеттің ақшасынан жымқырып қалуға тырысатыны бәрімізге белгілі. Бір анығы – лауазымдық қызметтің қай түрін де дәл қазір ешкімнің дарын-қабілетіне, біліктілік-қарымына қарап әділ түрде ұсынып жатқан жоқ. Не бір сұрқия алаяқтар мен ақымақтар да екі тізгін, бір шылбырды қолына алып, өздерінен неше есе ақылды, білімді жандарға көсемсіп отыр.

Жай көсемсіп қана қоймай біліктілілерге өлердей өшігіп, қысым жасап, тықсырып, қуғындап жатыр. Ертеңгі күні тағы біреу ұрлық үстінде ұсталса «ол залым емес, ғалым еді», «қазақтың біртуарының қызы еді», «пәленшекеңмен сыйласқан адамның ұлы еді» деп ақтап алуға тырысып жүрмесек болды ғой.

Себебі, қазір мәнсаптылардың үлкені де, кішісі де қарпып қалуға, іліп кетуге, жымқыра беруге қатты әуестеніп кеткен. Қысқасы, ұсталмағанның бәрі ұры емес. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің жұмысына атсалысып, қол ұшын бермесек те, шын жемқорларға ара түспей тыныш отырайықшы, тым құрығанда! Заңымызды сыйлап үйренейік!

Қуандық Шамахайұлы 


Фейсбук парақшасынан




Рекомендовать
Последние новости