Ақтауда тағы бір заңсыз құрылыс сүрілді

Dalanews 21 дек. 2023 13:38 1190

Ақтау қаласы, Өмірзақ селосы, Приморский тұрғын үй массиві, Лазурная көшесі, №60 жер учаскесінде заңсыз салынған 5 қабатты тұрғын үй сүрілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқалидің айтуынша, басқарма 2022 жылғы 1 желтоқсан айында жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген.

Тексеріс қорытындысы бойынша, аталған тұрғын үйдің ешқандай рұқсатнама құжаттары рәсімделмегені, техникалық және авторлық қадағалаушылардың сүйемелдеуінсіз құрылыс жүргізгені анықталып, меншік иесіне құжаттарды заңдастыруға 1 жыл уақыт берілген.

– ҚРӘҚБтК 316, 321 және 463 баптарымен әкімшілік хаттама жасақталып, айыппұл сомасы мемлекет меншігіне өндірілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату және құжаттарын рәсімдеуге нұсқама берілді. Құрылыс салушы тұлға берілген нұсқаманы елемей, құрылысын жалғастырды. Тиісінше құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату және құжаттарын рәсімдеуге нұсқама берілді, – деді Дәурен Өтепқали.

Алайда, құрылыс салушы тұлға берілген нұсқаманы елемей, құрылысын жалғастырған. Басқарма Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес, өз бетінше салынған ғимаратты бұзу үшін талап арыз жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, күшіне енді.


– Бүгінде қалада жылу мәселесі өзекті. Негізгі себеп – заңсыз құрылыстың көбеюі. Сондықтан, заңды түрде рәсімделмеген нысандарды бұзу керек. Екіншіден, бұл үйлер тұрғындар үшін де тұруға қауіпті.

Қазіргі таңда, қала бойынша 28 заңсыз құрылыс анықталды. Оның 4-і сүрілді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табады. Бұл тұста үлескерлерді заңсыз тарту фактілері болғандықтан құрылыс компаниясы қаражатты қайтаруы және үлескерлер алдындағы міндеттемелерді орындауы тиіс, – деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.

Айта кетейік, заңсыз құрылысты сүру жұмысына меншік иесі мен үлескерлер де қатысты. Оларға тұрғын үйдің заң жүзінде бұзылып жатқандығы түсіндірілді. Енді үлескерлер өз қаражатын заңсыз құрылыс салушыдан құқықтық тәртіппен өндіріп алуға құқылы.

 

Рекомендовать
Последние новости