АҚШ-та өскен қазақ қыздары 20 жылдан соң Қазақстанға келді

Қаракөз Амантай 13 мая 2025 09:39 270

12 мамырда АҚШ азаматы асырап алған қарағандылық қыздар Астанаға келді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Хабар” телеарнасының мәліметінше, олар 2005 жылы 25 бала болып бір ұшақпен Калифорнияға аттанған. Енді араға 20 жыл салып, туған жерге алғаш рет табан тіреді. Қыздармен бірге олардың асыраушы анасы Шэрон да келді. Ол Қарағандыдағы балалар үйінен бірден бес қазақ қызын асырап алған.

Бүгінгі сапар – Қазақстанмен қайта қауышуға, түп тамырын тануға бағытталған маңызды қадам. Қыздар енді бірнеше апта бойы туған елін аралап, ұлттық мәдениетпен, тарихпен, салт-дәстүрмен тереңірек танысады.

Бұл кездесуді ұйымдастыруға төрт жыл бойы отбасымен байланыста болған медиаменеджер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Дайырбаева ұйытқы болды.

“2021 жылы Шэронның отбасымен алғаш рет байланысқа шықтым. Оның туған екі ұлы бар, ал 2005 жылы Қарағандыдағы балалар үйінен бес қазақ қызын асырап алған. Осы жылдар ішінде бұл қыздарды не ел, не елшілік, не консулдық, не туған анасы іздемеген. Оларда тек балалар үйінің естеліктері ғана қалған. Менің арманым – олар осы заманғы Астананы, бүгінгі Қазақстанды көріп, елдің қалай өсіп-өркендеп жатқанын өз көздерімен көру еді”, — дейді Гүлмира Дайырбаева.

АҚШ-та өскен Сүйкімді есімді бойжеткен туған еліне алғаш келуінің әсерімен бөлісті.

“Бұл жерде болу – мен үшін әрі қуанышты, әрі ерекше сезім. 19 жылдан кейін туған әпкеммен қайта көрістім. Бізді қазақтың салт-дәстүрімен қарсы алды. Бауырсақтың дәмі есіме түсті. Калифорнияда да ұлттық тағам сататын дүкендер болатын, бірақ олардың атауын дәл қазір есіме түсіре алмай тұрмын”, — дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости