АҚШ-та жас саясаткер студенттер алдында сөйлеп тұрған сәтте оққа ұшты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция дерегінше, оқ көршілес кампустың шатырынан атылған. 31 жастағы Чарли Кирктің қазасын Дональд Трамп растады. АҚШ Президенті марқұмды «ұлы, тіпті аңыз тұлға» деп атады. Трамп елде туларды түсіруді бұйырды.
«АҚШ-тағы жастарды Чарлиден артық ешкім түсінген де, сезінген де жоқ. Оны барлығы жақсы көрді әрі құрметтеді, әсіресе мен. Енді ол арамызда жоқ. Мелания екеуіміз оның жары Эрикаға және отбасына көңіл айтамыз. Чарли, біз сені жақсы көреміз!» – деді Трамп әлеуметтік желіде.
Кирк өлімші жарақатты Юта алқабы университетінің Орэм қаласындағы кампусында күндізгі сөз сөйлеуі кезінде алғанын CBS жазды. Полицияның айтуынша, оқ 180–200 метр қашықтықтан атылған. Бейнежазбаларда оқ атылған сәттегі дыбыс пен Кирктің құлап түскені, көрермендердің абыржып қаша бастағаны көрінеді. Жараланған Киркті ауыр халде ауруханаға жеткізді, бірақ екі жарым сағаттан соң қайтыс болды.
ФБР директоры Каш Пателдің айтуынша, Кирктің болжалды қылмыскерін ұстаған, алайда әзірге оның жеке басы жарияланбады.
Чарли Кирк АҚШ-тағы ең танымал консервативті жастар қозғалыстарының біріне айналған Turning Point USA ұйымын құрғаны үшін белгілі. TPUSA мақсаты – жастар арасында оңшыл идеяларды, дәстүрлі құндылықтарды және экономикалық либерализмді насихаттау болатын. Кирк мықты шешен саналды, радио мен подкасттарда сөйледі, телеэфирлерге шықты және АҚШ Республикашыл партиясының съездеріне қатысты.