АҚШ пен Түркия татуласты. Путин қайда қалды?

Dalanews 03 июл. 2021 05:07 986

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ-пен арадағы келіспеушілік артта қалып, тараптардың әріптестіктің жаңа кезеңіне аяқ басқанын мәлімдеді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ақ үй басшысы Джо Байденмен НАТО саммитінде жеке жүздескен Ердоған кездесудің нәтижелі болғанын айтты, әрі екі ел арасындағы қарым-қатынасқа бұдан былай сызат түспесіне сенім білдірді. 

“Түркия мен Америка әріптестіктің жаңа сатысына аяқ басты. Бұдан былайғы диалог екі тарапқа да тиімді арнада өрбиді деп сенемін. Бұған дейінгі өкпе-реніштің бәрі артта қалды. Байденмен келіссөз нәтижесінде уағдаласқан дүниелердің бәрін рет-ретімен іске асырып, бұл кездесуден барынша пайда алуға тырысамыз. Бұдан былай Түркия мен АҚШ-тың арасындағы әріптестік байланыс беки түсетін болады”, – деді Ердоған.  

Түркия президенті тараптардың пікірі тоқайласа бермейтін түйткілді тұстар бар екенін мойындады. Алайда уақыт өте бұлардың тігісі жатқызылып, мемлекетаралық қарым-қатынас қалыпты арнаға түсеріне күмәнданбайды. 

Ердоған тілге тиек еткен жайт – Байденнің армяндарға қатысты мәлімдемесі.


Ақ үй басшысы өткен ғасырдың басында Осман империясының қолынан қаза болған армян ұлтының трагедиясына тоқталып, мұны геноцид деп таныған еді. 

Артынша Түркия СІМ-і АҚШ елшісін шұғыл түрде Анкара шақырып, оған Байденның мәлімдемесіне орай наразалық нотасын табыстаған.

Ердоған Америка президентінің асығыс тұжырым жасағанын әрі мұның шындыққа сәйкес еместігін айтқан. Ғасыр бұрынғы оқиғаға әділетті баға берілмегенін, соның нәтижесінде  түрік ұлтына жазықсыз жала жабылғанын мәлімдеген.

Байденмен кездесуден де кейін де түрік басшысы осы тұжырымнан айныған жоқ.

Оның пікірінше Түркияның АҚШ-қа жаулығы жоқ, алайда кімнен болса да өзінің саяси һәм экономикалық позициясын құрметтеуді талап етеді.


“Түркияның геосаяси мүддесі мен осы бағыттағы беталысына құрметпен қарауды сұраймыз, бар талабымыз осы ғана. Бұдан бөлек елдің өз ішіндегі және сырттағы террорлық ұйымдарға қарсы күресінде әріптестер тарапынан көмек көрсетілсе артық болмаса еді”, – деді Ердоған. 

Байденмен кездесуден көңілі тоқ оралған Ердоған жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында Түркияның АҚШ-пен арадағы одақтастықты одан әрі арттыра түсуге әзір екендігін мәлімдеді. 



Одақтасуға әзірміз! Түркия президентінің осы пікірі Кремльдің жанды жеріне тигенге ұқсайды. Соңғы бір апта бойына Мәскеудің пропаганда құралдары Ердоғанның жер-жебіріне жетіп, “сатқындық” жасағанын кешіре алмай жатыр.

Мәселен, Кремльдің сойылын соғатын сарапшылар пулындағы антитүрікшіл саясаттанушы Геворг Мирзаян: 

 “Түркия АҚШ-тың арқасүйері. Ақ үй Ердоғанның көмегімен Мәскеуді тежеп отыр” дейді. 


Айтуынша, түріктерсіз НАТО-ның қауқары жоқ, түріктерсіз Ресейдің алдында Батыстың тізесі қалтырап кетеді екен. 

“Ресейді тежеп отыру үшін АҚШ-қа Түркияның азулы болғаны керек. Түріктердің көмегімен Оңтүстік Қапқазда дүрбелең туғызып, Мәскеудің назарын Батыстан басқа арнаға бұру қажет. 

Түркияның көмегімен Орта Азияны Кремльдің ықпалынан босатып алғысы келеді. Қырымды кері қайтарып, Сібірді бөліс-тартысқа салуды көздейді.    

Қытайға төтеп беру үшін де АҚШ үшін Түркияның айбынды, адуынды елге айналғаны қажет. Осы арқылы Бейжіңнің Орта Азиядағы амбициясын тежеп, аталған аймақта қытайлардың сауда жасауына кедергі келтірмек. Түркияны түгел мұсылманның қорғаушысы ретінде көрсетіп, Бейжіңге қарсы партизан соғысын ашқан ұйғырларға ықпал етуді көздейді”, – дейді Мирзаян мырза. 

Иранның тәбетін тежеу үшін де Америка Түркияны пайдаланады. Қажет деп тапса Ирандағы қалың орман әзірбайжандарды дүр көтеріп, Тегеренды әп-сәтте сабасына түсіреді. 

Сөй деген Кремль идеологы Иранның мұндай сценарийден қауіп күтетінін, сондықтан Түркияға қарсы шығудан қаймығатынын айтыпты. 

“Ердоған Байденнің кез-келген қалауын орындайды. Кез-келген уақытта қол ұшын созуға сақадай-сай тұрады. Түркия Америка үшін субмердігер іспеттес”, – дейді пропагандист. 

Бұл ретте Түркияның Ауғанстаннан кеткен Америка әскерінің орнына аталған аймақты күзетуді мойнына алғанын мысалға келтіріпті. Бұған: 

“Байденның бұйымтайын орындасақ АҚШ-тан бізге қажет салаларға дипломатимялық, логистикалық әрі қаржылай  көмек аламыз”, – деген Ердоғаннің сөзін ілік етіпті. 


“Түркия АҚШ-тың алдында сонысымен де бағалы. Ердоғанның “біз одақтаспыз” деуі бекер емес”, – дейді ол. 

Түсінгеніміз, Кремль идеологтары, оның ішінде армян мүддесін қорғайтын сарапшылар сайлау алдында түрік оппозициясын қолдауға уәде берген Байденнен үлкен үміт күткен тәрізді. Олардың ойлағаны орындалмай, тауы шағылған түрі бар.   

“Байден алдап кетті. Сайлау алдындағы сертінен тайды. Ақ үйге кіріп алғаннан кейін Түркияға қатысты позициясын босаңсытып, Ердоғанмен тіл табысып алды”, – дейді Мирзаян. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости