АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі грин-карта ұтыс ойыны бағдарламасын (Diversity Visa Lottery) уақытша тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы X әлеуметтік желісінде Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм хабарлады. Оның айтуынша, шешім президент Дональд Трамптың тапсырмасымен қабылданған. Бұған Браун университеті мен Массачусетс технологиялық институтында (MIT) болған атысқа күдікті адамның 2017 жылы АҚШ-қа дәл осы бағдарлама арқылы келгені белгілі болғаны себеп болған.
«Бұл қорқынышты адам біздің елге ешқашан кірмеуі керек еді. Президент Трамптың нұсқауы бойынша мен АҚШ-тың Азаматтық және иммиграция қызметіне (USCIS) DV1 бағдарламасын дереу тоқтатуды тапсырамын. Бұл апатты бағдарламаның салдарынан бұдан былай америкалықтар зардап шекпеуі тиіс», – делінген хабарламада.
Ресми деректерге сәйкес, Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласында Браун университетінің инженерлік-физикалық корпусында болған атыс салдарынан екі адам қаза тауып, тағы тоғыз адам ауыр жарақат алған. Қаза тапқандардың арасында Өзбекстаннан келген студент бар.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілдері зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.
Айта кетейік, Gun Violence Archive деректеріне сәйкес, 2025 жылдың басынан бері АҚШ-та 389 жаппай атыс оқиғасы тіркелген. Ал өткен жылы мұндай жағдайлар саны 500-ден асқан.
