Ақмола облысында әйел адам ауыл әкімі мен полиция қызметкерлері үйіне келгеннен кейін ауруханаға түсті

Қаракөз Амантай 29 дек. 2025 09:25

Ақмола облысында Қараөткел ауылының тұрғыны әкім мен полиция қызметкерлері үйіне келіп кеткеннен кейін ауруханаға түскен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"26 желтоқсанда сағат 19:39-да мені алдын ала ескертусіз Қараөткел ауылының әкімі Абзалбеков Бауыржан Сүндетбайұлы полиция қызметкерлерімен бірге үйіме келді. Ешқандай қоңырау, хабарлама, не келісім болған жоқ. Мен – науқаспын, мүгедекпін. Түсіндірілмеген мақсатпен кешкі уақытта келулерін мен маған қысым көрсету деп бағалаймын", – деп жазды Қараөткел ауылының тұрғыны Жанар Хасенова Instagram парақшасында.

ҚазТАГ мәліметінше, әйел күтпеген қонақтардың келу сәтін видеоға түсіріп жариялаған. Бейнежазбаға қарағанда, әкім полицейлермен бірге оның жариялаған жазбасына байланысты келген, әрі бұл мәселені "басқаша жолмен шешуге болады" деген әңгіме айтқан.

Бұған дейін Хасенова Қазақстан Президентіне видеоүндеу жолдап, Қараөткел ауылының әкімінің тағайындалуы кезінде "жалған дауыс беру" туралы айтқан кеңестердің аудиожазбасы бар екенін мәлімдеген. Осыған байланысты ол түрлі инстанцияға жүгінген. Нәтижесінде ауыл әкіміне қатаң сөгіс жарияланған.

"Қараөткел ауылдық округінің әкімі Абзалбеков Б. учаскелік полиция инспекторларымен бірге азаматша Хасенова Ж. М. тұратын жерге бұрын әлеуметтік желілерде жариялаған видеоматериалына байланысты түсіндіру әңгімесін жүргізу мақсатында барды. Аталған кездесу түсіндіру-профилактикалық сипатта болды", — деп жауап берген Целиноград ауданы әкімі баспасөз қызметі ҚазТАГ агенттігіне.

Сонымен бірге, азаматшаға қысым көрсету, қорқыту немесе өзге де заңсыз әрекеттер жасау ниеті болмағаны атап өтілген.


Рекомендовать
Последние новости