"Ақ жол" партиясы Көрісу күнін шенділермен емес, халықпен бірге қарсы алуды жөн деп шешті – Азат Перуашев

Dalanews 15 мар. 2023 07:01 1071

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған партияның Республикалық штабының мүшелері Жаңаөзен қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев, төраға орынбасары Қазыбек Иса, партия атынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Азат Өтепбай 14 наурыз «Амал» мерекесін халық ортасында өткізуді мақсат тұтып, Жаңаөзен қаласына барды.

Штаб өкілдері алдымен Бекет ата басына зиярат етуден бастады. Жолда Шопан ата, Оғыланды зираттарына құран оқыды.

Құтпан намазын Бекет ата басындағы мешітте оқыған зиярат етушілер Бекет ата өмірімен танысып, әулиенің рухына дұға бағыштады.

14 наурыз күні республикалық штаб мүшелері «KMG EP Catering» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

Үгіт-насихат тобы Жаңа жыл – Наурыздың Амал мерекесінде “сайлау”, “саясат”, “экономика” тағы басқа мәселерлер айтып емес, Жаңаөзен халқын мерекемен құттықтаудан бастады.

Кәсіпорын ұжымы да «ақжолдықтарды» Құрманғазының әйгілі «Адай» күйімен қарсы алып, қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген салт-дәстүріне сай қонақжайлық танытты.

Ұлттық киім мен кимешек киген, ақ жаулықты әжелеріміз әуезді әндері арқылы ақ жарма ниеттерін жеткізді.

«KMG EP Catering» кәсіпорны Маңғыстау және Атырау облыстарындағы кен орындарындағы мұнайшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда компания 1000-нан астам жоғары білікті қызметкерлерден тұрады.

Партия лидері жиында партияның саяси бағдарламасын таныстырып, Парламентте атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Біз Көрісу күнін бюрократтар мен шенеуніктердің арасында емес, халықпен бірге қарсы алуды жөн деп шештік. Сол үшін еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізудеміз.


Өздеріңіз білесіздер, наурыздың 19-күні Парламент пен жергілікті маслихаттарға сайлау өтеді. «Ақ жол» партиясы барлық өңірлерді аралауда. «Ақ жол» демпартиясы елдегі ең тәжірибелі партиялардың бірі. Сайлаушылармен кездесуде біз тек партия бағдарламасы мен жоспарларымыз туралы ғана айтпай, сайлаушылар алдында атқарылған жұмыстар жөнінде де есеп береміз.

Соңғы 3-4 жылда, Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғалы бері, 10-12 жылдан бері табандылықпен ұсынып келген «Ақ жол» демпартиясының бастамалары жүзеге аса бастады.

Мысалы, қазір көпішіліктің несиесі бар, бұл халық мойнындағы қамыт. Біздің партия 8 жыл бойы «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды қабылдау үшін күресіп келді.

Сегіз жыл бойы Үкімет ұсынысымздан бас тартып келген. Биылғы жылдың 3 наурызында бұл заң күшіне енді. «Ақ жол» демпартиясы Парламенттік фракциясы құрылған соң өз жұмысын жалғастырады.Сіздердің қолдауларыңызбен Парламентке өтіп, ел үшін еңбек етуді жалғастыратынымызға еш күмәнданбаймыз, – деді А.Перуашев.

Жиналған қауымды көктем мерекесімен партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса да құттықтады.

Ол партия саяси бағдарламасының басым бағыттарына тоқталды. «Алаш» идеологиясы, әкімдердің қызмет атқаруы кезінде партия қатарынан шығуы, әділ сайлау туралы айтты. Ол еңбек ұжымын сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауға шақырды.


Сонымен қатар, «ақжолдықтар» «МұнайСпецСнаб» ұжымымен кездесті. Партия лидері саяси бағдарламаның негізгі алты бағытын атады: Тәуелсіздік пен «Алаш» ұлттық идеясы, демократия мен парламентаризм, сыбайлас жемқорлық және де-офшоризациямен күрес, әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау, сыртқы саясат. Парламентаризм мәселесіне, соның ішінде үкіметті жасақтауға жан-жақты тоқталды. Демпартия Үкіметті парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керек деп санайды. Сонда бұл партия өз Үкіметінің барлық жетістіктері мен кемшіліктері үшін жауапты болады.

Ашық әңгіме форматында өткен кездесуде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, шетелдік мұнай-газ компанияларымен жасалған келісімшарттарды қайта қарау, жемқорлар шетелге шығарған қаржыны елге қайтару, жер мен жер қойнауы Қазақстан халқының меншігі болып табылатындығы туралы норма мәселелері талқыланды.

Жиын барысында қызметкерлердің бірі тендерлердің тұрақтылығына қатысты сұрақ қойды.

– 2014 жылы Үкімет «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңнан «қазақстандық тауар» мен «қазақстандық өндіруші» ұғымдарын алып тастаған. Тек «Ақ жол» демпартиясының депутаттары ғана қарсы шығып, бұл нормалардың сақталуын 9 рет дауысқа салып, 9 ретте де «Нұр Отан» мен коммунистер біздің ұстанымға қарсы дауыс беріп, сатып алулар туралы заңнан отандық бизнестің қорғалуын алып тастады.

Нәтижесінде біз ұлттық компаниялар мен ірі кен өндірушілердені қазақстандық компанияларды қорғау үшін «Мемлекеттік сатып алу» туралы заң қабылдауды талап етіп жиырма шақты депутаттық сауал жолдадық, алайда, ұдайы сол ұсыныстарымыздан бас тартылды.

Тек өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 1 қыркүйектегі жолдауында сатып алудың жаңа жүйесін әзірлеуді  тапсырған болатын. Қаржылық қолдау көрсетілген жағдайда мемлекет бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпорындарға басымдық береді. Мемлекеттік және квазимемдекеттік ұйымдардың сатып алударын біріңғай платформаға көшіру. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік сатып алудар туралы жаңа заң дайындалуда, ол Парламентке түскеннен кейін біз бұл жұмысты жалғастырамыз, – деді А.Перуашев.

Келесі сөз кезегі «Autsource Director Ltd» ЖШС директоры, «Ақ жол» демпартиясының партиялық тізім бойынша кандидаты Азат Өтепбайға берілді.

– Біздің саяси бағдарламамызда квазимемлекеттік секторды қысқарту мәселесі қамтылған. Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасында делдалдық құрылымдарды жоюдың экономикалық және саяси қажеттілігі туындады.

Кәсіпкерлікті қолдау үшін құрылған даму институттары іс жүзінде мемлекет бөлетін қаражат пен ресурстарды шоғырландырып, оларды көбінесе сыбайлас жемқорлық механизмдерімен байланыстыратын өз сүзгісі арқылы тарататын рөлді атқарады.

Кәсіпкерлерге көмек ретінде бөлінген миллиардтаған қаржы әдейі пайдаланылмай, екінші деңгейлі банктердегі депозиттерге жылдар бойы жинақталып, алынған пайыздар бірнеше миллиондық сыйақылар мен бонустар түрінде менеджерлер арасында бөлінеді, – деді А.Өтепбай.


Сондай-ақ, «ақжолдықтар» Жаңаөзен қаласындағы Рахмет Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жаттықтырушылары және қала тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында «Ақ жол» партиясының кандидаттары партия бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік әділеттілік, қаланың инфрақұрылымы, медициналық сақтандыру, халық тұтынатын тауарлар бағасына қатысты мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жиналғандарды медициналық сақтандыру, қолжетімді әлеуметтік баспана және ипотекалық несиелендіру тақырыбы қызықтырды.

«Ақ жол» фракциясы бұған дейін де депутаттық сауалдарында жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын. Сол кезде партия төрағасы өз депутаттық сауалында шағын тұрғын үйлер салып, бірінші қабаттарда оқу орталықтарын, тігін цехтарын немесе шеберханаларды орналастыруды ұсынған. Осылайша жастарды баспанамен қамтамасыз етіп, оларға жұмыс көзін ашу көзделген.

«Ақ жол» демпартиясы алдағы уақытта да Парламентте Үкімет алдында жүйелі проблемаларды көтеретін болады», – деп сендірді республикалық штаб мүшелері.

Рекомендовать
Последние новости