Ана құдіретіне тағзым...

Dalanews 01 дек. 2022 08:09 1227

Ағымдағы жылы Алматы қаласындағы баспалардың бірінен ауылшарушылығы ғылымдарының академигі, Бараев атындағы сыйлықтың иегері Айбын Төрехановтың «Кемеңгер ана, кенен келін» атты өмірбаяндық сипаттағы әжесі Мәриямкүл мен анасы Ырысжанға арналған әже мен ананың қазақ отбасындағы рөлі мен бала тәрбиесіндегі орны, ұлттық әдет-ғұрып пен салт дәстүрдің күнделікті өмірдегі қолданысы мен ұрпақтар сабақтастығындағы аналардың сыйластығы, ізгі қасиеттері барынша қамтылған ерекше  бір жинағы жарыққа шықты. 

Жоғарыда айтқанымыздай кітаптың алғашқы беті «Асыл әже» айдарымен ғалым ағамыздың өмірдегі аяулы әжесі болған, бүкіл әулет, ауыл «апа» деп қадір тұтқан, жан жүрегі мейірім мен шапағатқа толы, айналасына ақылдың нұрын шашқан, ұрпағының тілеуін тілеуші Мәриямкүл Болатай қажы қызының аналық асыл қасиеттерінен бастау алады.

Әжесінің әу бастағы жаратылысынан келбеті мен жандүниесінің тамаша үйлесімі жарасқан әрлі кісі болғандығы, сонымен қатар тәрбиенің де тектілік тегеурініне байланысты болуымен бірге, «жеті атасынан қаракөк үзілмеген отбасына келін болып түсуі» де көп нәрсені аңғартқандай.

Себебі, бұл әулетте Суан тайпасының бірлігіне, абройына сызат түсірмеген, аймаққа әйгілі Қожбамбет билермен, әбсүгірден шыққан Шойнақтай, азаттықтың алдаспаны болған Әтікейдей батырлармен сырлас та, сыйлас болған жандардың ұрпағы еді.

Тағы бір ерекшелік, Мәриямкүл анамыз Суанның Тоғарыстанынан тарайтын Ханкелді мен Мырзакелді руларының жеті атадан асқаннан кейінгі байырға бабалардан келе жатқан дәстүр бойынша боз биенің қанын ағызып, екі рулы елдің жақсыларына сауын айттырып, ағайындықтан алыстап құда-жекжаттыққа қадам басқандығын әйгілейтін, Суанның аузы дуалы абыздарынан бата алу рәсімінен басталуы да ерекше құбылыс. Мұндай бақыт алғаш келін болып ақ босаға аттаған кез-келген қазақ келінінің маңдайына жазылмаған тарихи сәттің бірі екендігі даусыз.

Келін болып түскен кезден бастап-ақ, туыстық жүйенің түпқазығы отбасы екендеген бірден түсінген Мәриямкүл анамыз ұлдарын нарға балап, қыздарын арға баулып өсірген. Өз құрсағынан шыққан ұрпағын тәрбиелей отырып, қарға тамырлы қазақтың туыстық жағынан да барлық алыс-жақын ағайын мен құда, жекжаттың көңілін тауып, олардың да зор ілтипатпен сыйластығына ықпал еткен зерек жан.

Күнделікті өмірде тазалық пен ұқыптылықты пір тұтқан, киіну мәнерінде – екі шықшыты зерлі жіппен көмкерілген, кеуде тұсы ұлттық ою-өрнекпен сырылған кимешек киуінің өзі келіндерге өнеге. Етек-жеңі зерленген түрлі-түсті масаты камзол мен аяқтағы жұмсақ мәсімен жүруі арқылы қазақы болмысты қатаң сақтауының өзі бір ғанибет емес пе?!.

Демек, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері мен еңбекқорлығы бір бойында үйлесім тауып, тұла бойымен, іс-әрекетімен қазақылық болмысты айналасына паш етіп тұратын аяулы ана. Сондай-ақ, қимыл-қозғалыстағы ширақтығы, өжет мінезі мен ойын астарлап жеткізер сыпайылығы мен шешендігі және шешім қабылдардағы батылдығы, әншілік қасиеті өзінің кіндігінен тараған барлық ұрпақтарына берілгендігі де қуантарлық жағдай.

Апамыздың тағы бір ерекше қасиеті ағайын арасындағы ренішті «жаным құрбан» деп, барлығының өкпесін басып, ренішін тарқатып, қияннан қиыстырып бәрінің басын бір дастарқан басында біріктіріп, бір қазаннан ас ішкізіп кез-келген даулы мәселені ушықтырмай сол мезетінде асқан мәмлегерлікпен шеше білуі еді.

Сонымен қатар тағдырдың қайбір қиындығы болса да қасқайып қарсы тұрар өжеттігі, ұрпағының болашағына болжау жасап көрегендік таныта білуі мен ізгілікті жанына серік еткен асыл қасиеттері қашанда ұрпақ жадында. Ол кісінің бұл бағытта қазақ халқына тән – өзара түсіністік, қуанышты бөлісу мен қиындыққа бірігіп қарсы тұрумен қатар,  ағайын-туыстық қатынастағы абысын-ажынның, көршілердің ынтымақ-бірлігінің  ауадай қажеттігін де терең түсініп әулеттің, ауылдың береке-бірлігінің тізгінін тең ұстаған абыз ана екендігі де айқын суреттелген.

Ендігі кезекте Айбын ағамыздың туған анасы Ырысжан Жарасбекқызының бойындағы аяулы аналарға тән ізгі қасиеттерге тоқталсақ, осы кітаптаға «Жақұт жан» атты мақаланы алдыға тартамыз. Бұл жерде ана бойындағы асыл қасиеттер – Жер-Ана, Табиғат-Ана ұғымындағы шексіз құдіретпен үйлесімді ұштастырылған. Қазақ халқына тән ежелден келе жатқан дәстүрдің бірі  «анаға, қыз балаға» – деген құрмет пен қастерлеуден тұратыны да айшықты жазылған. Оған дәлел ретінде ертеден ел аузында аңыз болған – Ұмай ана, Тұмар, Зарина патшайымдар мен Үйсін заманындағы Домалақ аналармен қатар есімдері ұранға айналып бүкіл бір  рудың аты болған батыр аналарымыз бен қыздарымыздың болғандығы тілге тиек етілген.

Қандай қоғам болмасын мемлекеттің болашағы жас ұрпақ болатыны баршаға аян, ал, сол жастардың өмірге келуі, тәрбиесі, отбасының  берекесінің бірден-бір тірегі ана. Міне, сол үшін де қазақ қауымы үшін «Ана» деген әрқашанда қастерлі ұғым. Демек, кез-келген отбасының ұйытқысы, келешегі мен жүрегі – ол ана!

Себебі, мынау жарық дүниеде баласына деген ана махаббатынан артық құдірет жер бетінде жоққа тән. Демек, сол мейірім мен шапағатқа толы аналық махаббатты жандүниесімен сезініп, балалық ақжүрекпен тебірене отырып қағазға түсірудің өзі де көпшілікке бұйырмаған, даралыққа ұмтылған бірегей тұлғаның ғазиз жанының рахаты емес пе?!.

Олай дейтінім, кішкене кідіріс жасап, ой таразысына салып көріңіз. Ағамыз, әжесінің бауырында жүрсе де «анасының жаратқаннан сұрайтын тілегі, әрбір ісін, сөйлеу мәнері мен бар жүрегімен елжірей қараған көзқарастарын, әжесінің көзін ала бере құшырлана сүйіп, барынша еркелетіп, әрбір ісі мен басқан қадамына жүзі жадырап, жан-тәнімен шаттана қуанатын әзиз анасының...» асыл бейнесін жүрегінің түкпірінде сақтап, жылдар бойы жиналған сағыныштың сары табы сыртқа қарай лықси қозғалғанда, жанарды тұмшалаған ыстық жасты тежеп,  толқи отырып қағазға түсіруі, оқып түсінген, анасының аяулы алақанын сағынған адамның жандүниесін тебірентпей қоймас...

Міне, ананың балаға, баланың анаға деген мәңгілік асқақ махаббатының шексіздігі.

Балаларына деген мейірімін төге жүріп, жарына да адал болып, балабақшадағы қызметін де абыроймен атқарды. Әжесінің де көңілін тауып, алыстан келуші ағайындар мен ауыл ақсақалдары, қызметтес мамандарға, келімді-кетімді қонақтарға арналған берекелі дастарханынан әрдайым қазақтың жеңсік асы – қазы-қарта, жент, науат, ет үзілген емес. Жекелеген қонақтардың аттанарында әжесінің ұсынар арнайы сыбағасы мен тарту-таралғысы және бар. Ұлтымыздың қанына сіңген жомарттық пен қонақжайлылық қасиет те өскен әулеттің шырайын келтіріп, мәртебесін асырған.

Иә, ақын Әдепхан Төреханұлының жұбайы болған анасы әйелге тән ибалықпен жеке басынан гөрі көпшіліктің, ағайынның, бала-шағаның да   алдында ерінің абройын жоғары ұстағандығы, ол кісінің ақылдылығы мен көргендігінің айғағы іспетті. Күннің қай мезгілі болса да ерімен бірге келген, өнер, ақын, жазушылардың біріне де қабақ шытқан емес, төрге шығарып төредей күтіп сыйлаған, ыстық ықластары мен ізгі баталарын алған мейірбандығын айтсайшы.

Мысалы, Ырысжан анамыздың ақ пейілімен жайған дастарханынан: халық әртісі Дәнеш Рақышев, ән тарланы Нұрғали Нүсіпжанов, әйгілі сазгерлер Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, қаламгер Ақкөл Отарбаев, ақындар – Өтежан Нұрғалиев, Әбен Дәуренбеков, Қасенхан Талғаров, Жұматай Жақыпбаевтармен қатар, тарих пен әдебиеттің саңлағы Ақселеу Сейдімбеков, профессор Қойшығара Салғарин, сөз шебері Сабыр Шүкіров,  академик Ануар Байжұманов, қоғам қайраткерлері Мырзахмет Молдахметов, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы, «Тарлан» сыйлығының иегері Жүсіпбек Қорғасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Байтұрсын Өмірбеков сында қазақтың небір марқасқа  оғаландары дәм татып, ризалығын білдірген еді.

Міне, қарапайым ғана қазақ аналарының өнер адамдары мен жазушы, халқының құрметіне бөленген бірегей тұлғаларға деген жүрекжарды ілтипатының өзі қандай баға жетпес  ұлылық. Осындайда, «Ұлылық – қарапайымдылықта» деген ғибратты сөз өзі-ақ көкейге оралады.

Жоғарыда айтқан Мәриямкүл әжемізден басталған өмір көші – Дәулетхан, Әуелхан, Әдепхан, Базархан, Ғани сияқты ұлдарына жалғасты. Олардың өмірлік серіктері болған ибалы келіндерге ұштасып, елге танымал ақын, әнші, ғылым докторлары мен лауазымды азаматтарды дүниеге келтірді. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешіп, бір әулеттің қадірменді анасы болған әжеміз өз кіндігінен тараған 121-ден астам ұрпаққа үлгі, өнеге болып, олардың жүрегінен мәңгілік орын алды.

Мінекей, ғалым ағамыз Айбын Төреханов өзінің «Кемеңгер ана, кенен келін» кітабында әжесі мен анасына деген жүректен шыққан ізгі лебізі мен ішкі толғанысы арқылы бүкіл қазақ аналарының болмысын паш еткенін байқаймыз. Қазақтың ұлан-ғайыр даласында осындай қарапайым отбасынан бастап жоғары мемлекеттік дәрежеге дейінгі аралықтағы ұлтымыздың ұйытқысы болып, береке-бірлігі мен абройын асқақтатқан сұңғыла аналарымыз барлық заманда болған және бола береді.

Қазақ қоғамындағы ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі болған рухани жандүниесі бай, тектілігімен, сұңғылалығымен дараланған абыз аналарымыз туралы том-том кітап жазсақ та еш артықтығы жоқ. Ананың ұрпаққа деген шексіз махаббаты, мейірімі, жарына деген адалдығы, досқа деген ақ пейілі мен ағайынға арналған бауырмалдығы адами қасиеттердің ең ұлығы. Ана тақырыбы – ол мәңгілік тақырып. Сондықтан да ақындарымыз жырлағандай «...Сыйынар ем, ана деген – Тәңірге!» деген өлең жолымен аз-кем толғанысымыз әзірге осымен тәмәм! Осынау әлемдегі бар тіршілікке нәр беруші, өмір сыйлаушы аналар махаббатына мың тағзым..!..

Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жаркент қаласы.

Рекомендовать
Последние новости