Әміржан Қосанов: "Өкпе-ренішті ұмытайық"

Dalanews 03 дек. 2019 14:08 1546

«Халық теріс айналған саясаткерді қайта-қайта жылтыңдатып жариялай бергендерің жөн бе? Қосановқа сенбейміз. Көңіліміз қалған. Ел енді оның өзіне де, сөзіне де иланбайды. Көз алдымызда көлбеңдете бермеңдерші», – деп Dalanews-тің кейбір оқырмандары кейитіні бар.

Мәселе бізде болса бір жөн, саясаткер сұхбат беруін доғарар емес. Бұл жолы Ферғана агенттігінің тілшісімен тілдескен Қосанов газетке басуға сұранып тұрған бірде-екілі оқшау ой айтыпты. Амалсыз аудардық.

Саясаткер әлі де болса райынан қайтпапты. Өзіне дауыс берген сайлаушыларды сатып кеттім деп санамайды. Өткен сайлаудың нәтижесіне өкінгенімен, опық жедім деп ойламайды.

Керісінше, Парламент сайлауында бір жұдырыққа жұмылып, ұжымдасуға шақырып отыр.

Ол былай дейді:

«Түннің бір уағы еді. Он ойландым, жүз толғандым. Шешімді өзім қабылдадым.

Иә, ертеңгі күні мені жүрексіздігім үшін табалап, әлсіздігім үшін жазғыратындар атойлап шығатынын білдім.


Сонда да болса іштегі түйсік жібермеді. Ішкі түйсікке сүйеніп, сайлау нәтижесі туралы мәлімдеме жасадым. Бұл менің таңдауым еді», – дейді Қосанов.

...

«Сайлаудан соң бірталай адаммен жүздесіп, дидарластым. Қонаққа да бардық, тойда да жүрдік. Көпшілігі: «Мен сізге дауыс бердім» – деді.

Әлбетте оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Әйткенмен, сіздердің Қосановты қолдағандарыңыз, біздің жеңіске жетерімізді білдірмейді», – дейді саясаткер.

...

«Мен, мына мен сайлауды мойындасам да, билікті мойындаған жоқпын.

Егер Тоқаевтың жеңісін жоққа шығарар болсам, келесі күні Әблязовтың айтағына еріп, тапа-тал түсте алаңда тұрар едім.


Егер алаңға шығар болсам билік те бес қаруын сайлап қарсы жауап қатуға әзірленер еді.

Әблязовтің әләуләйі әншейін дүниеге айналып, алаңға 4 мың емес, 15-20 мың адам дүр көтеріліп шығар еді. Ашынған халық пен зұлымдық жасаудан тайынбайтын биліктің арасында қантөгіс болар еді. Билік ереуілге шыққан елді аяусыз басып, жаныштар еді.

Бүгінгі жүйе билікті оңайшылықпен бермейді. Егер менің соңымда төрт құбыласы түгел, айрандай ұйыған оппозиция тұрғанда мүлде бөлек шешім қабылдар ма едім...».

...

«Бұл істі өзге бір саясаткер мойнына алғысы келсе, халықтың қаны төгілгенін қаласа, аналардың көз жасына қалғысы келсе алаңға бастап барсын, қарсылығым жоқ. Тек мен емес!

Менің ит терімді басыма қаптағандар мені қанша жерден әжуалап, қорлағысы келсе де бір нәрсені жоққа шығара алмайды.

Менің сайлауға қатысуым қоғамдағы азаматтық белсенділікті бұрын-соңды болмаған деңгейге шығарды»


...

«Кейде ойлаймын, осы сайлауға қатыспай-ақ қойғаным дұрыс болар ма еді деп...».

...

«Сайлау өтті. Дүние бүлінген жоқ. Көшеде емін-еркін жүремін. Танығандар айналып өтпей, аман-саулық сұрасып жатады.

Кейбіреулер WhatsApp-қа жазып, дұрыс шешім қабылдағанымды айтып, құптап жатады.

Елдегі тыныштықты шайқап-төкпей, сабырлық сақтағаным үшін алғыс айтатындар өте көп. Олардың арасында игі жақсылар да, кәсіпкерлер де, қарапайым адамдар да жетіп артылады. Өзім де айтып жүрмін, біз төңкеріс емес, эволоцияның соқпағымен жүру керекпіз».

...

«Дәл қазір «Нұр Отанға» қарсы азаматтар бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, айтыс-тартысты доғарып: «жігіттер, бұл біз үшін Парламентке өтер оңтайлы сәт», – деген ұранның төңірегіне топтасуы керек. Мен барлығын өкпе-ренішті ұмытуға шақырамын».

 

Дайындаған Думан БЫҚАЙ


 

Рекомендовать
Последние новости