Жуырда бұрынғы әділет министрі Азамат Есқараев Қазақстанның Үндістандағы елшісі болып тағайындалды. Биыл 9 қаңтарда министр қызметімен қош айтысқан шенеунік біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалса да, сәуірдің басында елшіліктен орын тапты.
Қазақстанда бұрын министр, әкім болған белді шенді-шекпенділердің елдегі қызметтен кейін елшіліктен жылы орын табатыны жиі байқалады. Бұл тәжірибенің артында не тұр? Елшілік "жарамсыз" шенділер баратын орынға айналды ма? Dalanews.kz сауалдарына танымал саясаткер Әміржан Қосан жауап қатты.
Әкімдік пен министрліктегі жылы орынды елшілікке айырбастағандар кімдер?
Елшілік - қандай да бір мемлекеттің екінші мемлекеттегі ресми өкілдігі, оның қызметіне өз мемлекетінің мүддесін қорғап, саяси, экономикалық, мәдени байланыстарды нығайту жатады.
Сөз басында қозғаған Азамат Есқараев биыл 7 сәуірде Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. Ізінше бірқатар елшілікте ауыс-түйіс жүрді.
Нұрлан Жалғасбаев Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды да, Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы, Бангладеш Халық Республикасындағы, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.
Сондай-ақ, Әлім Қирабаев Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды.
Былтыр мамырда батыс өңірін біраз басқарған Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысы әкімі қызметінен кетті. Бір айдан соң Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. Сөйтіп ол да өз орнын тапты.
Бұрынғы сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та Қазақстанның Нидерландыдағы төтенше және өкілетті елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу ұйымындағы тұрақты өкілі қызметін атқарып жүр. Әрине, тізім мұнымен бітпейді. Мұндай шенділер қатары көп-ақ.
Ескіден қалған жаман әдет пе? Әміржан Қосанның пікірі
Саясаткер, қоғам қайраткері Әміржан Қосанның пікірінше, кадрлық оқшантайдан шығып қалған лауазымды шенеуніктердің кенеттен қызмет саласын ауыстырып, шетелге елші боп кетуі – кешегі ескі Қазақстаннан қалған теріс те тұрпайы дәстүр.
"Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл әдісті үш мақсатта (және де өте-мөте тиімді әрі нәтижелі) қолданып жүрді. Біріншісі – дәл бүгін елде аса қажеті жоқ шендіні уақытша "дипломатиялық демалысқа" жіберу. Алайда уақыт өте ол кадрлар қайтадан президенттің айналасына оралып, ел ішінде қызметін жалғастыра берді. Екіншісі – пәлеге ұшырап немесе істі боп қалған фавориттерін ел назарынан таса ғып, жұрт улап-шулап болғанша, шетелдегі "құрметті айдауға" аттандыру. Ондай кадлардың кейбірі қайта оралып жүрді, ал кейбірі сол кеткенімен мол кетіп жатты", - дейді сарапшы.
Саясаткердің сөзінше, үшінші мақсаттың саяси астары бар.
"Билікте жүріп, сосын президентке қарсы шығып, оппозиция қатарына өткен белгілі тұлғаларды да Назарбаев шетелдік миссияларға жіберіп отырды. Оппозицияның кейбір өкілдері ондай алдаусыратуға көніп жатты, кейбіреуі көнбей кетті. Әрине, басқа елдерде мұндай тәсілдер қолданып келеді. Алайда жұрт солай етеді екен деп, ол тәжірибені айна-қатесіз Қазақстанда қайталау міндетті емес шығар", - дейді ол.
Елші болу анау айтқандай оңай қызмет емес. Мұны Әміржан Қосан да қуаттайды.
"Шымшықты сойса да, қасапшы сойсын, дипломатия секілді аса терең білім мен кәсіби біліктілікті, керек десеңіз, ерекше коммуникациялық қасиеттерді, екінің бірінде жоқ харизманы қажет ететін аса жауапты (елші деген өзі қызмет атқарып жатқан елдегі Қазақстанның толыққанды, толықмәнді өкілі һәм символы емес пе?!) міндетті кез келген кешегі әкім не министр атқара алмайды! Сол себепті мұндай үрдісті өз басым қолдамаймын", - дейді ол.
Сарапшы қызметінен босап қалған шенеунікті сәтті "пайдаланудың" басқа жолын айтты.
"Белгілі бір саланы басқарып, содан кейін әртүрлі себептермен қызметінен кеткен министр сол саланың маманы ретінде жұмысын жалғастыра берсін. Ол үшін міндетті түрде бірінші басшы болу қажет емес: сол салада жаңа бизнес ашсын, өзінің қабілетін танытсын. Сол кезде бізде кадр саясатында белгілі бір тұрақтылық, бірізділік, дәстүр пайда болады. Кресло деген әкесінен қалған мұра емес қой, басқаларға да мүмкіндік берсін. Әйтпесе, бізде ескі қазақстандық дәстүр әлі жалғасуда: әкім не министр болған адамдар өле-өлгенше сол резервтен шықпай, жылы орнынан айрылмай жүре береді. Ол адам зейнетке шыққанша тұтас ұрпақ мемлекеттік қызметке араласа алмай, зардап шегеді", - дейді саясаткер.
Бұл тенденция өз кезегінде кәсіби мамандарға да кедергі екен.
"Бұған дейін сыртқы істердің не екенін білмейтін шенділердің елші секілді жоғары мәртебелі қызметке келуі дипломатиялық қызметтің абырой-беделін арттыра қоймасы да түсінікті. Және де жылдар бойына карьералық дипломат боп, бар ғұмырын осы салаға ысырап етіп келе жатқан кәсіби мамандардың жолын бөгейді", - дейді Әміржан Қосан.
Сөз аяғында саясаткер елші қызметіне үміткерлерді Парламент сынынан өткізу керегін айтты.
"Бұл күрделі әрі мемлекеттік кадр саясатына өлшеусіз кесірін тигізетін түйткілді проблеманы шешудің бір жақсы жолы бар, ол – елші қызметіне үміткерлерді Парламентте талқылап, бекіту. Сонда отандық дипломатиямыз кездейсоқ адамдардан біржолата құтыла алады", - деп түйіндеді сөзін сарапшы.