Әлиханға тісі батпаған Сталин қандай саяси әрекетке барды?

Dalanews 01 апр. 2016 22:23 1509

Қыр баласы – елағасының Қазақстанның жер халық комиссариатынан қашан шығарылғаны қандай жұмбақ болып келсе, оның Мәскеуге қашан және қалай оралғаны да әзірше сондай құпия болып тұр. Бірақ, Мәскеудегі бір бөлмелі коммуналдық пәтерін босатуды талап етпегенімен (оған да тәубә деп ойлады ма, кім білсін), И.Сталин оған енді басқа қызмет не жұмыс ұсынбады.

alashorda dalanewes kz

Көп ұзамай А.Байтұрсынұлынан бастап Алашорда автономиясындағы кешегі үзеңгілестерінің үстіне қара бұлт жинала бастайды. 1929 жылы Алашорда мүшелерінің басым көпшілігі тұтқындалып, түрлі ұзақ мерзімдерге кесіліп, Кеңес Одағының түк-түкпіріндегі азап-өлім лагерлеріне айдалады. Сол жылдың мамыр айында Ә.Бөкейхан Алматыға тергеуге шақырылады. 27 мамыр күні болған жалғыз тергеудің барысында оның хаттамасына Алаш көсемінің «Алашорданың құрылған уақытынан тарағанға дейінгі қызметі жайында мен жолдас Каширинге айтып бергенмін» деген бір-ақ ауыз жауабы жазылыпты. Ол жылы Алаш көсемінің өзін тұтқындап лагерге айдауға не, «Алашорда басшыларының совет өкіметіне қырын қарайтын және оған қарсы соғысқан бөлігінің көзін жою» туралы 1922 жылғы жоспарын жүзеге асыратын «қолайлы» мезгіл әлі келмегендіктен, оны атуға И.Сталиннің жүрегі бара қоймаған тәрізді. Алыс та болса туған елі мен қалың қазақтың алдындағы кіршіксіз абырой-беделі әлі биік, ықпалы зор Ә.Бөкейханды тұтқындаса, елі тұра көтерілі ме деген күдікке әлі толық негіз бар еді. Қазақ көсеміне тісі батпаған И.Сталин бар өшін оның туған-тумаларынан, үзеңгілестерінен алғанға ұқсайды.

 

Туған інісі – Смахан төренің жазуынша, кенже інісі Базылхан «бай-кулак» деген айыппен Новокузнецкіге айдалып, 1932 жылы 48 жасында көз жұмады; інісі Қасымхан Әбдіханұлы өлім жазасынан 1928 жылы аман қалып, 1936 жылы Алматыда опат болады; жақын туысы Мәнерхан Шолақұлы – 1933 жылы айдалып, хабар-ошарсыз кетеді; тағы бір туысы Қожайхан Мәтханұлы – айдаудан әскерге шақырылып, із-түссіз жоғалады…

 

Туған-тумаларының осындай қайғы-қасыретінен хабары болды ма, жоқ па – белгісіз. Әйтсе де қара уайымға салынбай, Алматыдағы тергеуден Мәскеуге оралысымен, азап лагерлеріне Мәскеу арқылы айдалған үзеңгілестерін теміржол бекетінде күтіп алып, оларға шамасы келгенше азық-түлік, жылы киім-кешек, қалам-қағаз ұстатып жіберу қамымен болып, ізінше оларды босатып алудың бар айла-амалына мықтап кіріседі.

 

«Жазасын» Карелия түбегі мен Архангельск облысындағы өлім лагерлерінде өтеп жүрген Мағжан Жұмабайұлы 1934 жылы М.Горький мен оның әйелі – Халықаралық Қызыл Крест ұйымы комиссиясында қызмет істеген Е.Пешкова хат жазыпты деген мәлімет бос дақпырт, миф. Әрине, жазса жазған да болар. Алайда ол хат лагерь басшылығынан, НКВД-ның тезісінен өтпес, лагерден бір адым аттап шықпас еді. Алаш қайраткерлерінен бостандықта жалғыз қалған да, үзеңгілестерін босату үшін Е.Пешкованы араға салған да Ә.Бөкейхан болатын. Шамамен 1935-1938 жылдары Мәскеуде тұрған Жиханша және Халел Досмұхамедұлдарын есепке алмаса да болады. Өйткені, ол екеуі 1929-1935 жылдары «Алашорда ұлтшылдық ұйымының ісі» бойынша сотталып, айдауда болып қайтқан-ды. Ж.Досмұхамедұлының 1938 жылы НКВД тергеушілеріне берген жауабына қарағанда, олар айдаудан қайтқаннан кейін қит етуге қорқатын болған: «В разное время как до ссылки, так и после ссылки, а также встречаясь с казахскими националистами мы говорили о том, что в результате коллективизации почти половина казахского народа вымерла, вспоминали наши алаш-ордынские дела, о том, что в случае войны против Совесткого Союза будут происходить массовые аресты… Говорили о том, что казахи друг к другу больше не ходят, не общаются, ибо боятся органов НКВД, т.к. происходит слежка за каждым, говорили о массовых арестах в Казахстане, в частности, об аресте наркомов-казахов, высказывали по этим вопросам свое недовольство, нас удивляли происходящие аресты наркомов».

 

Үзеңгілестерінің жаппай қуғын-сүргінге ұшырағаны аздай, жалғыз күйеу баласы, қазақтың жас та болса көрнекті мемлекет қайраткері, дарынды жазушы әрі публицист Смағұл Садәуқасұлы аяқастынан жұмбақ дертке шалдығып, 1933 жылы Кремль ауруханасында 33 жасында қайтыс болады. Марқұмды жерлеуге қайын атасы Ә.Бөкейхан, зайыбы Әлиханқызы Елизавета, ұлы Ескендірмен бірге Мәскеуде РСФСР ОАК төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Т.Рысқұлұлы мен Н.Нұрмақұлы және т.б., елден жазушы С.Мұқанов зайыбы Марияммен бірге келіп куә болады.

 

Ия, елағасының «мәскеу кезеңі», әсіресе 1930-жылдарды қайғы-қасыретке толы болса, қуанышқа бөлеген сәттері де жоқ емес-ті. Қызы Лизанжан медицина институтын тәмамдап, немересі Ескендірмен бірге қолында қалып, әкесінің ізін қуып мамандығы бойынша ғылымға бет бұрады [№№ 29, 30 суреттер]. Ұлы Өктай-Сергей – тау-кен институтын бітіріп, қай жылы екенін айту қиын, әкесінің зор қуанышына сай 1930 жылдарға қарай үйленеді. Әлекең екінші немересінің маңдайынан иіскеп үлгермеді: Евгений Өктайұлы – 1938 жылы дүниеге келеді . Ал 1934 жылы СССР Ғылым Академиясының төралқа жиынында бүгінгі Жезқазған түсті металдар кен көзін игерудің қажеттілігі мен тиімділігі туралы үлкен баяндама жасап, онысы ғылым ордасының «Большой Джезказган» атты академиялық жинағымен сол жылы басылып шығады. 30 жасына қарай Сергей Әлиханұлы да әкесіне тартып – үлкен ғалым әрі көрнекті өнеркәсіп және мемлекет қайраткері болатын сыңай танытып үлгерді. Жезқазған кенішін игерудің басы-қасында сонау баста кім тұрды деген сұрақ – әлі бейтарап әрі тиянақты зерттеуді талап ететін маңызды тақырып. Бұл да тарихтың бір зор ақтаңдақ беті. Тарихтың әділдікті атайтын кезі келді.

 

Дереккөз: «Әлихан Бөкейхан» кітабының 9-томы

 

Дереккөзі: alauinform.com

Рекомендовать
Последние новости