Алтын қанжар немесе Айбергеновтің бізге беймәлім тарихы

Dalanews 27 янв. 2017 14:26 1452

Мен жерге түскен жалғыз дән


Жапырақтардан сөйлеген…»


Төлеген Айбергенов



 



 

Дарын иесі, әсіресе, ақын туралы сөз қозғағанда оқырманды қызықтыратыны — ақынға ақындық қасиеттің кімнен дарығандығы… Ал менің әкем Төлеген Айбергеновке ақындық қасиет — анасы Жібектен, танымдылығы, көрегендігі, алысты болжай алатындығы әкесі Айбергеннен дарыған болуы керек. Төлеген Айбергенов туралы аз жазылған жоқ. Бірақ көп деуге де болмас. Кейбір әдебиет жанашырларының мақалалары, тұстастарының естеліктері, ақын-жазушылардың еңбектерінде аты аталып, өзіндік дауысы бар, арынды ақын екені мойындалғанымен, оның бүкіл шығармашылығы жан-жақты талданып, жете реттелген жоқ. Бұл мақала — сол келер күндер еншісіне жүктелген істің бастамасы ғана.



[caption id="attachment_23154" align="alignright" width="204"] Салтанат Айбергенова[/caption]









Мақала авторы: Салтанат Айбергенова

Сөз басын әжемнен бастағанды жөн көріп отырмын, себебін оқырман оқи келе түсінеді деп сенемін. Төлеген Айбергеновтің анасы – Жібек Қонарбайқызы. Мекені — Ақтөбе облысы, Табын ауданы. Руы — Ысық — Әжімбет — Шона. Келін болып түскен жері — Табын — Бәйбіше — Бесболат, соның ішінде — Тілеуі. Көздері күлімдеп тұратын, сопақ жүзді, бұйра шашты, қара торы кісі екен.

Әжем желкілдеп жаңа  өсіп келе жатқан кезінде әкесі қайтыс болады да, төрт бала жетім қалады. Үлкені — Жібек, інісі — Құдайберген және екі сіңлісі бар. Ол кезде жесір әйелдің күні күн бе, шешесі байғұс кісі есігінде, Қарағұл деген ауқатты жамағайынына жалданып жұмыс істеп жүреді. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығады, сондағы ойы — балаларын аштан қалдырмай, аман сақтап өсіру. Кейде көмек берсін деп Жібек әжемді де ерте кетеді екен. Ауқатты адамдар болған соң, үйінен қонақ үзілмейді ғой, күнде не күнара мал сойылады, малдың ішек-қарны, әрине, әжемдердің үлесіне тиеді. Сондықтан да болар, әжем ішек-қарын тазалағанда, жүн иіргенде алдына жан салмайды, өйткені байдың үйі күзем алса, жүн береді, қысқасы, соларға сүйеніп күн кешеді. Өздерінде де бірер қара болады, соның жалына  жармасып, қиын күндерге жаратамыз деп айырылмайды, сонда да шиеттей бала-шаға болған соң, қалай көбейсін, өсімін алдын ала жеп қояды екен.

Әжемді енесі бауырына басқандықтан, анасы атын атамай, «Еркежан» дейді екен. Бірде шешесі есіктен кіре: «Еркежан, атаңдардың үйіне қонақ келіп қалды, саған шай құйып берсін деп жатыр, үстіңе дұрыс киіміңді киіп бара ғой», — дейді. «Атаң» деп отырғаны – өзі жалданып отырған үйдің отағасы Қарағұл. Жібек әжемде қайбір жөнді киім бола қойсын, сол байдың қызы тұрмысқа шыққанда бірсыпыра киім беріп, «байытып» кеткені болмаса. Соларды киіп, шашын түзеп шыққанда, өзі де бойшаң болғандықтан ба, жасы небәрі он алтыда болса да ересектей көрінеді. Қонақтар отырған бөлмеге кіріп, дастарқанның аяқ жағына отырып, сызылып шай құяды. Қымызға бөрте тойып, жантайып жатқан кісілер өз беттерінше әңгіме-дүкен құрып отыр. Әжем әңгіме не жайында екеніне мән де бермейді. Осы дастарқан оның болашақ тағдырын шешетінінен мүлдем бейхабар болатын. Сөйтсе, бәрі де алдын ала жоспарланған дүние екен. Жібек әжем шай құюға текке шақырылмаған. Қырық сегіз жастағы Өтепберген деген бай Қарағұлдың үйіне, оны нағашысының асына шақыру үшін ат басын тіреген екен. Әңгімелесе келе Өтепберген қызы Қатшаның бой жетіп, айттырып  келуге құдалары да асықтырып отырғанын, бірақ бұл кісіде шыр етер орынбасар болмаған соң, олар да бата алмай отырғандығы, ұрпақсыз қалайын деп тұрғаны жайында айтып, ауыр бір күрсініп алады. Қарағұл туысына жаны ашып, осында қызметші болып істейтін  жесірдің бойжетіп келе жатқан өте ибалы, ақылды қызы бар екенін айтып, көрсетпекші мақсатпен Жібек әжемді шай құюға шақырған екен. Осы дастарқан басында, әжемнің тағдыры етпісірім сәтте шешіледі. Ойламаған жерден басталған бұл әңгіме қыздың асыл қиялы, талап-талантына бірден балта шабатынын ол кезде кім білген? Араға көп уақыт салмай Өтепбергеннің туыстары «Қалыңсыз қыз болмайды» деп, бір қызға лайық қалың малды Қарағұлға беріп, қайта-қайта әуре болып, бір жұмысты екі етіп жүрмеу үшін, Жібек әжемді өздерімен бірге ала кетеді. Шешесінің жылағанына да, әжемнің қарсылығына да ешкім қарамайды. Осылай он алты жастағы Жібекті ауылдың ақсақалдары перзент үшін қырық сегіз жастағы Өтепбергенге беріп жібереді…

Өтепберген өте бай кісі екен. Өзі шамалас әйелі, бой жетіп қалған Қатша деген қызы болады. Жібек әжемді алып барса, ауылдың ақсақалдарының бәрі көрші ауылда қайтыс болған бір ағайынды жерлеуге кетіп қалған екен. Сол себепті қайтқан кісінің жетісін беріп келгенше Жібек әжемнің беті ашылмай жеті күн шымылдықта отырып қалады. Жас болғандықтан ба, әжем бара сала көтермейді. Бедеу ме деп қырын қараған елдің қабағынан ба, жоқ әлде, туа біткен намысшылдығынан ба, өзі бала бола тұра құдайдан жатса-тұрса бала сұрай береді екен. Бөтен ел, бөтен жер… Жылайын десе айналасындағы адамдардан қысылады, сондықтан әжем өзіне еншілеген бәсіресі — Астаубас түйесін жетелеп, ауылдан алыс шығып, дауысы естілмейді-ау дейтіндей  жерге жеткенде, елін, жерін, анасын, бауырларын сағынып шығарған өлеңдерін айтады екен. Бәсіресін жатса–тұрса қызғыштай қорып, түйекештерге де билетпей, өзі күтеді. Көкірегіндегі бүкіл сырын, назын тыңдайтын сол түйе ғана. Бір күні  Астаубасты  біреу шешіп алып жетектеп кетейін деп жатыр екен, әжем көріп қалады да, айқай салып үйге кіреді. «Астаубасты біреу ұрлап бара жатыр, әкетіп бара жатыр», — дейді. Ел дүрлігіп, жаңағы нарды жетектеп бара жатқан адамды ұстап алады. Сөйтсе ол әжемнің туған інісі Құдайберген болып шығады. Үш-төрт жыл көрмеген соң қараңғыда танымай қалыпты. Бірақ інісінің ісіне намыстанғаннан араға түсе алмайды. Өз бауыры екенін де ешкімге айтпайды. Артынша артынып-тартынып әжемді іздеп анасы да келіп қалады. Мән-жайды анасынан естиді, сөйтсе үлкендер ойнап: «Сенің апаңды бай қалың малсыз алып кеткен, сендерге ештеңе бермеді, саған тиісті Астаубас нар бар, соны желіден шешіп алып жетекте де кет» — деп түрткілесе, баламысың деген, сол сөзге еріп істеп жүрген шаруасы екен. Бірақ бұл туралы ешкімге ауыздарын ашпайды. Содан кейін әжем шешесін де, бауырларын да өмірінің соңына дейін көрмепті.

Алла жар болып, пірлер қолдап, арада үш-төрт жыл өткенде Жібек бала көтереді. Айы-күні жетіп босанар шақта әжем қатты қиналып, үш күн бойы толғатады, бірақ бала дүниеге келе қоймайды. Емшілер де, тәуіптер де — бәрі әжемнің қасында болады. Емшілер әжемді арқанға да асады, мылтық та атылады, даңғыра да қаққан болады… Әйтеуір төртінші тәулікке айналғанда, таң саз бере бастаған кезде, шашы маңдайына түскен өлі қыз табады. Күші кетіп төсекте әбден қансырап жатқанда бейпіл ауыз бір абысыны келіп: «Ойбай, байына шекесі торсықтай ұл тауып бергендей сенікі не жатыс, сенен басқа әйел бала таппап па, оның үстіне, жұрттың бәрін дәмелендіріп өлі қыз тапқаныңды айтсайшы сен тоқалдың, тұр орныңнан шәнимей», — дейді. Сол-ақ екен ыза кернеген әжем орнынан тұрады. Зарығып көрген баласы, ол да жарық күн көре алмады — өзегін өртеген күйіктен бе, жаны қатты қиналғандықтан ба, жаңағы әйелдің сөзін көтере алмай, белін тас қылып түйеді де, үйден шыға бір ізге түсіп алып, Ақтөбенің қақаған суығында басы ауған жаққа қарай көзінің жасы моншақтап отырып кете барады. Қайда, кімге кетіп бара жатыр — оны өзі де білмейді. Төркінді жоғалтқалы қашан? Қолынан келетіні – оларды жоқтау ғана. Үскірген аязды былай қойғанда, жаңа босанған әйел ғой, аяғындағы әміркен етігі қанға толып, мұз болып қатып қалады. Есі де кіресілі-шығасылы. Бәрінен де зіл қара тас сынды қайғы әжемнің бойын билеп, миын шырмап алса керек, ол біресе жас ұл баланы жетелеп: «Әкеңе жүгіріп барып мойнынан құшақта» — десе, біресе жаңа түскен келіншек болып: «Ойбай, масқара, бетім ашық отыра беріппін ғой», — деп ұялғандай болады, біресе бауырларының ортасында өзінің іште бұғып жатқан сырын ақтарып отырғандай болады. Осылай бойын сандырақ билеп, әбден қансырап, құлауға шақ қалған кезде, артынан іздеушілер қуып жетіп тауып алады. Аяғындағы етігі өзіне шақтап тігілген әп-әдемі, кезінде шалы бір етікшіге қыстық соғымын беріп тіктірткен екен, сол етігі аяздан мұз болып қатып қалғандықтан шешіп алу мүмкін болмайды, сонда әжем: «Аяғымды кессеңдер кесіңдер, етігімді кеспеңдерші», — деп жылайды екен. Осы оқиғадан соң, әжемнің бақайшақтары үсіп кетіп, түсіп қалады. Ауыл емшілері оны қарауға кірісіп, ем-домдарын істеп жатады. Жас адамның тыңдығы болуы керек, бас-аяғы бес-алты күнде есін жиып, бір айдан соң өзіне-өзі келеді. Күн — сәске түс, іргеге кішкене шуақ түсті, мен енді мына дүниені өз көзіммен көрейінші дегендей, іргедегі ораулы тулаққа отыра кетеді. Есіктің алдында ойнап жүрген ауылдың жас балаларының ойынын, айтқан сөздерін қызықтап отырса, баяғы абысыны келеді де: «Әй, балалар-ай, ана біздің үйдің қасына барып ойнаңдар, бұл жерде не бар сендерге?» деп үйіне қарай оларды ығыстыра береді. Ішінде бір қара домалақ бала әжемнің айналасында шауып ойнап, ана әйелдің айтқанына көнбесе керек, ашулы әйел баланы ұстап алып, аямай сабайды. Араша түсуге әжемде хал жоқ. Баланың шыңғырып жылаған дауысын есітіп, үйден бәйбіше шығады. Сонда жаңағы әйел оған шағынып: «Жүгермектің тоқалды айналуын қара. Ал мынау неге сүйретіліп шықты деп едім, тұла бойындағы бәлесін балаларға аудармақшы екен ғой, қарашы өзінің сүлдерін», — дейді. Бәйбіше ол әйелге тоқтам айтып жатады… Ол әйелмен тілдесуге, жауап қайтаруға да әл керек. Әжем бетіне бір қарайды да, ішінен тынып ауыр бір күрсінеді.

«Күн жаманы кетеді, адам жаманы қалады» дегендей, қыс та өте шығады. Артынша көктем келіп, жер бусанып, жаз жайлауға көшкенде, Жібек әжем де қатарға қосылып кетеді. Өмір бір қалыпта тұра берсін бе?! Баяғы күн де ұмытыла бастайды. Енді келесі қыс қамына жан-жақты дайындыққа әжем де жанталаса кіріседі. Құрт, май, жент, ірімшіктерін дайындайды. Қазақтың үдере көшуі бар емес пе? Сол кездің қарбаласынан ба немесе ыңғайсыз тиелгендіктен бе, іркіт артқан түйенің жүрісінің нашарлығынан ба, әйтеуір бұзау терісінен жасалған местегі сап-сары іркіт жерге салп етіп, қақ ортасынан айырылады. Ішіндегісі айналаға ақтарыла қалады. Иттердің аңдығаны да сол, тұс-тұстан қара төбет, көктөбет, байтөбеттер жарыса келіп, іркітті қызғанып, бір-біріне ырылдап, жалауға кіріседі. Не істерін білмей тұрған әжемнің ойына өз несібесін алып қалу түседі де, қолында даяр ыдысы да жоқ, жата қалып ит әлі тие қоймады-ау деген жерден жалай бастайды. Сонда ол қылығын көріп тұрған бір қайнысының: «Тфу, бәлекет, несібең иттің ырысынан да күшті екен. Ұрпағың итше шұбырып, несібең бұл дүниеде кем болмас» дегенін әжем өзінің келіні — менің анама айтып берген екен. Араға екі жыл салып әжем тағы да жүкті болып, қыз босанады. Өтепберген қуанып, шілдехана жасайды, бірақ өзі артынша науқастанып қалады да, дүние салады. Қызы да отыруға енді жарай берген кезде қайтыс болып кетеді. Әжем жиырма бір жасында қызынан да, күйеуінен де айрылып, жесір қалады. Қара киіп, екеуін бірге жоқтап, екі жыл отырады. Өтепберген атадан қалған дүние де көп, мал да көп, осы ен дүниенің бәрі шетке кетпеу үшін, әрі жесірін қаңғыртпаған қазақ емес пе, әжем Жібекті әмеңгерлік салтымен Өтепберген атаның інісі Өтеген өзінің баласы Абдуллаға қосады. Абдулла өте жуас жан болады, бірақ әйелі — төркіні мықты, бар жердің қызы, мінезі де шәлкестеу. Келін болып түскенде аяғына алтынмен зерленген кәлөш–мәсі киіп келгені жайлы бүкіл ел шулап айтып отырады екен. Қай заманда бәйбіше тоқалды жақтыра қойған, күндесі әжемді отырса опақ, тұрса сопақ етіп, қызғаншақтық көрсетіп, орайы келсе, шашын жұлып, күн көрсетпейді. Әжем ұл табады, бірақ бала алты айлық болған кезде науқастанып, қайтыс болады. Сол баланың қазасына жиналған ағайын: «Жесірді сабау үшін, жылату үшін ала ма екен, неге тоқалды қорлайсыңдар? Өтепбергеннің талай жақсылығын көріп, көбіміз соның арқасында күн кешпеп пе едік?! Егер шаңырақты қимасаңдар, жесірді әйелдеріңмен келісіп алыңдар, немесе бұл әйелдің де төркіні бар, сыбағасын бөліп беріп, елін тауып қосыңдар», — деп жиналған ел мәселені тіке қояды. Содан бастап Жібек әжемнің басын босатып, малды, дүниені тәрекеге салады. Тәреке деген — бүкіл малды жетіге бөліп, ата-атаға, туыстарына беру екен. Сол жеті бөліктің бір бөлігі әжеме тиесілі болады. Тәрекеден екі келе түйе, бір үйір жылқы, үш отар қой-ешкі, үй жиһазы, алтыны бар, күмісі бар, біраз әшекейлік заттар, үйдің дәскені әжемнің  еншісіне тиеді. Сол тәрекеде Өтепберген атаның немере інісі Түкті мен әйелі екеуі: «Жесірімізді жібермейміз, аламыз» — деп, елден бата сұрайды. Ауыл ақсақалдары баталарын беріп, әжемді Түктіге қосады. Бәйбіше мен әжем өте тату тұрады.  Түкті үлкен ұлы Әлниязды еншілеп әжемнің қолына береді. Әжем сол баланың қалың малын өзі беріп, Ақкенже деген келін алады. Түктіден әжем алты құрсақ көтереді, бірақ Мақпалша, Балқия деген екі қыз ғана тірі қалады, қалғандары шетінейді.

Бір күні әжем босанып отырғанда, Түкті атамыздың өз үйіне  қонақ келіп қалады, соны жайғағаннан соң атамыз  ойында ештеңе жоқ әжемнен хабар алуға келеді. Әжем атамды жейтін бір нәрсе ала келер деп дәметеді, ал ол кісі құр қол келеді. Сөйтсе, әжем ертесіне мазасызданып, көкірегі ісіп ауырып қалады. Түкті атамыздың бәйбішесі оны естіп: «Ой, миым құрсын, қонақпен абыр-сабыр болып жүргенде, ұмытып кетіппін ғой» — деп, айыбына тез бір қойды алдырып сойғызып, пісіріп жіберіп, әжеме: «Жас сорпа іш, сөйтіп, мына ырымды істе, «сен дәметпе, мен де дәметпеймін» деп, біздің табалдырыққа үш рет, көкірегіңе үш рет ұрып қой» — дейді.

Бәйбішеден — үш ұл, екі қыз, Жібектен — Мақпалша, Балқия деген екі қыз өсіп келе жатады. Бірақ бұл бейбіт өмір де көпке бармайды, өкімет халықтың малын тартып алып, елде қуғын-сүргін, колхоздастыру науқаны басталады. Саясаттан бейхабар, бар байлығы мал ғана болған қазақ сол малын аман сақтап қалу үшін жан-жаққа босып, бет-бетіне бытырайды. Түкті елден бұрынырақ Бесқалаға қарай көшіп кеткен ағасы Айбергенді іздеуге бел буады, өйткені ұзын құлақтан: «Ол жақта Айберген үлкен бастық, бір ауыл жұрт бетіне қарап отыр екен» дегенді естиді. Сол Айбергенді маңайласақ, жаман болмаспыз деген оймен Түкті туған-туысқаны, бала-шағасы, мал-жандары бар, қысқасы, тайлы тұяғымен жолға шығады. Ол топқа басқалар да қосылады. Елдің дәстүрі бойынша мал жайылымы сұйыла бастаса болды, көшу басталады… Бірақ бұл көш — басқа көштен өзгеше, жер ауа көшу еді. Барлық адамның көңілі қобалжулы, артта қалып бара жатқан елге, атамекенге деген қимастық, кезек-кезек қош айтысу, кім не деп жатыр дейтін бір жан жоқ, әйтеуір, әркім өз білгенін айтып, теңселіп көшіп кетіп бара жатады. Қалып бара жатқан жердің әр шөбі, қыраты, белі, ой-шұңқыры еске түссе, соны өлеңге қосады. Сол кезден әжемнің есінде қалған шумақ:

«Қоныстан ауа көштік сарылып-ай,

Артыма қарай-қарай зарығып-ай.

Көзіме бір көрінсең туған жерім,

Жүрегім кетер ме екен жарылып-ай?!»

Жолда көш демалысқа тоқтап, азаматтар әкеліп мал сояды, әйелдер жағы ет пісіреді, менікі-сенікі жоқ, барлығы бала-шағасымен отырып, тамақтанады.

Жол-жөнекейгі жаңалықтар: пәленше қайтыс болыпты… түгенше босаныпты… Жаңа туған баланың атын Көшерғали, Көшербай т.б. деп көшке байланысты қойып жатады. Босанған әйелдің жағдайын жасау ешкімнің ойына да келмейді. Жолда біреулер бала үстінде қайтыс болады  немесе жаңа туған нәресте шетінеп жатады. Топырақ осы жерден бұйырды деп, оны да құдайдың әмірі етіп қабылдап, «Көппен көрген ұлы той», — деп, алға қарай жылжып отырады. Сол кездерде әжемнің қыздарының үлкені — он, кішісі  үш жас шамасында екен. Бірнеше күн жол азабын тартады. Ол кезде әр көш артына, алдына жорықшылар жіберіп отырады. Бұлар бір кісіні ұры екен деп алдағы кетіп бара жатқан көштің жорықшысын ұстап алады. Мән-жайды түсінгеннен кейін, қол-аяғын шешіп босатады, ол кісі бұларға: «Сендердің бұлай жүрулеріңе болмайды, қолдарыңда қаруларың да жоқ, ойламаған жерден үкімет ұстап алуы мүмкін, одан да екі күндік жерде адайлар кетіп бара жатыр, сол топқа қосылыңдар. Оларға сендер қуып жеткенше жүрістерін баяулатсын деп хабар айту үшін, араларыңнан біреу маған ілесу керек», — дейді. Жорықшымен бірге кетуге Түкті келіседі. Атпен шапқанда көкірегіне суық тимес үшін кеудесін қайыспен орап алады. Бұрынғы көрген азап — азап па, көресіні енді көреді… Екі күндік жолда кетіп бара жатқан адайлардың көшіне жету үшін, еш жерде тоқтамай жүре беруге тура келеді. Енді жеттік–ау деген кезде, қуанып та үлгермейді, бұларды біраз уақыт күтіп қалған адайлар әрі қарай жүріп кетеді. Сондағы Қырықмылтық адайларға жетеміз деп көрген азабын әжем айтып тауыса алмай отырады екен.

Көш шапқыншылыққа да ұшырайды. Жау ма, қарақшы ма, жоқ әлде, өкімет адамдары ма түсініп жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір тұтқиылдан тап беріп, өздерін ұрып–соғып, малдарын айдап әкетіп жатады. Осы кезде әжемдер де біраз малынан айырылады. Оны ойлауға шама жоқ, әркім бала–шағасы мен қара бастарын аман алып қалудың жолын іздейді. Осындай аласапыранда Түкті ата ауырып қалады да, бәйбішесі мен балалары көштен қалып кідіре тұруға тура келеді. Сол кезде Түкті ата әжеме: «Сен қыздарыңды алып көштен қалмай кете бер, Мүмкіндік болса, Айбергенді тауып ал да, соның елінде қоныстан. Ол кісі – сенің шалың, біздің ағамыз Өтепбергеннің ең жақын інісі, амандық болса, өзім тауып аламын», — дейді. Әжеме көштен қалмай, ере беруге тура келеді.  Ендігі азап — Әмудариядан өту болады. Адамнан айла таусылған ба, мықты болу үшін аттың қылы қосылып есілген арқанды үлкен терекке байлап, ортасын суға тастап, екінші шетін аттың жалына байлап, жүзу білетін ер адам сол жылқыға жармасып, дарияның арғы бетіне өтеді. Ондағы мақсат — судың таяздығы қандай екенін шамалау болса, сонда жүзіп бара жатқан адамның басы бірде көрініп, бірде көрінбей қалады. Ана адам дарияның арғы жағына өткенде, арқанды қайтадан үлкен ағашқа байлап белгі береді. Артынша мықтылау деген екі жігіт сол арқанды бойлап жүзіп отырып қарсы бетке өтеді. Сонымен, мына бетте — екі–үш жігіт, ана бетте екі-үш жігіт арқанның үзіліп кетпеуін қадағалайды. Қалғандары судағы арқанды бойлай отырып, екінші арқанды алдымен — үлкен малдарға, сосын оны тізбектей отырып кіші малдарға байлап, ара-арасына арқанды адамдардың беліне байлап, балаларды, кемпірлерді, ағаштан салы жасап, соған отырғызып, дариядан өткен екен. Әжемдер мұнда да біраз малдарынан айырылып, әйтеуір өздері аман-есен қалады. Сұрастыра келе Айбергенді де табады. Айберген ата, шынымен де, бір ауыл елді басқарып отырған, өзі іскер, есепке де, шаруаға да өте жүйрік, ауа райына дейін алдын ала болжап айта алатын адам екен. Сол ауылдағы барлық қойманың құлпы — қолында, сондықтан атын атай алмайтын келіндері «сегіз құлып» деп атайды екен. Әжем екі қызымен Айберген атаның ауылына келіп қоныстанады.

Түкті ата аурудан басын көтерген соң, інісі Сағиды тауып алады да, дариядан өтпей, Хожеліде қалады. Бірақ көп өтпей Түкті ата мен бәйбішесі дүние салып, «Балалары Ақтөбеде тыныштық өмір орнапты, бұрынғыдан өмір жақсарыпты» дегенді естіп, қайта атамекенге кетуге бел байлайды. Елдеріне қайтып келгенде, оларды «кулак» атандырып, Жамбыл қаласына жер аударып жібереді. Әжем екі қызымен Қоңыратта қалады. Ал Айберген ата ашаршылық кезде алды отызға келген, арты он алтыдағы бес баласынан айырылып, қолында жалғыз қызы Үміт қана қалады. Артында ұрпақ жоқ. Айберген атаның анасы бес немересін жоқтай берем деп соқыр болып қалады. Әжем Жібектің де көзінің алды мұнарланып, нашар көре бастайды. Сол кезде әжемді Жәмше деген әйел «Ырза Ишан» деген жердегі бір көріпкел тәуіпке алып барады. Бұлар есіктен кіре бере тәуіп бірден: «Мына келіншектің ешқандай ауруы жоқ көзі шелдене бастаған, бірақ бір бала тапса, бәрі орнына келеді» — дейді. Ал көзінің тұмандануы әжемнің жанына қатты бата бастайды, бара-бара аяғының астындағы жолды көру де қиынға соғады. Әжем не істерін білмейді. Осы кезде тағдырдың ісі болар, Айберген ата түс көреді. Түсінде бір адам: «Айберген, сенің қасыңа келіп қонған күңнің қалтасында алтын қанжар бар, соны неге алмайсың?» — дейді. Түсін қарындасы Теңгеге жорытады. Теңге: «Бұл түс емес, бұл – аян, сен Жібекті ал, әлі жас қой, бір ұл тауып берер» — дейді. Сөйтіп, әжемді шақырып алып, үшеуара отырып келіседі. Айберген ата әжеме: «Елге қазірше жарияламай қоя тұрайық, бір жағы бәйбіше не дейді, егер шынымен де бала көтеріп жатсаң, той қылып некемізді қиямыз, ал екіқабат болмасаң, атымызды былғамай-ақ қояйық» — дейді. Әжем бұған қарсы болмайды, бір жағы тәуіптің сөзі де есінде… Араға екі-үш ай салып, әжем жүкті болады. Ендігі қиындық – бәйбішенің келісімін алу. Бұл жағдайды қалай түсіндіруді қайтадан Теңгемен ақылдасады. Әуелі: «Үйлендік демей, үйленсек деп айту керек» — деп келіседі, Әңгіменің басын Айберген түс көруден бастайды. Түсінде не аян бергенін айтады. Жібекке үйлену керек екендігін айтқанда, бәйбіше бірден қарсы шағыды: «Үйленсең, жастауына үйлен, өзім де осыны айта алмай жүрген едім — ертеңгі күні біздің ізімізді басар, мына үйдің иесі болтындай тұяқ керек қой. Сенің айтып отырған жесірің отыздың ортасына келген әйел,  бала таба қоя ма, босқа өмірің өтіп кетеді» дейді. Сол кезде шалы ағынан жарылып, барлық шындықты айтады. Бәйбішенің аты — Айсұлу, өте ақылды, парасатты, байсалды, ақпейіл адам болған екен. Мән-жайды білгеннен соң Айсұлу: «Онда неден жасқанамыз? Қасыма көшіріп әкел. Шынында да құдай беріп жатса, баланы өзім бауырыма басамын, оған еміздірмеймін» — деп тікелей шаруаға кірісіп кетеді. Сол күннен бастап екіқабат Жібек әжемді қасына алдырып, қызғыштай қорып, жақсы қарап, не дәмді болса, соны аузына салып, өзінің үлкен келініндей күтеді. «Бірақ баланы емізбестен менің бауырыма салсын» деген талап қояды. Айберген елге жариялап, әжемді той беріп алады. Ай-күні жетіп, дүниеге ұл келеді. Атын Төлеген қояды. Бәйбіше бала туыла салысымен, анасының уызын да еміздірмей бауырына басады. Баланы ешкінің сүтімен асырауға тура келеді. Өзі бағады, Жібек әжеммен екеуі бір адамның әйелі болса да, бұрынғы жолды сақтап, бір-бірімен абысын ретінде қарым-қатынас жасайды. Айбергеннің анасы немерелері шетінен қайтыс болған кезде, суқараңғы болып қалған екен. Сол кісі кіші келінін үлкен келіні жоқта шақырып алып: «Балам, сен мына нәрестені уызға тойдырмасаң болмайды, Айсұлудың емізбе дегеніне қарамай, жасырып, ол жоқта емізіп, уызға, тым болмаса, үш-төрт рет тойғызып қой» — дейді. Жібек әжеме де керегі — сол, бірақ Айсұлумен арадағы сыйластық бұзылмау үшін мұны ашып айта алмайды екен. Енді аңдығаны — баланың оңаша қалуы болады. Қалай бала оңаша қалды болды, ала салады да, емізеді. Сол кезде сәбидің маңдайынан шып–шып тер шығады екен. Бірде сөйтіп, жасырынып емізіп жатқанында сырттан Айсұлудың дауысын естіп, шошып кетіп, баланы қалай сылқ еткізіп тастай салғанын өзі де білмей қалады. Бала шыңғырып жылап қалады. Бір жерін ауыртып алдым ба деген ой көпке дейін әжеме маза бермейді…

Сөйтіп, бір үлкен босағаның тілеуімен дүниеге келген бала менің әкем — Төлеген болатын.

дереккөз: Ақтөбе газеті




Рекомендовать
Последние новости