Алтын өндіруге рұқсат бермедік – Зүлфия Сүлейменова

Dalanews 22 мая 2023 06:39 1236

Шығыс Қазақстан облысына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол Риддер қаласында халықпен кездесу және жеке қабылдау өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында министрге Риддер қаласының дендросаябағына қатысты сұрақ қойылды. Еске салайық, дедропарк аумағында мектеп салу жоспарланған. Тұрғындар білім ошағын басқа жерден салуды өтінді.

– Менің ойымша, бұл саябақты әлі де сақтау керек. Жаңа ағаштарды отырғызуға жылдар қажет. Мен әкімдіктен Бас жоспарды қайта қарап, жұртшылық пен халықтың пікірін ескере отырып, пысықтауды сұрар едім, – деді Зүлфия Сүлейменова.

Бірақ мектеп салып, аумақты абаттандыру туралы ұсынысты қолдағандар да болды. Өз кезегінде Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев болашақ құрылыс алаңының аумағында өсіп тұрған ағаштардың жойылмайтынын, тек жақын маңға отырғызылатынын атап өтті.

Сондай-ақ жиын барысында облыс тұрғыны заңнамалық тұрғыда окситехнология арқылы жасалған пакеттерді өндіруге және сатуға тыйым салуға ұсыныс жасады.


Министр бұл ұсынысты қарайтынын айтып, қазір бұл бағытта барлық жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар, шара барысында Күршім ауданындағы алтын өндіру фабрикасына қатысты сауалдар қойылды. Маралды ауылының тұрғындары ауылда алтын өндіретін зауыт салуға қарсы екенін білдіруде.

– Біздің білуімізше, компания тәжірибелік өндіріске рұқсат алған. Экология министрлігі рұқсат бермеді. Бізге жоба көрсетілген кезде, бізде де өзенге белгілі бір химиялық заттардың түсу мүмкіндігі туралы сұрақтар туындады. Біз мұның бәрін қарап шығып, өз пікірлерімізді қостық. Біздің министрлік алтын өндіруге ешқандай рұқсат бермегенін тағы да атап өткім келеді, – деп түсіндірді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі.

Рекомендовать
Последние новости