Алтай - Атырау

Dalanews 05 апр. 2017 16:25 1775

Адастырмас алдыма ұстап үміт,

Нарынқолдан аттандым құсқа мініп.

«Ал енді өзіңді-өзің ұста, жігіт»

Дегендей қарап қалды ауыл маған

Ауылдан аттандым мен құсқа мініп.

Ақ жаулығын бұлғап тұр ауыл маған,

Мал жатыр майса тауда мамырлаған.

Тау жатыр ұлпа бұлттар дамылдаған,

Бұлақтар бұлғап қалып белбеулерін,

Алыстап, қан барады тауым, далам.

Алыстан шақырады бауыр да анам,

Алыстан сәлем айтып қауым маған.

Алыстағы достарды бір көрейін,

Аспанынан сағыныш - үн берейін.

Бейтанысты мынауың кім демейін,

Бейшарасы болса да қүндемейін,

Құлпырайын даламның гүліменен,

Құмыменен немесе бірге өлейін,

Басы жұмыр пендесін күндемейін!

Алтын теріп әр түйір тастарыңнан,

Бақыт таптым бауырыңнан, асқарыңнан.

Айхай, далам, сусындат дастаныңнан!

Жаяу кезсек ғұмырым жетпейді екен,

Құс боп ұшып өтейін аспаныңнан.

Ән болайын Алтайдан басталынған,

Күй болайын Каспийге тасталынған

Айхай, далам, сәт сапар аспаныңнан!

...Қанын құйып қазақтың мың атының,

Мінгізіп ап қазақтың бір ақынын.

Сен шыдасаң, шыдаймын мен де, ұшқыш,

Жырдан өтер жоқ шығар сұрапылың.

Самға, ұшқыш!

Өлкеммен таныстырам,

Танымайтын жаныңмен табыстырам,

Бауырыңдай жандармен қауыштырам,

Көз алдыңда әртүсті экрандай,

Бір бояудан бір бояу ауыстырам.

Самға, ұшқыш!

Қазақтың көгіменен.

Жүруші едім кездеспей көбіменен,

Берерімді еліме беріп өлем,

Мынау алып ақ құстың қанатымен,

Кең өлкеме кетейін сеуіп өлең.

2

О, Жетісу!

Сандық тау, сандал белім,

Шоқтығы есіп, жал бітіп, жанданды елің.

Күнім туды көгінде самғар менің,

Алатаудан биікпін демеуші едім,

Әттең шіркін, ғарышпен жалғар ма едім!

Жетісуым - жеті құт, ырыс маған,

Барша халық баурында тыныстаған.

Араласып әрбір ұлт достасып жүр,

Аралассын, Адамдар туыс маған,

Алакөз боп, құстана ұрыспаған.

Байлықты айтып несіне мақтанамын,

Балақ, қойнын несіне ақтарамын,

Жетісудың байлығын білмек болсаң,

Бір уыс топырағын ап қарағын.

Екі құлақ, естісем керең болсын,

Егіншінің бұл жерді даттағанын,

Айналайын, Жетісу - алшақ арым!

Құсыңды бұр, ұшқышым, Шығысыма,

Сәлем берем Алтайда туысыма.

Шығысыма, тарт менің ырысыма!

Сірә да, Клондайк, Аляскалар,

Толар ма екен Алтайдың уысына?!

Шығысыма, тарт менің Шығысыма

Сағынышын Катонда қарындастың,

Түйіп кетем жырымның бір ұшына.

Қанатымен ақ құстың шағылысып,

Албырт көңіл барады алып-ұшып.

Алтайдан да биіктеп кеткенмін бе?!

Қауышқам ба аспанмен сағынысып?!

Ақ құсыңды, аяулым, қондыр жерге,

Баяғыда бабамыз жол жүргенде,

Алатын-ды Ертістен қанып ішіп,

Ақ айдынмен ақсақал шағылысып.

Мынау жатқан Марқакөл, Зайсаным ба?

Шығыстағы кішкене Байқалым ба?

Қос жанары Шығыстың сияқты-ау бір,

Қос жанары, ұшқышым, байқадың ба?

Айдынына мәңгілік ескерткіш қып,

Қаламымды тастармын қайтарымда,

Қаласа, алсын Марқакөл, Зайсаным да.

Уа, Шығыс!

Жеріңде емес, көгіңде мен,

Үңіліп Бұқтармаңа көңілденем.

Аспаныңа жыр сызып, өтіп барам,

Құс болып сенен ұшқан темірменен,

Керемет, керемет қой өмір деген!!!

Самға, ұшқыш!

Ертістің ағынымен,

Екі жағы, Ертістің бауыры кең,

Айдын Ертіс, ақ Ертіс асырауда

Айналасын өзінің сауырымен.

Баянға тарт, Баянды сағынып ем,

Тағзым етіп аспаннан, өтейік бір,

Ел ардағы Қаныштың ауылымен.

Осы өлкені осы Ертіс асырайды

Осы өлкенің Ертісі басыбайлы.

...Аялап ұш, аяулым, айналып ұш,

Сонау жатқан жасыл көл - Жасыбайды!

Айқай, заман!

Арқаның даласын-ай

Даласына қаласы жарасуы-ай!

Павлодар - Арқаның ағасындай,

Бұғып қалған жаутаңкөз - Жасыбайы,

Бабалардың құт құйған сабасындай.

Қайтіп, Ертіс, арнаңда ағасың жәй?

Сұрапылды сапырып, аласұрмай?!

Асау Ертіс ноқта ілді, тағаланды,

Сусындатпақ шөлдерді, далаларды.

Ертіс құлап келеді, сүйінші бер

Сүйінші бер, сүйікті Қарағанды!

Армысың, аты әйгілі Қарағандым!

Жылуым, қара алтыным, қара наным.

Кімдердің пальмасынан артық маған,

Бозарған көде, жусан, қарағаның.

Балқаш пен Жезқазғанды екі жаққа ап,

(Алдында екі ініңнің бетің аппақ)

Өзегіңді екі алып жарып шығып,

Төсіңді сорып жатыр екі жақтан.

Қап-қара Қарағандым, бетің аппақ.

Қаныш кезген жерлер ғой, Қаныш тапқан

Қаһарманнан қалған із - табыс, мақтан

Тарихымда Байқоңыр қалды мәңгі,

Қазақстан байлығын ғарышқа атқан.

Қарағанды, қарышта, қарыштап қал!

Айналайын, Сарыарқам, сағымданған,

Сағынышын баса алмас сағынған жан.

Түней-дағы түстене кетер ме едім,

Сары белде отырған ауылдардан.

Саған деген басылмас жанымда арман

Саям менің, Сарыарқам, сағымданған.

Дәм-тұзыңды құныға татпасам да,

Тұлпар мініп, далаңда шаппасам да,

Қиыр жайлап жүрген бір ұрпағыңмын

Даттасаң да, өзің біл, мақтасаң да.

Топырағыңды басатын күн туса егер,

Топырағыңды құшақтап жатпасам ба

Аттасаң да, өзің біл, таптасаң да...

Ойхой, Абай даласы, «Абайлаған»,

Семей десе, Абай деп қарайды адам.

Талай жылдар өтсе де, талай заман

Қалам тартар қазақта ақын туса,

Аруағына Абайдың қарайлаған.

Абай болу, әрине, оңай емес,

Ақын болмай қалсаң ғой...

Қалай жаман!

Уа, армысың!

Ардақты, киелі Жер!

Туған елін Мұхтардай сүйе білер.

Сыйлай білер, пан, басын ие білер.

Уа, армысың!

Ардақты киелі жер!

Әдейілеп көгіңнен өткенімде,

Көзім ауды төсіңде көп белгіге.

Жатыр қазақ даласы жайып тастап,

Көз алдыма бүгінгі, өткенді де.

Анау жатыр атақты Семей деген,

Семей десе, бүлкілдер көмейде өлең.

Сырласқандай баяғы Шыңғыстау тұр,

Жатақпенен, жалшымен, кедейменен.

...Босқа үңіліп қайтейіи өткеніңе,

Өткені де өткеннің, кеткені де.

Арман қалып барады жүрегімде

Оқи алмай Абайдын, мектебінде...

Текке үңіліп қайтейін өткеніңе,

Қуанамын бұл күнге жеткеніңе.

Абай-далам, көңілің жабықпасын.

Мұхтар болып даңқыңды анықтасын.

Жаңа заман бұлбұлы Бибігүлің,

Биігінде шарықтасын,

Сайрауынан бұлбұлың жалықпасын!

...Дала, дала...

Сардала сағым ұшқан,

Аумайды-ау, түпсіз терең сағыныштан.

О шеті мен бұ шетін айыра алмай,

Құстар да бағытынан жаңылысқан.

Жатқа қимай жарты адым, сүйем жерді,

Талай көштер түйеге тиелген-ді,

Миың жетіп болмайды, мұнша жерді,

Ата-қазақ қалайша иемденді?!

Жап-жалпақ жауырыны, жатыр дала,

Ақын-дала, алапат батыр-дала.

Ақмола мен Қостанай арасында,

Дән өскен татырға да, тақырға да.

Ерекше-ау, жаралысың, затың, дала!

Оһ, неткен айдынды өңір, алып өңір!

Астықтан омырауына салып өңір,

Ақын меи батырлардың жері ме бұл!

Әліби, Амангелді елі ме бұл?

Оһ, неткен айдынды өңір, алып өңір!

Ей, ұшқыш, өкінбеспіз жәйлатқаннан,

Құт тұр ғой мына өлкеде қаймақтанған.

Аялдап ұш, арылып жәй мақтаннан,

Болашақ дастаныма нәр алайын.

Ақын аяқ баспаған аймақтардан.

Білемін, ақын жортқан бұл өлкені,

Мәңгілік мекендеген жыр-ертегі.

Қарттары өлеңменен намаз оқып,

Жастары жыр жастанып күнелтеді.

Жырлап бір өте алмасам жыр-еркені,

Ақындар әжуалап жүрер тегі.

Армысың, ардақ-мекен, асыл-мекен!

Айрықша топырағың, тасың бөтен,

Бабалар бақыт іздеп кезуші еді.

Білмепті, бақыттары қасында екен

Ғасырлар сілемімен басулы екен.

Қостанай, жеткізе алман мақтауыңды,

Даңқыңды дүйім қазақ жатқа білді.

Нұрқанның деңгейіне көтерілсем,

Төпеп-төпеп жіберіп ақпа-жырды.

Ыбырай алғаш рет мектеп ашып,

Ту алып, Амангелді атқа мінді,

Торғайды кең Арқаға қақпа қылды,

Ата-жерін қорғаған қара қазақ,

Амангелді құраған сапқа кірді.

Қостанай, жеткізе алман мақтауыңды,

Ырыс боп Торғай-дала ақтарылды,

Ақыныңа аманат, ән-күйлерге,

Білесің мынау керім шақтарыңды.

Әулие-өлке, көгінде қалқып барам,

Әлдилей бер, әлдиле, балқып барам.

Әр шағылда көрінген бір-бір ауыл,

Білдей-білдей қаладан артық маған.

Көз жасындай әредік көл көремін,

Көл жағалай отырған ел көремін.

Қолдан келсе, қошалақ құмдарыңды

Адам танып болмастай емдер едім,

Шашпау тағып орманнан, еңдер едім.

Күн бұлттанды. Ақ құсың ауырлауда,

Бара алмай қалдым талай ауылдарға

Қиыр шетте Қызылжар қалып қойды,

Дұғай-дұғай сәлем де бауырларға.

Аяулым, Ақмолаға құсыңды бұр,

Мұрсат бер жерде біраз дамылдауға!

Айналып Ақмоланы, қимай барам,

Аман бол, айналайын мидай далам!

Атамның әжіміндей жолдар, жолдар.

Маңдайын Ақмоланың шимайлаған.

Қобалжып, өзіме-өзім симай барам,

Аман бол, айналайын, мидай далам!

...О, ғажап!

Өзіңбісің Көкше деген?!

Тастарын жиған жүктей текшелеген.

Бурабай Оқжетпесті екшелеген,

О, ғажап!

Өзіңбісің Көкше деген?!

Бұлттарың - Ақын айтқан кешпелі өлең,

Біржан ба, тасқа барып өскен емен?!

Көлкіген сынаптайын көлдерің бе?

Сәкеннің аққулары кестелеген.

Ақаның ардақ еді өскен ерен,

Біржайың алмас еді кеспе-берен.

Көкшетау - ән отауы, жыр отауы,

Алтайдан Атырауға көшкен өлең.

О, ғажап! Осы екен ғой Көкше деген!

Кел жатыр күміс шолпы, теңгедейін,

Өңірі - жасыл орман, көлге бейім.

Күміс қанат құсынды қондыр, ұшқыш,

Көкшенің бауырында дөңгелейін.

«Сырғасын хор қызының қайық етіп»,

Ақанша айдынында тербелейін,

«Оқжетпеске» мен жетіп өрмелейін.

Даланың бағы іспеттес тарлан Көкше,

Орнатқан сахараға көрмедейін.

3

Армысың, Атырауым, бозаң далам!

Каспий менен Жайықтан кез алмағам,

Ұмыттың ба сонау бір кездеріңді?

Құлан жортса, құмыңды кезе алмаған.

Жылан жайлап, аптапқа төзе алмаған,

Армысың, Атырауым, бозаң далам!

Қайда кеткен сағымың көз алдаған?!

Арманменен, елеспен ажарланған?

Амансың ба, от далам, ожар далам!

Түйе орнына бұл күнде ақ қалалар,

Мұнаралар мойынын созар маған.

Қоныстайтын бабалар құмға барып,

Үңілетін құдыққа құмған алып.

Құмға оранып өмірді ашатын да,

Жабатұғын өмірді құмға оранып.

Ақынның да, алапат батырдың да,

Зергердің де, зейінді пақырдың да,

Қараның да, ханның да, төренің де,

Табыттары тұншығып, жатыр құмда.

Атыраулап ұлдарың атқа мінді,

Құмнан сая, шағылдан бақ табылды.

Мұң-арманың көзіңнен мұнай болып,

Жалын болып кеудеңнен ақтарылды;

Енесінен туғандай жаңа ғана.

Өлген қала орнында - жаңа қала.

Адам деген - құдірет, құдірет қой,

Адам ізі жалғанда жоғала ма?!

Қайтем мақтап мұнайың, балығыңды,

Халығыңды сүйемін, халығыңды!

Құм үстінде құс болып ұшып барам,

Жалыныма жалғап ап жалыныңды.

...Ұшқыш досым,

Жаңылма бағытыңнан!

Дала, дала...

Басыңда бағы тұнған,

Қазақстан - өзінше бір материк,

Жер кіндігі осында ағытылған.

Қажыдың ба?

Қажысаң қонақтай бер,

Қадірменді өзіңді қонақтай көр.

Біздің дала қашан да аэродром,

Қонақтай бер, күдікті жоғалтпай кел.

Қауырсыны құсыңның талмады ма?

Қанықты ма көгімде жолға мына?

Сәлем жолда ақ құстың қанатынан,

Өңіріне Оралдың орманына.

Ерке Жайық - елімнің қарашығы,

Егізінің сыңары анасының.

Күн айналып, көгінен кете алмайтын,

Төрі осы қазақтың, даласының.

Байлығы ма?Байлығы таусылмайды.

Алсын нанын, етін де, алсын майды,

Бұл өлке - жиылмаған дастарқаным,

Жиегін мәңгілікке қаусырмайды.

Бұл өлке - батыр елі, ақын елі,.

Күңірене күйдің шалқып жатыр лебі.

Тіл бітіп құм Нарынға сөйлеп кетсе,

Көмескі шежірені оқыр еді.

Оралым - Ордам менің таныс маған,

Бораның Махамбет боп дауыстаған.

Исатай ақ семсерін, Құрман бабам,

Ұрпаққа домбырасын табыстаған.

Жаса, Орал, жаңа Орал, жасыл Орал,

Қара бұлт қайта келмес басыңа, Орал,

Кегіңнен, көлкіп жатқан көлге үңілем,

Жібектей аруыңның жасы болар.

Жасай бер, жасыл Орал, жасыма, Орал!

Ақтөбеме тарт, ұшқыш, Аралыма,

Қиырына жеткізбес дала мына.

Қалай ырза болмассың заманыңа.

Жан бітірген далаға, адамыңа,

Сағыз толқып, Жем тасып бара жатыр.

Жан бітіріп тарының сабағына,

Қызыр жайлап, қызық боп жатыр міне.

Қырқасыпа Мұғаджар балағына,

Қалай ырза болмассың заманыңа?!

Ойылы ма, бұл маңның Ырғызы ма,

Бәрі-дағы бергісіз қырмызыға.

Бір пенде де бас имей өте алмайды

Жерде жанған Шығанақ жұлдызына,

Сансыз сәлем, Ақтөбе, ұл-қызыңа!

Аралына құлаған Дария-Сыр,

Дария-Сыр - қазақтың қариясы.

Сырдың бойы күріштің қоймасы ма,

Қоймасы ма, немесе дән ұясы,

Дария-Сыр - қазақтың қариясы.

Сырдың бойы түлеуде, құлпыруда,

Алқабында күй шалқып, жыр тұнуда.

Төретамдар стартқа кезек алып,

Байқоңырға жетуге ұмтылуда.

Тоқтар емес толастап бөгесінге,

Сырдың елі ғарыштың кемесіндей!

Жатыр шалқып Аралым - ақ айдыным

Ырыс құйған қазақтың тегешіндей.

Қолын бұлғап сан туыс тұр ма қарап,

Сыр жағалап ұша гөр, Сыр жағалап.

Шиеліден шай ішіп аттанайық,

Оңтүстікке барайық құмды аралап.

Құмына да қазақтың құт дарыған,

Құмы да оның құлдықтан құтқарылған

Аңқаң кеуіп қалмайды баяғыдай,

Жүзгендердің түбінен сүт табылған.

Құмына да қазақтың құт дарыған.

Мына теңіз - қазақтың Шардарасы,

Көні кепкен кешегі сардаласы.

Шөлді кезіп, осында шөккен шығар,

Шөлдеп өткен Асанның, аруанасы.

Қызыл құмның қойнында қазына бар,

Кісі болса, болғаны қазып алар.

Шертілмеген осында шежіре бар,

Тек иесі табылсын жазып алар!

Кентауым, Қазығұртым, Қаратауым,

Әулиеата - әйгілі ақ отауың,

Тойға шашу жіберіп, торқа жауып,

Әлдилеп жатыр бәрі Алатауын.

Арыма, Оңтүстігім бақ Отаным

Басынан Қаратаудың көш келмейді,

Қаратау енді ешкімге дес бермейді,

Мөлтілдеп қара көзден жас келмейді,

Қара көз қарындасым сескенбейді.

Қаратау енді ешкімге дес бермейді.

Жатады жайнап, түлегі,Жамбылым да,

Жаншылмайды ешкімнің де хандығында.

Енді қазақ қайғырмас «Елім-ай» деп,

Әлдеқашан жерлеген зарды құмға.

Есін жиды мұңлығым, зарлығым да.

Рақмет, Октябрь, ақ таңыңа!

Жарты ғасыр ақ таңың атқанына.

Өлі өлкеге нұр сеуіп, өттің желпіп:

Өмір тойы өлкемде шаттануда,

Рақмет, Октябрь, ақ таңыңа.

Көңліме нұр, бойға күш таратылып,

Құсқа мініп, ұштым мен жаңа туып,

Өгейің емеспін мен,өз балаңмын,

Өзіңмен мәңгілікке қалатұғын.

Кеудемде кереметтер жаратылып,

Думандап жатырмын мен, жаңа туып.

Октябрь, Ленинді жатқа білген,

Еркімен коммунистік сапқа кірген,

Қазақпын мұхит кешіп, бақта жүрген,

Мен - жаңа өмір, жаралған Октябрьден

 

Мұқағали Мақатаев

Рекомендовать
Последние новости