Алматыда туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде

Dalanews 30 нояб. 2021 04:59 1693

Алматыда туристік инфрақұрылымды дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында сапар-орталықтары, глэмпинг-қонақ үйлер салынды, соқпақтар абаттандырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тау бағыттарының шалғай тораптық учаскелерінде спутниктік байланысы бар (құтқару жасақтарына дабыл беру түймелерімен) және таулы жерлерде туристік навигацияның бірыңғай жүйесі бар 15 тау үйшіктерін орнату аяқталуда. Мемлекет Басшысының кадрлық әлеуетті дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін гидтер және экскурсоводтарға арналған семинарлар, әуежай, теміржол вокзалдары қызметкерлеріне арналған фасилитациялық тренингтер және басқа да біліктілікті арттыру бойынша тренингтер ұйымдастырылады. Мысалы, биыл қызмет көрсету саласының қызметкерлері үшін ағылшын тілі бойынша онлайн-курстар өткізіледі.

Таулы жерлерде туристік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 1000 км-ден астам таулы жаяу соқпақтар цифрландырылды,оның 663 км-ден астамы (немесе 45 таулы бағыт) абаттандырылды. Барлық цифрландырылған бағыттар 2GIS және ViewRanger платформаларында қол жетімді. Аталған бағыттар бойында ақпараттық стендтер, көрсеткіштер, ақпараттық қалқандар, ақпараттық бағандар, орындықтар мен күркелер орнатылды. Барлық навигациялық стендтерде QR кодтары бар, онда туристер бағыттың күрделілігімен, оның ұзақтығымен және өту уақытымен таныса алады.

Сонымен қатар, Үлкен және Кіші Алматы шатқалында жалпы ұзындығы шамамен 179 км болатын тау бағыттары абаттандырылуда (бүгінде 40 көрсеткіш, 24 орындық және 3 ақпараттық баған орнатылған). Аталған жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Кемпинг-аймақтарды құру бойынша да жұмыстар жүргізілуде: осы жылдың соңына дейін «Горельник», «Просвещенец», «Қызылсай», «Казачка» және «Лунная» алаңы жайластырылатын болады. Бүгінде «Қайың тоғайында» бір кемпинг-аймақ орнатылған.

Сондай-ақ, осы жылдың қараша айында «BI Group» компаниясы жалпы ұзындығы 23 км келесі тау жолдарын абаттандыру жобасының II кезеңін аяқтады:

  1. Медеу-Кімасар асуы-Фурманов шыңы-Панорама шыңы; 2. Каменское плато-Көк Жайлау;

  2. Алмарасан-Көк Жайлау.


Алматы қаласы Туризм басқармасының жоспарында қалаға туристердің келуінің көрсеткіштерін арттыру көзделуде. Алматыдағы туристік ағынды қалпына келтіру үшін фокустық нарықтарда ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Алматыны онлайн және оффлайн форматында ілгерілету 2022-2023 жылдары туристер ағынын ұлғайтады деп күтілуде. Айта кетейік, 2019 жылы Алматыға бір миллион турист келген. 2020 жылы пандемияға байланысты мегаполистегі ішкі туристердің саны азайып, 422 мың адамды құрады, ал 2021 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша - 501,4 мыңнан астам адам, оның ішінде шетелдік – 54,2 мың адам, ішкі туристер - 447,2 мыңнан астам адам.

Рекомендовать
Последние новости