Шетелдіктер Алматыда террорлық акт жасамақ болған. Осы оқиғаға байланысты дінтанушы Еркінбек Шоқай өз пікірін білдіріп, терроризмнің астарында идеологиялық және әлеуметтік себептердің жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz
«Терроризм қаупінің сыртында, әрине, идеологиялық және саяси астар бар. Біздің елдің татулығы мен бірлігі кейбір тараптарға ұнамайды. Сол себепті олар түрлі идеологиялық негіздерді, соның ішінде діни бағытты да пайдаланады», – дейді сарапшы.
Еркінбек Шоқайдың айтуынша, мұндай қауіп-қатерлердің белсенділігіне ішкі факторлар да әсер етеді. Әсіресе, қоғамдағы кейбір әлеуметтік әлсіз топтар мен жұмыссыз жастар радикалды ағымдардың ықпалына бейім болуы мүмкін.
«Біздің қоғамда әлеуметтік тұрғыдан қолдауға зәру, өздерін қоғамнан шет сезінетін жастар бар. Соларды “бауырмыз” деп баурап алып, бөтен идеологиямен улайтын топтар бар. Олар басқа көзқарасты мойындамайды және өздеріне тапсырылған нұсқауларды орындауға дайын тұрады», – дейді дінтанушы.
Сарапшының пікірінше, мұндай оқиғалар қоғамға маңызды ескерту болуы керек.
«Бұл жағдай әрқайсымызға сақ болуды ескертеді. Идеологиялық және діни адасудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Діни иммунитет қалыптастыру өте маңызды – ақ пен қараны ажырату қабілеті болу керек», – дейді ол.
Терроризм мен радикализмнің алдын алу үшін қоғамның жан-жақты сауатын арттыру қажет екенін де атап өтті.
«Біз халықтың діни, тарихи, әлеуметтік, экономикалық және саяси сауатын көтеруіміз керек. Егер адам саналы болса, түрлі ағымдарға ермейді. Сонда біздің елімізге бөтен идеологияны енгізгісі келетін тараптардың үміті сөнеді», – деді Еркінбек Шоқай.
Оның айтуынша, экстремизммен күрестің бір тармағы – әлеуметтік мәселелерді шешу, соның ішінде жұмыссыздықты азайту.
«Адамның сүйікті ісі, тұрақты жұмысы болса, ол бөтен дүниелерге қызықпайды. Сондықтан әлеуметтік тұрақтылық – қауіпсіздіктің басты кепілі», – деп түйіндеді дінтанушы.
Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінде бес шетелдік азамат террорлық шабуыл ұйымдастырмақ болған. Құзырлы органның жедел шараларының нәтижесінде қылмыс жоспар сатысында тоқтатылып, күдіктілер қамауға алынған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
