Алматыда мопед пен самокат жүргізушілеріне рейд: 600-ден астам құқық бұзушылық анықталды

Ақтоты Жапатова 22 июл. 2025 14:00

Алматы қаласында мопедтер мен электрсамокаттардың қозғалысын бақылауға бағытталған іс-шара басталғаннан бері 637 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Анықталған өрескел құқық бұзушылықтардың қатарында:

• көлік құралын алкогольдік мас күйде басқару – 5 дерек;

• мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің болмауы – 12;

• сақтандыру полисінсіз басқару – 46;

• жалған нөмірлік белгілермен жүру – 1;

• жүргізу құқығының болмауы – 35;

• жүргізуші куәлігінен айырылған адамдардың көлік басқаруы – 4;

• техникалық байқаудан өтпеу – 47;

• жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережесін бұзу – 8;

• рөлде отырып ұялы телефон қолдану – 12 дерек.

Іс-шара барысында 131 мопед арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Сондай-ақ мопед жүргізушілерінің қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам түрлі жарақат алған.

Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, рейдтердің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қауіпсіз әрі жауапты көзқарас қалыптастыру.

"2025 жыл – "Профилактика жылы" деп жарияланды. Біз барлық мопед, электрсамокат және балама көлік құралын басқарушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдағы қауіпсіздік – сіздердің жауапкершіліктеріңізге тікелей байланысты", – деді Серік Шумаев.

Жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Полиция азаматтарды абай болуға, жол ережелерін сақтауға және өзге жол қозғалысына қатысушыларға құрметпен қарауға шақырады.


Рекомендовать
Последние новости