Алматыда электромобильдерді қуаттау станциясын орнатуға 163 млн теңге бөлді

Жарбол Кентұлы 26 нояб. 2024 20:35 172

Алдағы уақытта Алматы қаласында электромобильдерге арналған қуаттау станциялары пайда болып, олар қала тұрғындарының пайдалануына барынша ыңғайлы болмақ, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы «Almaty Finance» 28 жаңа жоғары жылдамдықты қуаттау станциясын орнатуға 163 млн теңге бөлді. Бұл қаражат «Almaty Business – 2025» бағдарламасы және жасыл экономиканы дамыту стратегиясы шеңберінде электр зарядтарының инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған.

– 2023 жылы Алматыда автокөлік құралдарының зиянды заттар шығарындыларының көлемі 112 мың тоннадан асты, бұл шығарындылардың жалпы көлемінің 60%-ын құрады. Электромобильдерге күтім жасауға үшін қолайлы жағдай жасау көлікті электрлендіру жолындағы маңызды қадам болып табылады, нәтижесінде қала экологиясы жақсарады, – деп атап өтті «Almaty Finance» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.

Айта кетейік, электромобильдерге жағдай жасау арқылы мегаполистің экологиясын жақсартуға болады, қаладағы зиянды заттар шығарындыларының 60%-ы автокөліктерге тиесілі екенін ескерген жөн.

2023 жылы Алматыда автокөлік құралдарының зиянды заттар шығарындыларының көлемі 112 мың тоннадан асты.

Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет. Бұл жайында өткен жылы  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте айтып, нақты тапсырмалар берген болатын. Өз кезегінде Президент Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін қаладағы көлік қозғалысын реттеп, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет екенін айтқан болатын.

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев 2025 жылдың соңына дейін қаладағы қоғамдық көлік саласы толықтай экологиялық стандартқа көшірілетінін жеткізген еді. Бұдан басқа әкімдік қалада қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың электромобильге деген сұранысын арттыру мүмкіндіктері қарастыруда.

2024 жылдың қыркүйек айындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 10 674 электромобиль тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп. Олардың жартысынан астамы Алматы қаласында тіркелгенін айта кетуіміз керек. Осылайша, Алматы қаласында шамамен 5 000-нан астам электромобиль бар деп айтуға болады.

Алматы еліміздегі ең ірі мегаполисі әрі экологиялық мәселелері өзекті қала. Қала халқының көбеюі, көлік санының артуы және өндіріс орындарының көптігі ауаның ластану деңгейін көтеріп, экологиялық тепе-теңдікті сақтауды қиындата түскені жасырын емес. Осы тұрғыда электромобильдер экологияны жақсарту және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруда маңызды рөл атқара алады.

Электромобильдер ауаны ластайтын зиянды газдарды шығармайды, бұл Алматы сияқты ауасы жиі ластанатын қала үшін өте маңызды. Жыл сайын қалада автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтар көлемі 112 мың тоннадан асады. Электромобильдерді қолдану осы мәселені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Электромобильдерді пайдалану жанармай шығындарын болдырмайды, ал электр қуатын пайдалану экономикалық тұрғыдан тиімді. Алматы қаласында электр қуаты салыстырмалы түрде қолжетімді, бұл электромобиль иелеріне қаржы үнемдеуге көмектеседі.

Электромобильдерге арналған қуаттау станцияларының санының артуы Алматының заманауи инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл тек электромобиль иелеріне емес, бүкіл қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, инфрақұрылымның дамуы Алматыны экологиялық таза технологияларды қолдайтын алдыңғы қатарлы қалалардың қатарына қоса алады.

Электромобильдер Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, оның заманауи, технологиялық және тұрақты дамуына үлес қосатыны сөзсзі. Жергілікті билік пен тұрғындардың бұл үрдіске қолдау көрсетуі қала экологиясының жақсаруына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына айтарлықтай ықпал етеді. Электромобильдер – Алматының жасыл болашағына жасалған маңызды қадам.

 


Рекомендовать
Последние новости