Алматыда әкімдікке тиесілі гранит плиталарды мүрде тас цехына тасығандар әшкере болды

Көркем Алдабергенова 17 сент. 2025 10:06

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің бойынан табиғи гранит плиталарының заңсыз тасымалы жүріп жатқанын әшкереледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Түнгі бақылау

Боқаевтың айтуынша, жергілікті тұрғындар өзен жағасынан түсірілген бейнежазбаларды жіберіп, түнде жүк көліктеріне гранит плиталары тиеліп жатқанын хабарлаған. Осыдан кейін ол түн ішінде оқиға орнына барып, күдікті әрекеттерді бақылаған.

"Біз келгеннен кейін бір манипулятор жүк көлігін көрдік. Ол плиталарды тиеп алып кетті. Артынша тағы бір көлік келіп тоқтады. Біз әзірге жақындамай, қайда апаратынын бақылап көруді ұйғардық. Өйткені мұның бәрі полицияның көз алдында болып жатыр", – дейді Санжар Боқаев.

Белсенді көліктің түн ортасында ғана жүруін күдікті жағдай деп бағалады:

"Егер бәрі заңды болса, неге күндіз тасымайды? Неге тек түнде жасырын апарады?" – деп сұрақ қойды ол.

Алғашында Боқаев плиталардың қала әкімдігінің базасына жеткізілуі мүмкін екенін топшылаған. Өйткені гранит плиталары әкімдіктің мүлкі болып саналады.

Алайда көлік қала сыртына бет алған.

"Біз Бесағаш арқылы Талғар ауданына шықтық. Ақыры көліктің жеке меншік үйге қарай бұрылғанын көрдік. Бұл мені шошытты. Өйткені плиталарды әкімдік базасына емес, мүрде тас қоятын цехқа апарып түсірді. Сонда олар әкімдік мүлкін сатып жатыр ма?" – деп наразылығын білдірді Боқаев.

Боқаев тастарды тасыған жұмысшылардың бірімен сөйлескен. 

  • Тасты қайдан алып келе жатырсыз? 
  • Үйден... Қоқыс тастайтын жерден... Әйтейден 
  • Мына жерге не үшін алып келіп жатырсыз? 
  • Бұл сынған заттар ғой
  • Сынбаған, бүтін ғой, дейді Санжар Боқаев. 

"Оларды мүрде тасын жасайтын цехтарға сатып жатыр. Мұны тіпті түсіндіруге де тілім бармайды, білесіздер ме, соншалықты жағымсыз тірлік", - дейді Санжар. 

Қоғам белсендісі гранит тастарды қайтадан қалаға апаруды талап етті. 


Рекомендовать
Последние новости