Алматы инновацияға құлаш ұрған қала

Dalanews 08 июл. 2016 03:04 1659

Оңтүстік астанада «Алматы – өмір сүруге және бизнеске қолайлы қала» 5-ші инновациялық форумы өтті. Шараның басты ұйымдастырушылары – Алматы әкімдігі мен «Инновациялық технологиялар паркі» автономиялық кластерлік қоры.

Форумға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, «Байтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев, «Казкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев, сондай-ақ,  Ресей, Израиль, Оңтүстік Корея, АҚШ, Мексика, Германия және басқа да елдерден келген сарапшылар, бизнес қауымдастық, мемлекеттік орган өкілдері, стартап жасаушылар және болашақты болжайтын футурологтар қатысты.

Өзінің кіріспе сөзінде Б. Байбек қазақстандық өнертапқыштардың 84 пайызы Алматыда тұратындығын атап өтті.

– Бүгінгі таңда 10 алматылықтың алтауы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Жалпы өңірлік өнімнің сомасы 39 млрд доллардан асты. Мысалы, Алматы қаласының Жалпы өңірлік өнімі Сербияның Жалпы өңірлік өнімінен жоғары, сондай-ақ, Моңғолияның ЖӨӨ-нен 3,5 есе, Қырғызстанның ЖЖӨ-нен 6 есе жоғары. Қазір Алматыда 1,7 млн адам тіркелген. Бірақ, біздің дерек бойынша олардың қатарына тағы 500 мың адамды қосуға болады. Ал Алматыға іргелес елдімекендерде, яғни агломерацияда - 3 млн адам тұрады. Алматылықтардың өмір сүру деңгейі орта есеппен еліміздің басқа өңірлерінен - 2,2 есеге жоғары. Қаланың дамуына әсіресе кәсіпкерлер қомақты үлес қосуда, – деді қала басшысы.

Сонымен қатар, Б. Байбек, бүгінде Алматыны сервистік қаладан инновациялық смарт-ситиге айналдыру жағына басымдық беріліп жатқандығын жеткізді.

«Әлемде көптеген қалалар осы смарт-сити дәрежесіне көтеріліп жатыр. Біз, де осы дәрежеге жету үшін жүйелі тұрғыда әрекет жасап жатырмыз. Бұл үшін Алматыда инновациялық капитал мен адам капиталы бар», – деді Б. Байбек.

Әкімнің айтуынша, қаланың әлеуеті әлі де жеткілікті деңгейде қолданылмай келеді.

«Бұл жерде қаланың инновациялық әлеуеті пен инновациялық ортасын дамыту – Алматыны инновация және технология орталығына айналдыруда маңызды стратегия болып табылады. Басты міндет - инновациялық экологиялық жүйені құру. Қала, инновациялық қалаға айналуы үшін капитал мен идеялар қажет.  Ал олар бізде бар. Енді бұл іске жаңашыл азаматтар мен мықты компанияларды тартуымыз қажет», – деді әкім.

Алматы бюджетінің 75 пайызға жуығы қалаға жаңадан қосылған елдімекендердің дамуына жұмсалуда.

– Алматы - Нью-Йорк, Копенгаген немесе Ыстамбұл қалалары сияқты болуға ұмтылмайды. Алматы Іле Алатауының бөктерінде орналасқан бірегей қала. Алматы - әлемдегі бес туристік орталықтардың бірі. Бірақ, бізде проблемалар жеткілікті. Біз қазір оларды шешуге күш салып жатырмыз, – деді әкім.

Сонымен қатар, Б. Байбек бүгінде қалада шағын және орта бизнесті дамытуға барлық жағдайдың жасалып жатқандығын атап өтті. Алматы қаласы бюджетінің 75 пайызға жуығы қалаға жаңадан қосылған елдімекендердің дамуына жұмсалуда.

– Қазір біз бюрократиялық кедергілерді азайтуға күш салып жатырмыз. Бұл жерде жаңа заманауи технологиялар қолданылуда. Әрине, тұрғындардың менталитетін өзгерту керек. Бұл жерде тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету - өте маңызды, – деді  қала басшысы.

«Байтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев Алматыда көлік инфрақұрылымын дамытып, экология мәселесін шешу қажеттігін мәлімдеді.

– Біз технологиялық жағынан артта қалғанымызды мойындаймыз. Сол үшін, бірінші кезекте, көлік инфрақұрылымын дамыту қажет. Алматы туралы айтқанда көлік және экология мәселесін айналып өтуге болмайды. Біз осы екі проблеманы қалайда шешуіміз керек. Мен өз тарапымнан барынша қолдау көрсетуге дайынмын. Барлық мәселені шеше алмасақ та, оларды едәуір азайтуға болады. Әрине, «Алматы қаласын дамыту-2020» бағдарламасы жақсы әзірленген. Бірақ, ол арқылы қаладағы барлық өзекті мәселелерді шешу мүмкін емес. Алматының әлеуеті өте жоғары. Бірақ, біз оны толық пайдаланып жатқан жоқпыз. Сондықтан, қаладағы бір емес, барлық  инфрақұрылымды дамытуға лайықты деңгейде қолдау көрсетуміз қажет, – деді Е. Досаев.

Бүгін, оңтүстік астанада «Алматы – өмір сүруге және бизнеске қолайлы қала» 5-ші Инновациялық форумы барысында белгілі урбанист, Gehl Arhitects компаниясының директоры Рикардо Марини Алматы электромобильдер қаласына айналатынын алға тартты.

– Алматы – бұл тек қана сауда орталықтарынан тұрмайды. Алматының символдарының бірі  - бірінші кезекте Көк базар. Қалада көліктер емес, адам санын арттыру үшін не істеу керек? Экологияны жақсартып, велосипед жолдарын көбейту қажет. Мысалы, Лондонда көлік жүргізушілері көліктің пайдаланылған газы үшін де салық төлейді. Оның үстіне қала орталығында жолдар ақылы болған. Қазақстанда да солай жасауға болады, – деді ол.

Сонымен қатар, ол қалада автотұрақ бағасы өсетін болса, көліктердің саны азаятындығын жеткізді. «Лондонда автотұрақтар азайтылып жатыр. Біз біртіндеп электр қуатымен жүретін электромобильдерге ауысып жатырмыз. Алматы да электромобильдер қаласына айналуы тиіс. Оған қоса, автотұрақтарды қаланың төменгі жағына ауыстыруға болады», - деді Р. Марини.

Өз кезегінде қала әкімі Бауыржан Байбек қалада ақылы автотұрақ жүйесі енгізілгендігін, бұл қала орталығында көлік кептелісін азайтуға септігін тигізетіндігін айтты.

 

"ҚмД" ақпарат

Рекомендовать
Последние новости