Алматы Тауэрсте өрт болған «Батут орталығының» директоры ұсталды

Dalanews 14 нояб. 2016 03:21 848

Almaty Towers бизнес орталығындағы «Батут орталығы» директоры ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2016 жылдың 12 қарашасында «Батут орталығы» ЖШС директоры, 1983 жылғы Д.Тұяқов есімді азамат ұсталды және ҚР ҚПК-нің 128-бабының негізінде уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген ІІД-нің таратқан хабарламасында.

Сонымен қатар, оның ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі («Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу») бойынша айыпталып отырғаны хабарланды. Бұл бап бойынша айыбы дәлелденсе белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Полицейлердің айтуынша, ол таяу уақытта соталды тергеу кезеңіне бұлтартпау шарасын таңдау үшін сот алдына келеді. Айта кетейік, қылмыстық істің өндірісі Алматы қалалық ІІД-нің Анықтау басқармасына тапсырылды.

 

Еске салайық, 2016 жылдың 6 қарашасында Almaty Towers ғимаратында өрт шығып, 80 адамның эвакуацияланғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ, өрттен кейін төрт адамның мәйіті табылғаны айтылды. Ал кейінірек ғимараттағы өрттен қаза тапқандардың студенттер екені анықталды.

Айта кетейік, университеттердің басшылығы мен ұжымдары қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, марқұмдардың отбасыларына материалдық көмек беріп жатыр.

 

Дереккөзі: baq.kz

Рекомендовать
Последние новости