Алматы саябақтарында көшпелі кітапхана жұмыс істейтін болады

Dalanews 16 июл. 2021 05:52 1178

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданына жұмыс сапары барып емханалар мен мектептерді модернизациялау мәселелерін қарады және қала аумақтарын абаттандырумен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қала әкімі ауданды аралау кезінде 65 орынға есептелген қалалық ревматологиялық орталықта болды. Медмекеменің бас дәрігері А. Күлембаеваның айтуынша, Алматыда ревматоидты дертке шалдыққан 11 мыңға жуық адам бар екен. Сондықтан оларға уақтылы медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемені кеңейту қажет. Жағдайды зерттеген Бақытжан Сағынтаев төсек-орын санын 200-250-ге дейін арттыру үшін орталықтың жаңа корпустарын салу жобасын әзірлеуді тапсырды.

Ал, ардагерлерге арналған ауысымына 500-ге дейін келушіні қабылдайтын қалалық емхана ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді.

Емханаға 30 мыңнан астам адам бекітілген. 1955 жылы салынған ғимарат 10 жыл бұрын жөнделген. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша емхананы сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Қала әкімі ауданның білім беру инфрақұрылымының дамуымен танысты. Оқушылар орындарының тапшылығын азайту мақсатында №34 мектеп-гимназиясының 600 орынды жаңа корпусы салынуда. Сонымен қатар, Қабанбай батыр көшесінің бойында жеке инвестор бұрын құрылысы тоқтаған нысан негізінде 856 орынды дарынды балаларға арналған мектеп салып жатыр. Балалардың денешынықтыруын дамыту үшін МЖӘ аясында №128 мектеп аумағында көпфункционалды спорт кешені салынуда. Барлығы 11 спорт кешені салынады, ал мектеп жанындағы қолданыстағы 33 спорт алаңы модернизацияланады.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев DEPO Evolution Park-тің құрылыс барысымен танысты, мұнда креативті индустрия жобаларын іске асыруға арналған алаң жасалатын болады.

Мақатаев скверінде қала әкіміне «Буккроссинг» көшпелі кітапхана жобасы таныстырылды, мұнда әркім кітап ала алады, өзінікін қалдырады немесе қалаған басылымын оқуға алады. Ауданның саябақтары мен скверлерінде осындай 10 кітапхана орнату жоспарлануда.

Жұмыс сапары барысында қала әкіміне жеке инвестор есебінен Мәуленов көшесін абаттандыру жобалары көрсетілді. Б. Сағынтаев Сейфуллин даңғылындағы 450, 452, 452/1, Жібек жолы көшесінің бұрышындағы аулаларды реконструкциялаудың барысын қарап шықты. «Бюджетке қатысу» жобасы аясында ауданда Әуезов пен Әйтеке би көшелерінің қиылысындағы А. Байтұрсынов атындағы және «АРО» скверлері абаттандырылуда. Варламов көшесінде жоба аясында скейт-парк салынды.

Рекомендовать
Последние новости