Алматы облысының журналистері «Қасиетті Қазақстан» іс-сапарларын қорытындылады

Dalanews 14 авг. 2018 03:59 1231

Елбасы Рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берген болатын. Оның ең негізгісі ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу.

Осыған орай «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  еліміз бен жерімізді, тарихи мол мұраларымызды сақтап қана қоймай, келешек ұрпақ кәдесіне жарату, сонымен бірге бүкіл әлемге таныту мақсатында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу қажеттігін ұсынған болатын.

«Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы облысының Ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен Оңтүстік және Батыс Қазақстан өңірлерінің киелі жерлерімен танысып қайтты. Республикалық блог тур қорытындысы туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар алаңында Жетісу журналистері баяндап берді.

– Бұндай іс-сапар Алматы облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр, нәтиже жігерлі. Біздің басты мақсатымыз – ішкі туризмді жетілдіру мен қатар жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлету. Болашақта журналистеріміздің халықаралық деңгейде дамуы үшін ТМД елдеріне, оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Беларусия, Украина сияқты мемлекеттеріне жіберіп, АҚШ, Франция, Катар, Жапон сияқты көрші елдердің медиафорумдарына қатысып, тәжірибе алмасуына мүмкін жасауды жоспарлап отырмыз, – деді Консалтинг орталығының жетекшісі Елдар Сапаров.

8 адамнан құралған екі топ құрамында «Огни Алатау» және «Жетісу» газеттері, «Жетісу» облыстық телеарнасының және  қалалық «Талдықорған» газетінің тілшілері болды. Алғашқы топ Оңтүстік Қазақстан өңірінің Шымкент, Тараз, Түркістан, Қызылорда қалаларын аралап, аңызға толы жерлерімен танысты.

– Туған елдің тарихын оқулықтан оқып, ал тарихи орындарды көзбен көрудің әсерібір басқа. Бұған біз блог-тур кезінде сенімді болдық. Түркістан облысындағы көне қорғандарымен, ежелгі елдімекендердің қираған орындарымен, қамалдар, кесенелер және көне қала орындары сияқты тарихи ескерткіштерімен танымал. Алғашқы күні Шымкенттің көрнекті орындарының бірі Бәйдібек би ескерткішіне бардық. Ескерткіші еліміздің ең биік ескерткіштерінің бірі. Кәсіпкерлер бұл ескерткішті орнатуға25 миллион теңге қаражат бөлген екен. Келесі ерекше есте қаларлық орындардың бірі өзінің данышпандығымен әйгілі болған Домалақ ана мазары. Халық аузындағы аңыз бойынша ол өзінің қайтыс болар алдында жақындарына «Мені Бәйдібектің қасына жерлеймін деп қиналмаңдар. Ақ түйені әкеліп, оған менің сүйектерімді артыңдар да, сол түйенің ізімен жүріп отырыңдар. Түйе қай жерге тізесін бүксе, мені сол жерге жерлеңдер» деп аманат еткен. Бүгінде кесененің маңайы көптеген ағаш пен гүлге көмкерілген. Сол жақ қатарда орналасқан тоғайлы алқапқа Сара Алпысқызы арнайы ағаш отырғызып, ол жерді «Аналар аллеясы» деп атаған екен. Сондай-ақ Ақмешіт, Ақсаққыз, Сығанақ, Қожа Ахмет Яссауи, Айша-Бибі, Арыстан баб, Ақсу Жабағылы сияқты кесенелерді араладық, – дейді «Огни Алатау» газетінің тілшісі Шолпан Жұмағұлова.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысын оның ерекше географиялық орналасуына, өзгеше табиғатына және бай тарихына байланысты Қазақстанның Оңтүстік қақпасы, бірегей көне ескерткіштер өлкесі деп атайды.

– Қазақтың шырайлы, мұнайлы өлкесі тарихи мұраға бай ғана емес, сонымен қатар қонақжай екен. Бұл аймақ саяхаттап келушілерге әлі талай таңдай қақтырары сөзсіз, – дейді Батыс Қазақстан аймағын аралап келген облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ришад Тұрғанбай.

– Қазақстанның қай қаласы болмаса да киелі. Оның өзінің тарихы бар. Біз Батыс Қазақстан облысының Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе сияқты төрт қаласында болып қайттық. Маңғыстау облысында 362 әулие жер бар. Оның барлығын түгендемесекте, басын көпшілігін аралап шықтық. Көз қуанарлық, көңілге медет тұтатын жерлер көп. Соның бірі – Бекет ата. Осы уақытқа дейін ол кісіні әулие адам ретінде танып келдік, шын мәнінде ол кісінің діни сауатты, халықты сауаттандыру жұмысымен айналысқаның, бір өзі төрт мешіт ашқанын сол жерге барғанда білдік. Ол мешіттердің барлығы қазір көріп жүрген мешіттер сияқты емес, жерасты мешіттер. Оның құрылысы, архитектуралық жағдайы, орналасқан жері барлығы адамды қызықтырады.

Таңғаларлыңы бір ағаш жоқ, шөл дала, ал сол шөл даланың ішінде бір кішкентай шұрайлы жерге мешіттер орналастырған. Оның маңайында құдық бар. Ол құдықтан шығып жатқан су мөлдір, таза және ішуге жарамды. Әулиелігі сонысымен ерекшеленеді. Одан кейін өзімді таңғалдырған Көркембай мешіті. Құрылысы өте қызық. Төртбұрышты тастан қаланған. Сол мешіттің ішінде бір санағанда 28, ендігі бірде 32 бөлме бар. Мамандар 22 бөлме бар деген тоқтамға келіпті. Оның төбесінде 36 күмбезі бар.18-і үлкен қалғаны кіші. Бөлмелері бір-біріне жалғасқан мешіттін дәл ортаңғы бөлмесінде имамдары отырған. Сол жерде отырып уағызын айтып, намазын оқыған. Қызығы сол қалған 22 бөлмеге даусы анық естілген.

Орал қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайына барып қызықты ақпарат алдық. Ең қызықтырғаны банк, XIV-XV ғасырлардың  аяғында Жәңгір ханның қаржы саласына көңіл бөлгендігі, Қазақстанда ең алғаш банктің ашылғандығы, дәріхана, қыздар училищесі, моншаның салынуы Жәңгір ханның сауаттылыққа көңіл бөліп, отырықшылыққа икемдеп, болашақты болжай білетін хан екенін сол жерден білдік. Аралаған жерлеріміз өте көп, тарихы да ерекше, – деде шараға қатысушылар.

Алдағы уақытта көрген жерлерімізден үлкен дүниелер жазылып, жарық көретін болады. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем берер» деп Жетісудан барған біздердің жастығымызға қарамастан құрмет-қошеметтерін көрсетіп, уақытпен санаспастан құшақ жая қарсы алған сол аймақтың басшыларына, біздің киелі өңірлерді аралатып, рухани азық алып, түпкі тарихымызбен танысуымызға септігін тигізген «Алматы облысының ішкі саясат басқармасына»  алғысымызды  білдіреміз» дейді блог тур қатысушылары.

Балжан ЖҰМАНБЕКОВА, Алматы облысы.

Рекомендовать
Последние новости