Алматы экономикасының 45%-ын жеке кәсіпкерлер қалыптастырады

Dalanews 02 июл. 2021 17:48 856

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында қаланың Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдау шаралары туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматыда кәсіпкерлерді қолдауға арналған бірнеше бағдарлама бар. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде 5 миллион теңгеге дейінгі сомада инновациялық гранттар беріледі.

– Бүгінде 510 млн теңгенің 161 жобасына қолдау көрсетілді, оның ішінде 326 млн теңгенің 106 жобасына халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы аналар қатысады, – деді Е. Оразалин.

Qolday кәсіпкерлік орталығы бизнес-жоспарларды дайындау үшін ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ «Almaty Business – 2021» бағдарламасы бойынша тегін білім беру мен акселерация жобасы іске қосылды. Е. Оразалиннің айтуынша, акселерация бағдарламасы – бұл ШОБ үшін өз бизнесін сарапшылардың көзімен қарауға, ондағы әлсіз жақтарды табуға, даму жоспарын құруға және сату мен табысты арттыруға мүмкіндік береді.

– Сарапшылармен 8 апта ішінде жұмыс істеген кәсіпкер тәлімгерлік пен сараптамалық қолдау арқылы өз кәсібінің өсу нүктелері мен тиімділігін анықтайды. 7 салалық бағытта, соның ішінде қызмет көрсету және өнеркәсіптің жекелеген түрлері саласында жұмыс істейтін 1 мыңнан астам кәсіпкерді қамту көзделген, – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта қала экономикасының 45%-дан астамын жеке кәсіпкерлік қалыптастырады. 10 қала тұрғынының 6-уы шағын және орта кәсіппен айналысады. Қазақстанның әрбір алтыншы кәсіпорны Алматыда ашылған.

Рекомендовать
Последние новости