Алматы әуежайын жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Dalanews 07 дек. 2023 06:54 1069

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ы президенті Альп Эр Тунга Эрсоймен кездесіп, әуежай мен іргелес аумақтың көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен іс-шараларды талқылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы әкіміне Алматы халықаралық әуежайы мен іргелес аумақтың көлік инфрақұрылымын дамытудың 2050 жылға дейінгі перспективасы жайлы шеберлік-жоспары таныстырылды. Бұл құжат қала басшысының тапсырмасымен Алматының Бас жоспарымен үйлесуі маңызды.

Шеберлік-жоспарының бірінші кезеңі жаңа жолаушылар терминалын салуды және қолданыстағы терминалды жаңғыртуды көздейді.

Бүгінгі таңда ұшаққа шығатын жолдар кеңейтіліп, қосымша ауа баптау жүйесі жөнделіп, жайлы автобустар сатып алынуда. Бұдан басқа әуежайдың халықаралық бағыттарын көбейту, жаңа ғимараттар салу, автотұрақ аймағын кеңейту де назардан тыс қалмаған.

Кездесуде әуежай басшысы барлық бағыт бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.  Оның айтуынша, қазір жаңа жолаушылар терминалы 80%-ға дайын. Эстакаданы, ұшу-қону жолағын және вокзал маңы аумағын қайта жаңарту жалғасып жатыр.


Әуе айлағында жүріп жатқан жұмыстар жайында айтқөан Альп Эр Тунга Эрсой әкімге жүк тасымалының өсіп отырғанын хабарлады. Биыл жыл соңына дейін 9-миллион жолаушы тіркелетінін де болжап отырғандарын жеткізді.

Өз кезегінде Ерболат Досаев жолаушылар санының едәуір артуына байланысты құрылыс жұмыстарын жеделдетуге назар аудару керек екенін тілге тиек етті. Ал әуежай басшысы жаңа терминалды іске қосу жазғы маусымның басында, демалыс кезеңіне дейін аяқтайтынын алға тартты.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа халықаралық жолаушылар терминалының ауданы 53,500 м2. Бұл – терминалды іске қосу әуежайдың өткізу қабілетін жылына 7-14 миллион адамға дейін арттыруға, қала тұрғындары мен қонақтары үшін мейлінше қолайлы жағдай жасауға, сонымен бірге Алматының бүкіл Орталық Азиядағы көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Рекомендовать
Последние новости