Алматы әкімдігі қаланың көркі үшін 7 жарым мың адамның үйін сүрмек

Қаракөз Амантай 03 дек. 2024 10:45 1111

Алматыда қаланы көркейту үшін 7,5 мың тұрғынды көшіру және олардың үйлерін сүру жоспары қолға алынды. Қалалық мәслихат депутаттары бұл бастаманы бірауыздан қолдап, 2030 жылға дейін 676 ескі үйді бұзуға шешім шығарды. Әкімдік мәліметінше, көшірілген тұрғындарға жаңа пәтерлер беріледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Информбюро мәліметінше, Алматының сәулетіне қатысты бағдарлама 1930-1980 жылдар аралығында бой көтерген екі қабатты баспаналарға қатысты айтылған. Өткен ғасырда салынып, бұзуды қажет ететін ғимараттар қатарында жеке тұрғын үйлер, өнеркәсіптік және коммерциялық нысандар бар. Әкімдіктің хабарлауынша, жер сілкінісіне төзімсіз деп танылған үйлерді де сүру жоспарланып отыр. 

“Бұзуға жіберсін, бірақ қолайлы үй берсінші. Осы жердегі адамдар риза болатындай. Жергілікті тұрғындарға сол маңызды. Ал анау берген ұсыныстары, жағдайлары ұнамайды. Ұсынып жатқан үйлері дұрыс салынбаған дейді”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Дәурен Қуанышов Информбюроға берген сұқбатында. 

“Айырбастауға берген үйлер қаланың сыртында, ал сатып алуға бергісі келіп отырған сомасы нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен. Сондықтан әзірге келісімге келе алмай отырмыз”, – деді тұрғын Светлана Образцова. 

Әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, қазіргі уақытта ұсыныстың бірін қабылдап ескі баспананы босатып жатқандар бар. Ал қарсылық танытқан мүлік иелері жобаға тартылған инвесторлардың өзімен келісіп, шешімге келсе болады дейді. 

“Бағдарламаның бұған дейінгі 2021-2025 жылға арналған жоспары аясында жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңа өзгерістер енді біздің өкілетімізді арттырып отыр. Жоба тек ескі үйлерге ғана емес, жекеменшік секторларға да қатысты. Негізі жалпы 1300-ден астам үйді жаңарту көзделген”, – деді "Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны" ЖШС реновация департаментінің директоры Жасұлан Шәйкенов. 

Қала билігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Алматыда 1366 тозығы жеткен сейсмикалық қауіпті үй бар. Онда жалпы 43 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Ескі баспананың көбі Түрксіб ауданында орналасқан. Жалпы саны 580-нен асады. Сол себепті бағдарламаны іске асыруда басымдық дәл осы аймаққа беріледі екен. 


Рекомендовать
Последние новости