Алматы әкімдігі кәсіпкерлер жалға алған бұрынғы балабақша ғимарттарын қайтарып, балабақша жетіспеушілігін шешпекші

Dalanews 02 дек. 2021 16:08 917

Алматыда балабақшада орын жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін қала әкімдігі кәсіпкерлерге жалға берілген бұрынғы балабақшалардың ғимаратын қайтармақшы. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әкім орынбасарының айтуынша, Алматыда мектепке дейінгі мекемелерге қажеттілік бар. Сондықтан, жаңаларын салумен қатар, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің ғимараттарын қала меншігіне қайтару жүргізілуде.

– Бұл ғимараттарды жалға беру мерзімі аяқталғаннан кейін әкімдік жеке кәсіпкерлермен шарттарды ұзартпайды. Кейіннен осы объектілерде мемлекеттік балабақшалар ашылатын болады. Айта кетсек, қазіргі уақытта көптеген нысандар қанағаттанарлықсыз жағдайда, жобалық қуаттылықты арттыру және сейсмикалық күшейту арқылы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оқушылар үшін орын санын 1200-ден 1800-ге дейін арттыру көзделіп отыр, – деді Ілияс Өсеров.

Сондай-ақ, әкім орынбасарының айтуынша, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес Алматы бойынша үш балалар музыкалық мектебін - №1 (хор), Прокофьев атындағы №3 және №11 жеке секторға беру жоспарланған.

Алайда, балаларды мектептен тыс тегін, оның ішінде музыкалық біліммен барынша қамтуға байланысты бұл мектептер жекешелендірілетіндер тізімінен шығарылды.


Бұл ретте жекешелендірілетін объектілер тізбесінен үш стратегиялық кәсіпорынды – «Алматыэлектротранс» ЖШС, «ЭкоАлматы» ЖШС және ШЖҚ «Алматы тазалық» МКК алып тастау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, Алматы темір жол ауруханасының медициналық қызмет бейінін одан әрі сақтай отырып, мемлекеттік меншікте сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осылайша, 2018 жылы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті бұл аурухананы осы компанияға үш жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берді.

2021 жылы сенімгерлік басқару шартымен бірге бұл нысан коммуналдық меншікке қабылданды. Қазіргі кезде сенімгерлік басқару мерзімі аяқталды.

Рекомендовать
Последние новости