Алла Пугачева Қазақстанға аттап баса алмады

Dalanews 25 дек. 2017 06:12 1171

Кеудесіне нан пісе бастаған студентіне журфактың деканы Темірбек Қожакеев: "Толмаған Толстой, болмаған Бальзак!" - деп, бүкіл курстың алдында жекитін еді. Онысы - бірер өлеңі немесе әлдебір мақаласы газетке шығып, танауын таңқита бастаған студентті "тәубәсіне түсіріп" қоюдың амалы еді. Рас, осыдан кейін профессордың сөзі факультет ішінде "перепостқа" кетіп, әлгі "толстой-бальзак" мыстай болатын.

Төреғали да сол сияқты "толмаған Тоқтар, болмаған Бесбаевтың" кебін киген кеуделі "наубайшы" болған-ау, сірә?! Желіде желдей есіп жүрген жазбалар мен бейнесюжеттің әлпеті сондай ойға жетелейді. Әбүйір болғанда, Төрешті қорғаштаған жандәрмен жұртшылық та бар екен...

Бірақ,
қалай болғанда да, Төреғалидың ақсақалды концерттен қуып шығуға қақысы жоқ еді.

Әлдебір наразылығын білдірген ол кісінің жасы мен басы тіптен бөлек әңгіме. Ең бастысы - ол ақсақал - тұтынушы: қалтасынан ақша төлеп, концертке билет алған адам. Төреғали ол адамның залдан шығуын талап ететіндей, оны туған күніне немесе құдалығына шақырған жоқ.

Ол -
қоғамдағы қызмет түрін тұтынушы: шаштаразға, моншаға, тіпті ақылы әжетханаға ақшасын төлеп баратын адам сияқты тұтынушы.

Ал "тұтынушы талабы әрдайым дұрыс" (покупатель - всегда прав) деген жазылмаған қағида бар. Осы тұрғыдан келгенде, тұтынушы сотқа жүгінуге қақылы ("Тұтынушы талабы туралы" ҚР Заңының негізінде). Көпшіліктің көзінше концерттен қуылған, одан соң интернет арқылы абыройы төгілген ақсақалдың "құлағына - алтын сырға"...

Ал бұл скандалдың моральдық жағына келер болсақ, "бесіктен белі шықпаған баланы" әуексіткен кім екен? Қазақтың мыңдаған жылдық тарихынан тағлым алып, оң мен сол түйсігін түгендеп болмаған "боқмұрынды" ұлардай шулап, "ұлы дала баласы" еткен кім? Қазақ радиосының қаптаған тілек айту бағдарламаларынан Төреғалидың әнін тыңдамаса, ішкен асы бойына батпайтын кімдер еді?

Иә, кім екенін іштей сезіп, дымыңыз құрып отыр, ә?! Қазақты сонау Сопотқа әйгілеген Роза - кім, бұл - кім? Димашты айтпай-ақ қоялық... Той әндерімен тайраңдаған Төреш пе, тайраңдатқан басқа ма?

Осы орайда


...Осы орайда арда аруақ Өзбекәлі Жәнібеков ағам есіме түседі. 1980-ші жылдардың басы. Өз-ағаңның ҚазССР мәдениет министрігінде әлде орынбасар, әлде министр болып жүрген кезі (нақты есімде жоқ).
Бірде сол жылдары "Арлекиномен" әлемге аты шыққан Алла Пугачеваның Алматыдағы Ленин атындағы сарайда (қазіргі Республика сарайы), ұмытпасам, екі концерті бір күнде өтті.

Екінші концерттің соңына таман көрермендердің "бис-бис" қошаметі шаршатқан Алла Пугачеваның сахна сыртындағы акустикалық микрофонның қосулы тұрғанын аңдамай: "Оһ, как надоели мне эти бараны!" деген сөзі естіледі. (Дәл осы туралы шағын мақаланы "Вечерняя Алма-Ата" газетінің тігіндісінен тауып алуға болады). Залдың алдыңғы жағы гу етіп барып, бір басылады. Бірақ грузин мен армянға қарағанда "толерантты" қазақ концертті соңына дейін тыңдап қайтады.

Ертеңінде (әлде сол түні) бір "баран" Пугачиханың ол сөзін министрлікке жеткізеді. Өзағаң ҚазТВ-дан (әлде Қазрадиодан) концерттің жазбасын алдырып, Алланың айтқан сөзінен құлағдар болады.
Міне, сол күннен бастап, Алланың Қазақстанға концертпен келу жолы жабылады. Ертеңінде СССР Мәдениет Министрлігі мен КПСС Орталық Комитетінің мәдениет бөлімі бұл жағдайдан хабардар болады.

Содан 1991-ші жылға дейін - Өзбекәлі Жәнібеков ЦК-ның хатшылығынан пенсияға кеткенге дейін, Алла Қазақстанға аттап баса алмады. Союзконцерт" бірлестігінің Қазақстанға гастрольдік бағдарламасынан Пугачева сызылып тасталып отырды. Сызып тастайтын - бағдарламаға келісім беретін ҚазССР мәдениетмині. Ал сызып тастауды қызметтен кеткенінше талап еткен - Өзбекәлі Жәнібеков.

"Ұлтқа қызмет қылу - мінезден" - 
Әлихан Бөкейхан.

Ермұрат БАПИ


Рекомендовать
Последние новости