Әлібек Байбол: "Бізге өткір әлеуметтік мәселе көтеретін пьесалар қажет"

Dalanews 02 окт. 2020 19:15 1051

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы «Топжарғандар – Self Made» айдарының бүгінгі кейіпкері  – жазушы-драматург Әлібек Байбол.




Ол бүгінгі қазақ қоғамына жаңаша көзқараспен қарайды, оның бойында атақ-мансап қуу, шенді-шекпендіге жағынып орден-медаль дәмету секілді ескінің сарқыншағы атымен жоқ.

Бізге мықты биолог, инженерлер жетіспейді


Әлібекпен арадағы әңгіме қызық басталды. Өзі драматург адамның сұхбаттың беташарында бұлай дегені қызық көрінді.  Әлібектен осы ойын тарқатып айтуды сұрадық.

«Әйгілі америкалық биолог Джеймс Уотсон қос спиральді ДНК теориясын анықтағаны үшін Нобельді алғанын білесіздер. Сол Уотсон сыйлықты табыстау сәтіндегі салтанатты жиында: «Америкада биологтар жетіспеді. Алайда біздің ел пен жекелеген азаматтар (меценеттар) биология саласының ақша қойдық. Біздің пайда болуымыз соның нәтижесі...», – деген.

Бізде кенже қалған сала  өте көп. Сол еске түссе, қынжыласың. Ал әдебиетке келгенде, бізде жастар арасынан шыққан библиограф, архивист, текстолог,  нарратолог, фольклорист, әдебиет тарихы мен әдебиет теориясын зерттеп жүрген ғалымдар аз, тіпті жоқ деуге болады.

Көңіл қуантарлығы ІТ саласы жақсы дамып келеді.

Осы ІТ шеберлері мен өнер адамдарының арасында байланыс орнаса деймін. Жапонияда осы байланыс жақсы жолға қойылған.


Бұл елді жаңа пьесаның, не жаңа фильмнің нәсихаты үш-төрт ай бойына ақысыз, тегін негізде зәулім ғимараттардағы алып лед-экрандардан көрсетіледі екен.

Артынан әлгі туындының авторы өнімнің саудалануына байланысты жарнама жасаған компания ақшасын төлейді. Осындайдан үйренген жөн», – дейді Әлібек.

Ол туралы


Сіз білесіз бе? Әлібек ағылшынның әйгілі драмашысы Рэй Кунидың «Смешные деньги» («Туған күн») атты психологиялық пьесасын орысшадан қазақшаға аударған алғашқы қаламгер.

Ол өнердегі алғашқы қадамын прозадан бастады. Түрлі сипаттағы повесть, әңгімесімен оқырман қауымды баурап алды. Өзіне тән жазу стилін тапқаннан кейін драматургия жанрына ауысты.

«Бұл жанрда басы артық сөйлемге, прозадағыдай ұзын-сонар баяндауға жол жоқ. Әр сөз, қайталап айтайын әр сөз әрекетке құрылуы керек. Сол кезде ғана көрерменді театрға тартып, тапжылтпай ұстап отыруға болады».


Жас қаламгердің басты қағидасы - осы. Ол - өзін мазалаған, жанын жегідей жеген өмірдің өзекті мәселелерін сахналауда.

«Ол халықтың мұңы, рухани ахуалдағы жайттар болуы мүмкін.  Көрермен қашанда сахнадан өзін көргісі келеді», – дейді біздің кейіпкер.

Әлібек «Гүлдің аты - махаббат» пьесасы «Тәуелсіздік танытқан таланттар» конкурсында Бас жүлде алды. Ал «Аспани адам» атты шығармасы  Арқалық қаласының жасөспірімдер театрында сахналанды.

Күні кеше «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты ертегісі Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалық драма театрында қойылды.

Қазақ театрына не жетіспейді? 


 «Өткір әлеуметтік мәселені көтеретін пьесалар аз. Сосын тұтастық жоқ, тұтастық. Әркім өз дәуірін айтса, өз дәуірінің мұңы мен мұқтажын түгендесе, елдің болашағы үшін сол әлдеқайда пайдалы болар еді. Өткенді қопарып, өткен іске өкінумен өркениетті ұлттың қатарына қосыла алмаймыз...

Француз мүсіншісі Огюст Рене Роденнің Наполеонға арнап жасаған әйгілі туындысы бар. Роден әлгі мүсінді ұстазына көрсетеді, ойын білгісі келеді. Сонда ұстазы қатты таңқалып, шәкірті жасаған мүсінді шедевр деп бағалаған екен.

Әйткенмен Роденнің бұған көңілі толмайды. Сөйтіп қынабындағы қылышпен Наполеонның алдыға ұмсына созған оң қолын ортасынан шауып тастайды. Сөйтеді де: «Мінекей, бұл мүсін енді ғана тұтастыққа ие болды», – десе керек.  


Скульптура әліге дейін Париждың қақ ортасында тұр. Менің де жан-дүнием Роденмен ұқсас. Тұтастықты ұнатамын. Пьеса бір-бірінен ажырағысыз бөлшектен құралады. Қайсыбір компоненттердің көзге сап ете түскенін қаламаймын. Бір деммен көрілсе, бір деммен оқылса деймін», – дейді біздің кейіпкеріміз.

Драматургиямен баюға бола ма?


 Біз бұл сауалды Әлібекке бекер қойған жоқпыз.

Шыны керек бүгіндері прозашы да, сыншы да, драматург те тапшы. Бәлкім мұның себебі осынау саладағы табыстың төмендігінен шығар.

Нан болмаса, ән бола ма?

«Дәл осы кәсіппен баю мүм­кін емес-ау. Сіздіңше мәселе баюда ма?

Өз басым басқаша ойлаймын.

Біріншіден драматургия кез кел­­генге жалынан сипата бе­ретін жанр емес. Театр саласын зерделеп, осы бағытта қалам сілтеп жүргеніме, мінекей 5-6 жылдың жүзі болыпты.


Драматургия – аса ауыр, машақаты тым көп жанр. Бұдан да бір өлеңнің басын қайырып ақын болғаның немесе әңгіме жазғаның оңайырақ па деймін.

Себебі әр пьесаны кем дегенде 6-7 рет редакциядан өткізесің, туындың режиссер қолына жетіп, сахналанар алдында тағы да күзеп-түзейсің.

Екінші мәселе қазір сөз қуысатын емес, негізінен әрекетке басымдық беру керек, қысқа-нұс­қа жинақылықты қажет ете­тін дәуір. Алайда кейбір аға буын драматургтеріміз осыны қабылдай алмай жатады.

Ұзын-сонар шұба­ланған мәтінді көрермен тыңдап отырмайды, бүгінгі дәуірдің тілі, былайша айтқанда мессенд­жер тілі айналымға енген. Осы жағына келгенде конфликті көп. Конфликті компромиске емес, өштесуге ұласып кететін жағдайлар да бар. Өкінішті...», – дейді Әлібек.


Эксклюзив


 Сұхбаттың соңында Әлібек Байбол бізге әлі еш жерде жарияланбаған «Бокс, бокс, бокс...» атты саңлақ спортшы Бекхат Саттархановқа арналған пьесасының үзіндісін ұсынды.

Бұл шығарма күні кешегі «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған республикалықтың конкурстың «Балаларға арналған ең үздік драма» номинациясы бойынша III орын иеленді.

...

Бекзат. Басты сайыста ұтып шығу спортшыға қандай қасиет қажет?

Ермахан. Алдымен күш керек.

Бекзат. Тағы?

Ермахан. Сол күшті басқаратын ақыл керек.

Бекзат. Тағы?

Ермахан. Абай атамыз айтқандай: «Ыстық қайрат» қажет.

Бекзат. «Ыстық қайрат»?

Ермахан. Иә, ыстық қайрат! Және оған рух пен жігерді қос!

Бекзат. О! Рух пен... жігер! Және жылдамдық пен еңбек!

Ермахан. Дұрыс айтасың! Сен жап-жас болсаң да ақылдысың ғой. саған ризамын.

Бекзат. Бапкер, бапкер! Сонда... сонда... шын мықтының бойында күш, ақыл, қайрат, рух, жігер, жылдамдық пен еңбек болғанда ғана ол Ұлы боксшы атана ала ма?

Ермахан. Бұлар тек боксшыға ғана емес, жалпы адамға қажет, Бекзат!

Бекзат. Енді, бір сұрақ қояйыншы?

Ермахан. Қоя ғой.

Бекзат. Ал, осы қасиеттер менде бар ма?

Ермахан. Әрине, бар! Ондай күмәнға жол берме!

Бекзат. Ұқтым бапкер!

Ермахан. Менің қарсыласым қандай екен?

Ермахан. Оның қолы ұзын... соққыға төзімді... оңайлықпен шаршамайтын жан екен.

Бекзат. Әлсіз жері бар ма екен?

Ермахан. Бар! Ол қорғанысына көп мән бермейді екен. Соны пайдалану керек.

Бекзат. Түсіндім! Мен оны былай-былай алдап тұрамын да сол қолмен «сақ» еткізіп нокаутқа түсіремін. Солай ғой, иә, балалар?

Көрермендер. Иә!

Ермахан. Олай болса ары қарай дайындығыңды жалғастыра бер.

...

Ермахан. Бекзат, ай, Бекзат! Бекзатжан! Қайда кетті екен, а? Бекзатты көрген адам бар ма? Сендер көрдіңдер ме балалар? А?

Көрермендер. Көрдік!

Ермахан. Қайда ол? Қайсы? А, таптым, таптым! Өй, мынау ұйықтап жатыр ғой, а... Бекзат, тұр, тұра ғой! Бүгін финал! Бүгін финал!

Бекзат. Тағы, ұйықтай тұрайыншы.

Ермахан. Қайдағы ұйықтаған? Тұр, тұр.

Бекзат. Сағат қанша болды?

Ермахан. Кешігіп барамыз, кешігіп. Тұр, тұр. Тез, тез.

Бекзат. Қайда, қашан, неге?

Ермахан. Тұр, кешіктік, кешіктік!

Бекзат. Басым-ай... басым...

Ермахан. Атаң, Апаң және бүкіл Алаш жұрты финалдық сайысты тамашалауға жиналды. Ал, сен болсаң мұнда ұйықтап жатырсың...

Бекзат. Қап!

Ермахан. Не болды?

Бекзат. Мені Айлакер алдап-соқты... судың ішіне ұйықтататын дәрі араластырып берді...

Ермахан. Асығайық!

Бекзат. Аға! Түс көрдім! Ұмытып қалмай тұрғанда айтайыншы.

Ермахан. Ал, құлағым сенде!

Бекзат. Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамның кесенесі алдында қарақұрым халық жиылыпты деймін.

Ермахан. Содан?

Бекзат. Содан... Көктен үлкен бір тақ түсіп елдер мені соған отырғызуда екен...

Ермахан. Түс оң болғай! Ғажап екен. Бұл – жақсылықтың нышаны! Ал, қалғанын жолда айтарсың... себебі, уақыт аз... Кеттік, кеттік!

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 

 

Рекомендовать
Последние новости