"Алдыңызда екі таңдау тұр". Көлгінов астаналықтарға үндеу жасады

Dalanews 21 июл. 2021 15:54 816

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қалада эпидемиологиялық жағдайды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Оның айтуынша, коронавирус індетін локдаун, шектеу шараларын енгізу арқылы жеңу мүмкін емес. Бұл шаралар тек COVID-19 инфекциясының таралу көрсеткішін уақытша төмендетеді.

"Пандемияны вакциналау арқылы ғана жеңуге болады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру әрқайсымызға тікелей байланысты. Себебі ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана оқушылар мен студенттер сабағын оффлайн режимде оқи алады, сол сияқты кәсіпорындардың бәрі карантиндік шектеусіз жұмыс істейді. Ең бастысы адам өлімі азаяды. Бұл жай сандар емес, әрқайсысында бір адамның өмірі мен олардың отбасыларының тағдыры тұр!", - деп жазды Көлгінов Instagram парақшасында.

Әкімдік пандемиямен күресте қандай шаралар қабылдап жатыр



  • Мобильді бригадалар санын арттыру. Қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың үйіне баратын 186 бригада бар. Олар науқастардың денсаулығын тексеріп, ПТР алады, сондай-ақ қарым-қатынаста болған азаматтарды тексереді. Бригадалар саны тағы 100 бірлікке көбейтіледі.

  • Медицина мекемелерін барынша жабдықтау. Медицина мекемелерін қажетті аппараттармен жабдықтау жұмыстары биыл жалғасын табады. Мәселен, қосымша жылжымалы рентген аппараттары, пациент мониторлары, перфузорлар және т.б. жеткізілді. Өткен жылдың өзінде медицина мекемелері 1 мыңнан астам флуометрмен, 330-дан астам оттегі концентратымен, 50-ден астам жасанды тыныс алдыру аппаратымен толықтай жабдықталды. Сондай-ақ, КТ аппараттары, цифрлы рентгенографиялық жүйелер, оттегі резервуарлары және т.б. орнатылды.

  • Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры болуға тиіс.

  • Вакциналау қарқынын арттыру. Медицина мекемелерінің бәрінде, сол сияқты ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде вакциналау пункті ашылды. Сонымен қатар, еңбек ұжымдарын вакцинациялау үшін көшпелі бригадалар ұйымдастырылды. Қазір 318 мыңнан астам адам вакцина алды.


Сондай-ақ, санитарлық нормаларды сақтау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.

"Вакциналау – бұл жай ғана таңдау емес. Алдыңызда екі таңдау тұр, вакциналау арқылы толыққанды салауатты өмірді таңдайсыз немесе аурухана төсегіне таңылып, індетпен күресуіңізге тура келеді. Себебі коронавирус адам ағзасын әлсіретіп, денсаулыққа қатты соққы береді. Мұндай қауіпті шақта денсаулығыңызды қатерге тікпеңіз. Вакциналау ғана өзіңізді, жақындарыңызды және айналаңыздағы адамдарды қорғауға мүмкіндік береді!", — деп үндеу жасады елорда әкімі.

Қазір Нұр-Сұлтан "қызыл" аймақта тұр. Коронавирусты жұқтыру көрсеткіші бойынша елорда көш бастап келеді. Соңғы тәулікте елде 5179 адамнан коронавирус табылса, оның 1277-і Нұр-Сұлтанда тіркелді.

 

Рекомендовать
Последние новости