Академия әуепаркі 10 жаңа ұшақпен толықты

Dalanews 25 мар. 2016 00:35 2025

Қазіргі уақытта дамыған, қуатты елді азаматтық авиациясыз елестету мүмкін емес. Азаматтық авиация саласына қажетті мамандар даярлау ісіне қазір мемлекет айрықша қамқорлық танытуда. Бұған жақында Алматыда орналасқан Азаматтық авиация академиясы әуе паркінің су жаңа 10 ұшақпен толыққаны айқын дәлел бола алады.

90-жылдары мұндай күрделі мамандар даярлайтын оқу орындардың материалдық базасын жаңарту – ең өзекті мәселелердің бірі болды. Бірақ еліміздің экономикалық әлеуеті артқалы бұл бағыттағы мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Бұл жайында таяуда жаңа оқу-жаттығу залы мен жаңа ұшақтар паркінің ашылу салтанатында Азаматтық авиация академиясының ректоры Мұхтар Байжұманов былай деп ойын ортаға салды:

Авиация.02

– Бүгінде біздер академия тарихындағы жарқын сәтке куә болып отырмыз. Оқу орын жаңа оқу ұшақтары мен сапалы нұсқаушы құрамы, қазіргі заманға сай заманауи тренажер, халықаралық стандарт бойынша ұшқыштарды дайындайтын жаңа оқу орталығының тұсауын кесіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 100 нақты қадамда 5 институционалды реформаның орындалуы үшін бәсекеге қабілетті  мамандарды дайындауды жетілдіру қажеттілігін, ұшу қауіпсіздігі мен әуетасымалдауды мемлекеттік реттеу тиімділігін жақсартуды ерекше атап өткен еді. Бүгін біз сол алға қойған мақсаттың орындалып отырғанына куә болып отырмыз, – деген болатын.

Елімізде авиация мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны Азаматтық авиация академиясының түлектері 10 италиялық ұшағы мен 2 заманауи Airbus және Boeing тренажерлеріне ие болды. Боралдай аэродромында академия басшылығы 10 италиялық Tecnam маркалы оқу ұшақтарын көпшілікке таныстырды.  Енді академия курсанттары еуропалық мамандар білігін шыңдап жүрген әуекемелерін пайдаланатын болады. Ал жаңа тренажерлер болашақ ұшқыштарға жер мен әуедегі түрлі жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігін үйренуге көмегін тигізбек.

Авиация.05gЕнді болашақ ұшқыштарды бұрынғыдай Еуропа елдеріне жібермей-ақ, өзімізде үйрету мүмкіндігі туып отыр.  Мұндай техникамен жұмыс істеуді талай маман армандаған еді. Бұған дейін академия түлектері Испания, Финляндия немесе Литваға барып машықтанған-ды. Оған қазынаның қыруар қаржысы жұмсалған болатын.

Журналистер қауымына жаңа тренажерлерді таныстырған Азаматтық авиация академиясының бөлім меңгерушісі Бауыржан Көрпешов:

– Тренажерге отырған кезде ұшақта қандай қимыл-қозғалыс болатынын толықтай сезінуге болады. Көтерілгені, құлдилағаны, бұрылғанын – бәрін шынайы өмірдегідей бастан кешесіз. Қалай ұштың, қайда бұрылдың, қандай жылдамдықта жүрдің, биіктігің қанша – осының бәрін карта есептеп береді. Сол бойынша қандай қателік кетті, соны түзеуге қайтадан мүмкіндігі болады, – дейді.

Қазіргі таңда аталмыш оқу орнынан түлеп ұшқан талай түлектер, елімізді айтпаған күнде, дүниежүзінің бірқатар елдерінде әуе кемелерін тізгіндеп, көк аспанда самғап жүр. Жеріміз кең болған сайын әуе саласын дамытудың қаншалықты маңызы зор екенін түсінуге болады. Кең байтақ еліміз шағын авиацияны дамытуға сұранып тұр. Бұл ретте шағын авиация өздігінен құрыла салмайтыны белгілі. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқару қажет.

Авиация.03Соңғы жылдары еліміздің білім және ғылым саласындағы ұйымдастыру мен басқаруда мол тәжірибе жинақтаған іскер азамат Мұхтар Байжұманов келгелі бері академия жаңа қырынан танылып, әлемдік стандарттарға сай маман дайындау саласында ілгерілеу орын алып отырғанын байқау қиын емес. Академия басшылығы студенттерінің Финляндияда біліктілігін шыңдап, білім алуына жағдай жасап отырғанын да айта кетуіміз керек. Дамыған елдердің Азаматтық авиация мектептерінде студент жастардың біліктілігін шыңдау бұрын-соңды болмаған жайт. Бұған дейін мұндай мүмкіндікке әуе тасымалымен айналысатын ірі компаниялардың ғана қолы жетімді еді. Енді Азаматтық авиация академиясы да алғыр жастарын Еуропа төрінде оқытып, азаматтың әуе саласында әлемдік талаптарға жауап беретін мамандар даярлауға күш салып отырмыз. Академия ректоры Мұхтар Қазыбекұлымен тілдескенімізде Елбасының кәсіптік-техникалық маман дайындау саласына көңіл бөлуі азаматтық авиация саласының мамандар даярлау ісіне тың серпіліс бергенін атап өтті.

– Өздеріңіз де білесіздер, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 2013 жылдан бастап заманауи техникалық және инженерлік білім беру жүйесінде халықаралық сертификаттарға ие болған жоғары дәрежелі мамандар даярлауды тапсырған болатын. Бұл бағыт бойынша қазір Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Келешекте Азаматтық авиация академиясының базасында әуе саласына қажетті техникалық мамандарды даярлап, оларға арнайы сертификат береді. Қазір академия тікұшақты тізгіндейтін мамандарды даярлауды қолға алып отыр. Сонымен қатар  әуе кемелеріне қызмет көрсететін білікті техник мамандарды да біздің академияда түлеп шығып, отандық авиацияның өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді, – деді оқу орын басшысы.

Думан Танабасов


Рекомендовать
Последние новости